Аймақтар • 05 Қараша, 2020

Жұрт тілегі ескерілсе...

1527 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жуырда Ақтау қаласында жаңа мешіт салынады екен» деген ақжолтай хабар тарап, ел-жұрт жадырай қуанды. Қуанатыны – Алланың жердегі үйі саналатын қасиетті мешіт құрылысы қай мұсылман үшін де қастерлі, екіншіден, салынатын жаңа мешіт дін абызы, көп дін мен мың сан дүмшелер арасында «біздің жол қайсы?» деп дағдарған бүгінгі ұрпаққа дәстүрлі дініміздің темірқазығын сілтеген Ержан хазіреттің есімін еншілемек.

Жұрт тілегі ескерілсе...

Ал тұрғындар саны күннен-күнге артып, ауқымы үлкейіп келе жатқан Ақ­тау қаласында расында заманауи ме­шіт­тің қажеттігі де тұрғындар көңілінде жүр­ген бір түйткіл болатын. Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімдерінің шешімімен жақсы жерден – Ақтау қала­сының №39 шағын ауданынан жер телімі бөлініп, 2021 жылдың соңында құрылысы аяқталады деп жоспарланған жаңа құл­шы­лық үйінің маңғыстаулықтар аса ілти­патпен есімін «Ержекем» деп атайтын хазіреттің есімін иеленуі өте орынды.

«Алтын қанжар қап түбінде жатпай­ды» дегендей, соңғы жылдары Ержан Төлегенұлының асыл дінімізді ұлықтау, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәде­ниет-руханиятымыздың, жалпы дүние­танымымыз бен мінез-құлық, жүріс-тұрыс, тіршілік-ұстынымыздың түп бас­тауы қайда екенін, кімді үлгі тұтып, нені бас­шылыққа алуымыз қажет екендігін тайға таңба басқандай ап-анық етіп көрсетіп берген қос қолжазбасының табылуы, олардың, яғни «Иманшарт» пен «Өсиетнаманың» қазақ тіліне ауда­рылып, «Өсиетнама» («Ұрпаққа аманат») атауымен басылуы қазақ қана емес, ханафи мазхабы, матруди ақидасын ұстаным еткен дін мұсылман баласына дәстүрлі діннің даңғылын қайта тануына негіз болды. Сондай-ақ хазірет туралы Маңғыстау облысында және айтулы ғалымдар мен дінтанушылардың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференциялардың өткізілуі Ержан Төлегенұлының еңбегін тануға, зерделеп-зерттеуге бас­тама болды, хазіреттің қолжазбалары халық арасында  рухани-мәдени тұрғыда, діни-шариғи тұрғыда зор жаңалық, маңызды рухани құндылық ретінде қабылданды. Еліміздің белгілі дінтанушы ғалымдары Ержан хазіретті «дәс­түрлі дінімізді болашақ буынға аманат етіп қалдырған соңғы тұл­ғалардың бірі» деп бағалап, хазі­реттің қос қолжазбасын «қазіргі қоғамның рухани сұраныстарын қанағаттандыруда маңызға ие» дей келіп, «Ержан Төлегенұлы сынды тұлғалардың еңбектерін жинақтау және жариялауды жүзеге асыру қазір­гі қазақ қоғамының рухани сұра­ныс­тарын қанағаттандыруға, рухани тарихымызға құрмет сезімін қа­лыптастыруға, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтуға, сол арқылы жат діни идеологияға қарсы тұру қабілетін күшейтуге мүмкіндік береді», деп ашып айтты.

Ал сол кездегі еліміздің Бас мүф­тиі Серікбай қажы Ораз «бұл кі­тап­тар бізге біздің қандай мек­теп­ті ұстанғанымызды, ата-баба­ларымыздың жолын көрсетуімен ерекшеленеді. Кітапта қазаққа, діндес бауырға беретін жеткілікті ілім, насихат бар. Ержан хазіреттің еңбегі – біз үшін тазалық жолының, ата-бабамыздан келе жатқан тасаввуф жолының таза, саф қалпын сақтауымен және оны бізге қаз-қалпында ұсынуымен құнды» деп, кітапты жамағатты бірізділікке алып келетін бағдаршамға балаған болатын. Кейіннен дәстүрлі дінге сусаған жамағаттың көңіл-гүлзары Ержан хазіреттің ілім бұлағының тереңінен сыр шертіп, тақуалыққа жетелейтін «Ілімнің бұлағы – тақулық қайнары» кітабымен қаныға түсті. Араб тілінен аударылған 82 беттік қолжазбада өмірдің мәні, дүние есігін ашқан сәттен, яғни талбесіктен жербесікке дейінгі аралықтағы мұсылман баласына қажетті өмір сүру дағдылары, рухани, діни-шариғи ұстаным-қажеттіліктер терең ғылыммен, терең философия­мен баяндалған. Бойын таза ұстап, аузынан артық-ауыс сөз шықпаған пірәдар, ел-жұртының қамқоршы абызы, дін өкілі ретінде бір емес бірнеше рет сотталса да жасымай, Хақтың дінін өмірінің соңына дейін жоғары ұстап өткен, бірнеше тіл біліп, математика, геогафия сынды жаратылыс­тану ғылымдарының жүйрігі атанған Ержан Төлегенұлының есімі мен еңбегі ел арасында ғана емес, Иран, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдерде зор құрметпен аталады. Ақтауда салынатын жаңа мешіттің Ержекем есімімен аталуына жұртшылықтың қуануының себебі де осы болатын және хазірет ата оған лайықты да!

Аймақ басшысы С.Трұмов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қаты­суымен алғашқы іргетасы қаланған мешіт теңіз жағасындағы көрікті қала, келешегін туристік әлеуетімен байланыстырып, қала кел­бетіне мән бере бастаған Ақтаудағы көрікті, еңселі нысандардың бірі болуы керек. Бұл – халық талабы. Өйткені 712 мыңнан астам халқы бар облыста халық санының 27,9 %-ын құрайтын, яғни 200 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтаудағы Бекет ата атындағы облыстық мешіт бүгінде қатары артқан қалың жамағат тасқынына таршылық етіп келеді. Жұма намазы, қадір түні секілді жамағат көп жиналатын діни рәсімдер кезінде 4000 адам мешіт ішінде отырса, 5000 адам мешіт сыртына жайғасады. Кезінде «ойбай, осыншалықты зәулім мешітті толтырып кім келер дейсің?» деген қорқыныш басым болды ма, кім білген, бүгінде етек-жеңі кеңге жа­йылып, аумағы ұлғая түскен қаланың қақ ортасында орналасқан мешіт­тің іші жамағатқа, сырты сан-сапат көлікке тарлық етуде. Ал шама­мен 300 орынға лайықталған Бекет ата атындағы қалалық мешіттің де ахуалы осы қалыпта екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Ақтауда өлі­лер рухына, тірілер үшін сауап ретінде берілетін ас-садақаларды өткізетін жөні түзу орын да жоқ – түнімен ішімдік ішіліп, ойын-сауық ұйымдастырылып, көңіл көтерудің көзді байлайтын небір қызылды-жасылды әрекеттері орын алатын мейрамханаларда ертесіне күңіренте Құран сүрелерін оқып, садақа беру, кеште тағы той-томалақтың табаны астында қалу жарасымды емес екені белгілі. Бұл да халық көкейінде көптен жүрген, бірақ шешімін таппай келе жатқан мәселе.

Алайда іргетасы қаланған мешіт­тің ұсынылған жобасы көпші­ліктің көңілінен шықпауда, сол себепті еңселі мешітті керек еткен ақтаулықтардың көңілі алаңдаулы. Дін мен мешіттің, Ержан хазірет сынды тақуа дін ғұламасының қадірін білетін әулиелі мекен тұрғындарының көкейінде көптен күткен жаңа мешіт­тің де сыйымдылығы аз, сәулеті де сүйсі­нерлік болмай шыға ма деген күдік бар. Заманауи үлгіде салынған көрнекті мешіт – дінге деген құрмет, қаланың сәні, ұрпаққа қуаныш. Сондықтан маң­ғыс­таулықтар дүйім жұртқа қадір-қасиетімен дараланған діни ағартушы ұстаз, ғұлама тұлға Ержан Төлегенұлы атымен аталатын жаңа мешіттің сыртынан көрікті, ішінен мазмұнды-тағы­лымды болғанын қалайды. Мешіт іші­нен медресе, ғылыми жиындар өткі­зетін залдар, ас-садақа өткізетін арнайы орындар салынып, жаңа мешіт «атына заты сай», елдің рухын көтеретін нысан болса дейді. «Көп түкірсе – көл» демекші сауапты істен сырт қалмай­тын ағайын қаражат мәселесіне де өзі көмектесетіні анық. Сондай-ақ Ержан хазіреттің өмірін, мұраларын зерт­теумен, насихаттаумен тұрақты айналысып, біраз ізгі шаралардың атқарылуына мұрындық болған «Ержан хазірет» қоғамдық қорының бұл бағыттағы жұмыстарымен, жобаларымен таныса отырып, бірлесе іс атқарса және ізгілікті істі атқарар алдында халық ұсыныстары, талап-тілегі ескерілсе, «кеңесіп пішкен тон­ның келте болмайтыны» белгілі.

Сонымен тұрғындар Ақтауда жаңа құлшылық үйінің салынатынын естіп қуануда. Жаңа мешіт өңірдегі қалың жамағаттың, мүмін мұсылманның үмітін ақтап, көңілдегідей көрікті, ел күткендей еңселі бола ма? Кезінде көрікті мешіт салуға заман ағымы – жоқшылық пен биліктің дінге деген солақай саясаты мүмкіндік бермеген бабаларымыздың бір бөлмелі құжыраларда мешіт жасап, діни құлшылығын өтегені, шәкірт тәрбиелеп, әптиек үйреткені мәлім. Сонымен қатар мұсылман елдеріндегі көне дәуірлерде сәулет өнері жетістіктерімен салынып, безендірілген, көркі әлі де көз тартып, ғасырлар бойы міні құрамаған, ірі рухани орталықтарға айналған мешіттерді де білеміз. Яғни мешіттің көрікті, жамағаттың құлшылық жасауына жан-жақты қолайлы болуы қай кезде де, қай ғасырда да бас­ты назарда болған. Тәуелсіздік алып, бабаларға арман болған мешіт салу мүмкіндігі туындағанын ескерсек, Ақтауда маңдайына «мешіт» деп жазы­лып, төбесіне мұнара қойылған жатаған сарай емес, заман талабына сай еңселі, зәулім мешіт құрылысының салынатын уақыты расында келген... Біздің асыл дініміз, қастерлі мешітіміз қандай құрметке де лайық және оған Маңғыстаудың мүмкіндігі мол!

 

Маңғыстау облысы