Руханият • 05 Қараша, 2020

Тіл ек

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қашан көрсең де қиялына қанат бітіріп, қисайғаннан қисын іздеп, түзелгенге түйсік түзіп, жалғанның жұмбағын жалғыз шешкісі келіп жүретін бір пәлсапашы таныстың қарап жүрмей, лингвистикаға да әуестігі ауғаны бар еді. Бір күні жерден жеті қоян тапқандай қуанышты жүзбен «жүрек» пен «сүйек» сөздерінің түбірін тапқанын айтты.

Тіл ек

Оның болжамы бойынша  «жүрек»  жүріп егу, «сүйек» сүйіп егу деген екі түбірдің бірігуі арқылы ортақ ұғым қалыптастырған біріккен сөздер. Яки көшпелі қазақ жүрген сайын жан-жағына, ізгілік пен сыйластықты егіп жүретіндіктен, ең қадірлі мүшені жүрек деп атаған, ал ұлтымыздың бойындағы ұрпағын сүйіп, өсиетін егетін ежелгі қасиетінің құрметіне сүйек сөзі қалыптасқан.  Мейлі дейік, төрелігін тіл мамандары бере жатар. Бірақ кей кезде қиялдың да қисыны болады. Егер осы болжамға бой алдырсақ, «тілек» сөзі де тілді егуді, өсіріп-өндіруді, өркендетуге тілекші болатын ұғымға саяр еді.

Иә, тіл – тірі ағза. Оған да тілекші, тірекші, қамқоршы керек. Тіл мәуесін жаю үшін мәпелеу керек, тұнық су, құнарлы топырақ қажет. Ал тілдің басты тілекшісі – халық. Өсіретін де, өшіретін де, көшіретін де – сол тілді тұтынатын қалың әлеумет. Алыстан жау іздемей-ақ, ана тілімде сөйлеу, арым, намысым, парызым, қарызым, елдігім, егемендігім деп ұққан ұлттың тілі де өміршең, өршіл болмақ. Айтпақшы, елдік, мемлекеттілік деген ұғым – шегенделген шекара, саптағы сарбаз, тұғырлы ту, әуелеген әнұран, ен-таңбалы елтаңбамен қатар тірегі нық тілімен де өлшенетіні ақиқат. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды».

Қазіргі уақытта қазақ тілінің бүкіл халық қолданатын ұлтаралық мәртебеге ие бо­луына ықпал ететін бірден-бір құрал –  қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру шаралары екені белгілі. Бұл – стратегиялық реформа. Бірақ бұл реформаны іске асырғанда, мем­лекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағы­тында теңқатар жүретін тегеурінді қадамдар да қажет етілетінін ескеруіміз керек. Ол  мемле­кеттік тіл мәртебесiнiң одан әрі үстем болуын қарастыратын нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануын немесе қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етпек. Сонда ғана егер қазақ мектептері латын әліпбиіне көшсе, балаларымызды орыс мектебіне береміз деп байбалам салушы ата-аналардың да қатары азаймақ.

Жалпы алғанда, бастапқыда үлкен серпі­ліс­пен, ерекше ықыласпен қабылданған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісінің біршама баяулап қалғанын байқаған жұртшылық  басқаша байлам жасай бастағаны да түсінікті. Бірақ бұл әліпбиді қайта реттеу­ге байланысты жасалған тайм-аут екенін түсінуіміз керек.

Біздің ойымызша, болашақта латыннегізді әліпбиіге көшу ісінде жалпыұлттық бағыттағы идеологиялық база берудің тетіктерін анықтау керек. Мысалы, ХХ ғасырдың басында Түркия латын әліпбиіне көшкенде, араб графикасымен жазу исламның каноны бола тұрса да, мешіттерде латынның пайдасы туралы уағыздар жүргізілген. Бұл стратегиялық шараны идеологиялық месседж деңгейіне көтеріп, халық көп тартылатын рухани-мәдени орталарда насихат шараларын жандандырып, оған қоғамдық институттардың белсенділігін қамтамасыз етуге күш салынған. Келешекте бізде де латындандыруды үлкен ұлттық идеямен байлаулы түрде, яғни мықты идеологиялық месседжімен жүзеге асыру қажеттігі тумақ. Мәселен, бұл тек қана әліпби ауыстыру емес, ұлтты, мемлекетті нығайту, ұлттың, мемлекеттің іргесін бекіту, жаңа әліпбимен жаңа өмірге бастау алу, алыс болашақта емес, осы жақын болашақта жемісін көретін, креативті жазу иесі болу, жаңа креативті сана қалыптастыру деген месседждер барлық осы реформа операторлары мен менеджерлерінің насихаттайтын ісіне айналуға тиіс.

Алдағы уақытта  қоғамның негізгі қозғаушы күші саналатын  экономикалық және қаржы секторының коммуникациялық кеңістігі, ұлттық компаниялар және жалпы бизнес қауымдастығы бұл реформаның маңызынан шет қалып қоймағаны абзал.  Бұған қоса, егер реформа ертерек жемісін берсін десек, медиа кеңістікті, оның ішінде телебағдарламалардың аттары мен субтитрлерді, республикалық газеттердің мақала тақырыптарын латынмен беруді қайта қолға алып, республика бойынша визуалды графикалық кеңістікті латындандыруға, мекеме, көше, дүкендер атау­лары, көрнекі ақпараттар, маңдайшалар мен жарнамалық билбордттарды, тауар аттарын, затбелгілерді қазақ тілінде латынмен жазуды талап ететін механизмдер мен нормативтерді енгізуге мейлінше жол ашу керек. Сонда ғана бұл реформа қазақ тілінің қанат жаюының, яки ұлтаралық тілге айналуының катализаторына айналады деп ойлаймыз.

Сөзіміздің соңын ел болып тілімізді егейік деген тілекпен түйіндесек.