22 Қараша, 2013

Қалыптан таю – қасірет

418 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ERA 6284Қатыгездік пен безбүйректік қай кезде де қоғам үшін басты қауіп саналған

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында белгілі қаламгер Әкім Таразидің «Люстра» пьесасы негізінде режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Үкілі жұлдыз» атты фарс-трагедияның премьерасы өтті.

 

Қатыгездік пен безбүйректік қай кезде де қоғам үшін басты қауіп саналған

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында белгілі қаламгер Әкім Таразидің «Люстра» пьесасы негізінде режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Үкілі жұлдыз» атты фарс-трагедияның премьерасы өтті.

ERA 6284

Қойылым бүгінгі күн үшін, қоғам үшін өте құнды, өте маңызды деп қабылдауымыздың себебі бар. Өмірдің күнделікті күйбең тірлігі көп нәрсені ұмыттырып жіберіп жатады. Мысал үшін айтатын болсақ, қазақта бұрын-соңды ата-анасын Қарттар үйіне тапсыру, тастанды бала деген сияқты жан түршіктірер оқиғалар болып па еді. Қазір ана жерде әкесі баласын сотқа беріпті, мына жерде анасы қызымен дүние бөлісе алмай жанжалдасып жатыр екен, болмаса өзінің туған баласына өзі қол жұмсапты деген сияқты сұмдық оқиғаларды құлағымыз шалса, таңғалмайтын, қара көзден тамшы ақпайтын қара тасқа айналып бара жатқан сияқтымыз. Адам ауырса дәрі ішіп, емделетін жол іздер болар. Ал қоғам ауырса не ішеді? Қатыгездік, енжарлық, безбүйректік дертін жазатын дәрі бар ма мына өмірде? Елордалық театр­да сахналанған қойылым жалыны азайып әлсіздене бастаған сол сезімге шоқ тас­тайды. Аздап шоғы бар, бірақ қалғып кеткен кеуделерді түртіп оятады. Қалың қазақтың қамы үшін қайғырған жанның жанайғайымен жымдасып, жолына шуақ болып шашылады.

Екіншіден, спектакльдегі Ай-апаның немересін сомдаған Жанат Оспановтың бүгінгі замандастарының бойындағы безбүйректікті айнытпай салып беретін жері көпке дейін көңіл көгінен көшпей тұрып алады. Сезіктеніп селт етесің. Үйленіп, отау құратын қуанышына жүрегі жарыла жаздаған Ай-апа ол үшін бүкіл өмірін қия салуға дайын. Ет-жүрегі елжіреген ана байғұстың ұлы махаббаты енжарлық пен салғырттықтың, мейірімсіздік пен безбүйректіктің ызға­­­рына шалдығып, аялаған арман гүлі тапталады. Көрермен үшін көркемдүниелік бейне болып есептелгенмен, шығармашылық иелері арасындағы дәл осы тағдырлас қаншама жандардың жария етіле бермес ішкі мұңы мен шері сезіледі одан. Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың тілімен айтқанда, қандай қорқынышты тип өсіп келе жатыр. Джиптің кілтін алғаны үшін ғана ол қазақ ұлтының салтын сыйлайды екен. Ал егер шетелдік машина мінбесе, мұндайлардың қазақ халқына, әдеп-салтына түкіргені бар.

«Айтты не, айтпады не?» деген бір ауыз сөзді кейіпкер аузына салу арқылы автор қоғам трагедиясын, адамгершілік пен ар-ожданнан жұрдай тасбауыр буынды бұрмалаусыз суреттейді. Санасын тек дүние мен ақшаның, атақ пен мансаптың құрты кеу­леп жеп қойған, тамырсыз өскен көрсоқыр пенделер жайлаған қоғамның ертеңі қандай болмақ деген мұның астарында үлкен қауіп жатыр. Ай-апа қайда барып тұрады, бір бөлмелі пәтерге көше ме, Қарттар үйіне барып бас сауғалай ма, немересі үшін бәрібір, ол оған бес бөлмелі пәтердің кілтін тапсыруы тиіс. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қынжыламын» деген сөз осындай қасіретке душар болған бейбақ жандардың аузынан шықса керек. Спектакльдің шарықтау шегінде қазақы мінезден ада келіні Ри бейнесі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербектің шынайы сомдауында қартын қадірлей білмеген, қарақан басын ғана күйттеп, қазақтың салт-дәстүріне ескіліктің қалдығы деп қараған талай қайырымсыз жанның қалыбын қанық бояу­мен жеткізеді.

Осы ойды режиссер Әлімбек Ораз­бе­ковтің өзі: «Адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, адамгершілік, жоғалып бара жатқан мейірім, достықтың тек қарызға ғана жасалатыны, бүгінгі заман жастарының өте салқынқанды, көбіне ақша, атақ қуып кеткен кейпі, аяушылық сезімнен жұрдайлығы, бәрі түгел қазіргі күннің шындығымен ұштасып жатыр. Шығарманың осы жағына қызықтым. Жақсы мен жаман, ақ пен қара мәңгі айқас болғандықтан, адам баласы жүрген жерде бұл мәселе мәңгі қозғала береді. Мұнда жап-жақсы өзін аяққа тұрғызған анасын кеудесінен теуіп кеткен безбүйректер түйреледі. Қазаққа тән ашықтық, бауырмалдық сияқты көп құндылығымыз жоғалып бара жатқан жоқ па? Сол құндылықтың қайнарына жұртты қайтару мақсатымыз. Тек қана өзім болсам, өзім толсам дейтін өзімшілдік өктемдік құрған қоғамның денесін дерт жайлай берсе қатерлі ісікке айналады. Осы мәселелерді көтерген Әкім ағаның бұл шығармасы осы сияқты көптеген сауалдарға жауап беріп тұр. Биыл оған қоса аға сексеннің сеңгіріне толып отыр. Осы мерейлі тойына бұл спектакль әрі лайықты тарту болмақ», – деп толықтырды.

Жазушы-драматург Әкім Таразиді әңгімеге тартқанымызда: «Маған әртіс­тердің ойнауы ұнады. Қойылым мен, өзім ойлағанымдай болды. Режиссер Әлімбек Оразбеков өте ойлы, жақсы дүниені тарту етіп отыр. Оған қоса жас театр­ға жас директор келіп жатыр екен. Шығармашылық ұжымның мұнан кейінгі жұмыстарына да табыс тілеймін», – деді.

«Үкілі жұлдыз» атты траги-фарсты тапжылмай тамашалаған халықтың көңіл күйінен жаңа спектакльді оң қабақпен қарсы алғаны айқын сезіліп тұрды. Қашанда тың туындының тұсаукесерінде байсалды байламға бай театр сыншысы Әшірбек Сығайды журналист қауымның қаумалап ортаға алатын әдеті. Шығарманың ыстық табы басылмай тұрғанда көкейдегі көркем ойдың қанаты талмай самғар екен. Көмейінен көрікті ой көл-көсір төгілген қызыл тілдің шешені спектакльге кәсіби тұрғыда баға беріп, біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетіп тастады. «Траги-фарс – ұстараның жүзінде ойналатын өте қиын жанр» дей келіп, жалпы трагедияны ойнау аса бір реалистік шындықты, шынайылықты талап ететінін, мұнда тағдырлар тартысы, ой мен идеялардың тартысы, сөз, тіл тартысы, ең бастысы өмір туралы толғаныс басымырақ келетінін атап өтті. Міне, осы жанрды талап деңгейінен тайқытып алмай әртістердің өте үлкен шеберлікпен орындап шыққанына, әсіресе, Ай рөліндегі Бақыт Исабекова, сол сияқты, Би рө­ліндегі Күлия Қожахметованың екеу­ара дуэті ғажап шеберлікке құрылғанына сүйсінді. «Екі актриса да жанрды сезініп ойнайды, мұнда бір қиыны – басы бүтін не комедияға, не трагедияға бір жақты кетіп қалуға болмайды. Жіңішке сымның үстінде жүрген даршы сияқты екі жанрдың да тізгінін қолдан шығарып алмауға тиіс, шынайылықты, шеберлікті қажет ететін сондай бір күрделі жанр. Мұнда актерлік ансамбль, актерлік ойын басым. Таза актерлік спектакль дегеніміз осы. Режиссердің өзінің алдына қойған мақсаты – ең басты акцентті актерлердің орындаушылық шеберлігіне о баста лайықтаған, есептеген. Сондықтан да спектакльдегі бірлік, мазмұн, пішін, барлығы бас қосып, аса бір қызғылықты, біздің қазақ сахнасында көп көріне бермейтін көркем дүние түзген» деді.

Режиссерлік қиял-қарымның сахналық туындыларда бұрын-соңды көп көзіміз шалмаған өте әсерлі кейіпкер арқылы көрерменді өзінен бір елі ажыратпай қатар ілестіріп отыруы өте құптарлық. Бұл – Айман Карпсейітова сомдаған Мимнің бейнесі. Сахна шымылдығы түгел түрілмей тұрғанда жалғыз қолға жарық түсіп, спектакль ә дегеннен-ақ қызғылықты көрінісімен баурап әкетеді. Мим әрекетімен басталған сарын осы кейіпкердің түйін сөзімен аяқталады. Мұны бір әріптесіміз мас­ка десе, енді біреуге ол әртістердің періштесі, біреуге театрдың киесі болып түйілуі тегін емес. Демек, режиссер бұл жерде қатып қалған идея ұсынып отырған жоқ. Көрермен қиялына да арагідік ерік беретін элементтерді әсірелеп қосуға барынша тәуекел еткен. Пластикалық қимылдар көмегімен сөз, ой бере алмайтын өрнектерді өте жеңіл жеткізе білу таза режиссерлік ізденістің ғана жемісі екендігі даусыз. «Меніңше ол авторлық ремарка, – деді Ә.Сығай. – Режиссерлік ремарка бос қалған қайсыбір паузаларды толтырып, толықтырып, жақсыға қуанып, жаманға ренжіп, рең-пішінімен ажары мың құбылады. Масканың өзі қайсыбір заттарға келгенде, өмірде бола беретін қатыгездіктерге соншалықты шыдамсыздық көрсетеді екен. Жалпы мұндай ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас әдебиетте, өнер әдебиетінде баяғыдан келе жатқан тақырып. Сонау Шекспирден бастап, Чехов, Тургенов, Тахауи Ахтанов, Оралхан Бөкейлер де, бүгінгі Дулат Исабековтер де бұл проблеманы өздерінің деңгейіне қарай әркез көтеріп отырған. Әке мен бала арасындағы проблеманы мәңгілік деуіміз сондықтан».

Ал Ай-апа мен Би-апаның үкілі тақия­­­­ны жас өнерпаз қыздың, болашақ өнер жұлдызының басына кигізген кездегі көрер­мен қошеметі көп жайтты аңғартып тұр­ды. Үкілі тақия бір жағынан алдыңғы буын актерлердің кейінгі ізбасарларына деген сенімі, аманаты, сыйы сияқты болып көрінсе, екінші жағынан ұрпақтан-ұрпаққа кететұғын өнер жалғастығын астарлап ұғын­дырған деталь болды. Үкілі домбыра, үкілі тақия, үкілі бесік, үкілі үміт. Үкі – қазақ үшін өте киелі нәрсе. Қазақ сахнасын өзге театр­дан ерекшелендіріп тұратын мұн­дай халық­тық қалыптар қашанда қай шығар­ма­ның болсын қазығы болып қала бергені дұрыс.

«Өзім маман ретінде Әкім Таразидің драматургиялық шығармаларына көп көңіл бөліп, ол туралы біраз қалам сілтеген адаммын. Таяуда ғана Жанат Хаджиев «Жақсы кісіні» Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына шығарды. Маған қойылым ұнады. Жинақылығымен, соншалық бір өзінің тастүйін оқиғалар тізбегімен. Сосын кісі зеріктірмейді, қысқа да нұсқа. Жалпы, Әкім Тарази көпіріп көп сөйлемейді. Ылғи да қысқа қайырады, мына спектакльден де байқап отырсаңыз, қысқа сөйлейді, негізгі күшті әрекетке ойыстырады, актерлердің ойнауына, әрекеттенуіне автор ретінде мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, бізде көп авторлар актердің, режиссердің алдына түсіп алып, телегей теңіз сөйлеп тас­тайды, кілең құрмалас сөйлемдер, аяғына шыққан кезде басын ұмытып жатасың. Сахнада ұзақ сөйлемнің, көп сөйлеудің қажеті жоқ, сахна – бәрінен бұрын әрекет орны. Тартыс, әрекет, айқас, ішкі арбасу, егесу міне, осы мәселелерді біздің қазақ драматургиясы әлі толық меңгере алмай келе жатыр. Ә.Таразидің осы жағынан заманауилығы өзінің әріптестерінен оқ бойы озық тұратын сияқты. Қай пьесасын алып қараңыз, кейіпкерлері қысқа ғана тіл қатысады. Ал бірақ орасан философиялық астар, айтайын деген ой, екінші, үшінші, төртінші планда қозғалар өте бір өмірге етене зәру мәселелер көтеріліп жатады. Мына пьесаның кез келген жерінде әлденені тұспалдау, астарлау арқылы көп нүктемен сөйлейді. Ал көп нүктенің ар жағы қашанда көрермен үшін қызық. Әртістер үшін тіптен қызық. Өйткені, сондағы ашылмай қалған сөздің астарын ары қарай құбылтсам деген бір ынтызарлық жатады. Көрерменмен байланысқа түссем деген бір ынтықтық пайда болады. Міне, осылай табындырып, тамсандырып тартып отыру драматург Әкім Таразидің негізгі табысы. Көп қойылмадым деп абыржымайтын да адам, көп қойылдым деп тасынбайтын да адам. Өзі сол байсалды қалпында, өзінің оң жамбасына келген проблемаларды пьеса тілінде сөйлетіп, Қазақстан театрларының репертуарлық жағынан көзге түсуіне бірден-бір мұрындық болып келе жатқан қайраткер қаламгер ағаларымыздың бірі» деген Ә.Сығай түйіндеуінен кейін көп нәрсе ойлап қосып жатудың өзі артық сияқты. Түрлі-түрлі күйге бөленесіз. Ойланасыз. Мұңаясыз. Күлесіз. Жанарыңызға жас үйіріледі. Өмір болған соң бәрі де болады...

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар