16 Сәуір, 2010

ФРАНЦИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Парламенті  Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Астанаға келген Франция Сенаты жанындағы Қаржы комитетінің басшысы Жан Артюс бастаған Франция Сенаты делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қ.Тоқаев еліміздің Еуропадағы жетекші әріптесі ретінде қарастырылатын Франциямен қатынасының қар­қын­ды дамуын атап өтіп, жоғары деңгейдегі Қазақстан-Франция бай­ланыстарының қорытындыларын жоғары бағалады. Ол, сонымен қатар, Франция тарапына Қазақ­станның  ЕҚЫҰ төрағалық ету жолы мен үстіміздегі жылы Ұйым­ның  Саммитін өткізуге қатысты қа­зақстандық бастаманы қолдау­лары үшін алғыс білдірді. Франция парламенттік деле­га­циясының басшысы Жан Артюс өз кезегінде еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық жетістіктері мен ха­лық­аралық аренадағы Қазақстан және оның лидерінің жетекші рөлін жоғары бағалап, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жемісті бо­латындығына нық сенім білдірді. Бірқатар халықаралық мәселе­лер төңірегінде мүдделі пікір ал­ма­сулар болды. Қазақстан Сенатының басшысы Қырғызстанда қалыптас­қан күрделі жағдайға алаңдаушы­лық білдіріп, әлемдегі жетекші ел­дер көшбасшылары мен халықара­лық ұйымдардың басшылары осы елде қалыптасқан  жағдайды реттеу үмітін тәжірибелі әрі беделді сая­сат­кер ретінде Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаевтың атымен бай­ланыстырып отырғандарын жет­кізді. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ тарапынан жүзеге асырылып жатқан ша­ралар туралы айта келіп, Ұйымның Іс ба­сындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғызстанға өз өкілін, Парламент Мәжілісі Төр­аға­сының орынбасары Жәнібек Кә­ріб­жановты жібергендігін және ол миссияның жемісті болатындығына сенімін білдірді. Иран мәселесіне тоқтала келіп, Қ.Тоқаев ахуалдың әлі де толық ше­шім таппай отырғандығын мә­лім­деді және Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың Вашингтондағы Жаһандық саммитте “атом энер­гия­сын бейбіт мақсатта пайдалану және оны дамытуға қатысты МАГАТЭ-нің талаптарын толықтай орындау негізінде барлық мем­ле­кеттердің заңды әрі ажырамас құ­қық­тары бар”, деген пікірін жет­кізді. Ол сондай-ақ аталған мәсе­лені күш қолдану арқылы шешуге болмайтындығын атап көрсетті. Кездесу соңында Қ.Тоқаев фран­ция парламентшілеріне таяуда Алма­тыда өтетін парламентші­лер­дің транс­азиялық жиынына бел­сен­ді қатысу ниеті үшін ризашылығын білдірді.