Спорт • 05 Қараша, 2020

«Барыс» плей-офф кезеңіне шыға ала ма?

276 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) алдыңғы жылғы және былтырғы маусымын сәтті өткізіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген елорданың «Барысы» биылғы біріншілікте сүреңсіз ойын көрсетуде. 2019/2020 жылғы маусымның Шығыс конференциясында екі мәрте екінші орынды иеленген жерлестеріміз плей-офф кезеңінде де жарқын ойындармен көзге түскен-ді.

 

«Барыс» плей-офф кезеңіне шыға ала ма?

Мәселен, былтыр Гагарин кубогы жолындағы бәсе­кеде алғашқы кезеңде Магни­тогор­скі­нің «Металлург» клубын 4:1 есебімен жеңіп, жарыс жолынан шығарып жіберген-ді. Екінші айналымда Сібірдің «Сибирь» командасымен бақ сынауы керек болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл жарыстар тоқтатылып, ҚХЛ тарихында бірінші рет жеңімпаз команда анықталған жоқ.

Өкінішке қарай, биыл «Барыс­тан» былтырғыдай қар­қын­ды байқай алмай отырмыз. Жерлестеріміздің биылғы турнир кестесінде жоғары орыннан көрінуі былай тұрсын, тіпті үздік 8 клубтың қатарына іліне алмай қалама деген күдік басым болып тұр. Бірақ сол күдікті «Барыстың» кейінгі екі жеңісі аз болса да сейілткендей. Әйтпесе жеңілістен көз ашпай келе жатқан команда өз ойынын енді тапқандай. Елордада өткен алғашқы бәсекеде «Барыс» Қытайдың «Куньлунь» коман­дасынан 2:1 есебімен басым түссе, кейіннен Риганың «Ди­намо­сының» қақпасына жауап­сыз үш шайба соқты.

Биылғы маусымның сәтсіз­дігіне мамандар әртүрлі болжам жасап жатыр. Мәселен, бірі былтыр команданы өрге сүйреген бірқатар хоккейшінің командадан кеткені және олардың орнын басатын лайықты ойыншыларды алмағанның зардабын тартып жатыр дейді. Тіпті экс-бас бапкер Андрей Скабелканың да командадан кетуі «Барыстың» ойынына кері әсерін тигізгені де жанкүйерлер арасында айтылуда. Сондай-ақ кей мамандар пандемияға байланысты команданың дайындығы аз болғанын да алға тартып жатыр.

Маусым басталғалы бері «Барыс» Шығыс конференциясында бүгінге дейін 18 кездесу өткізіп үлгерді. Қазіргі кезде 20 ұпаймен 10-орында келе жатыр. Юрий Михайлис шәкірт­тері оның ішінде 9 матчты өз айдынында өткізген, 9 ойында қонаққа барған. Қазақстан командасы осы аралықта қарсылас қақпасына 41 шайба соғып, өз қақпасына 46 шайба өткізіп ал­ған. Әрине, салыстырмалы түр­де алып қарайтын болсақ, бұл жақсы нәтиже емес. Шайба соғу көрсеткіші бойынша орташа есеппен әр ойынға 2 шайба­дан келеді. Елордадағы 9 ойында қарсыластар қақпасын 22 рет нысанаға алса ( бір ойында – 2,44), өздері 23 гол (2,55) жіберген. Сырттағы матчтарында шабуылшылардың да, қор­ғау­шылардың да нәтижелері көңіл көншітпейді. 9 ойында 19 шайба соғып (1,1), өздері 23 шайба (2,55) өткізіп алған.

27 жастағы қорғаушы Даррен Диц – «Барыстың» көрінбейтін көшбасшысы. Қазақстан азамат­тығын алған канадалық хоккейші өзінің шебіндегі ойыншылардан нәтижелігімен алда тұр. Тіпті көптеген шабуылшы Диц секілді көрсеткішімен мақтана алмайды. Ол 17 ойында қарсыластар қақпасына 8 шайба соғып, 2 рет әріптестерінің көзге түсуіне жағдай жасаған. Пайдалылық коэ­фициенті жағынан Диц тек «Барыстағы» ғана емес, лигадағы үздіктердің бірі.

Даррен қорғаушы-бомбар­дирлер арасында 10 ұпаймен екінші орында келеді. Үздіктер көшін 16 (8-8) ұпаймен Миккотек Лехтонен («Йокерит») бастап тұр. Сондай-ақ Диц – «Барыс» сапында айдында ең көп уақыт өткізетін хоккейші. Орташа есеппен бір матчта 24 минуттай айдында болады.

Командалық ойында ша­буыл­шыларға қарағанда, қор­ғаушының гол соғатыны мақ­танарлық нәтиже емес. Бірақ ко­манданы алға сүйрейді деген шабуылшы легионерлер жарытпай жатқанда, қорғаушылардың шайба соғуы да заңдылық шығар. Мәселен, биыл ғана «Барыстың» жейдесін киген швециялық Якоб Лилья мұзайдынға 17 мәрте шығып, қарсыластар қақпасын небәрі 5 мәрте дәл көздеген. Сондай-ақ былтыр «Ак Барс» құрамында өнер көрсетіп, биыл «Барысқа» қайта оралған канадалық шабуылшы Мэтт Фрэттин 18 ойында екі шайба соққан. Ол екі голын да кейінгі екі ойында соққанын ескерсек, канадалықтың ойыны жүре бастаған сыңайлы. Қазіргі таңда командадағы шабуылшылардың арасында ең нәтижелі ойын көрсетіп келе жатқан – Никита Михайлис. 18 ойынның барлы­ғында мұзайдынға шық­қан жер­лесіміз қарсылас командалардың қақпасын 7 мәрте дәл көздеген. Сонымен қатар екі рет әріптес­теріне нәтижелі пас асырған. Кейінгі орындарда Роман Стар­ченко мен Кертис Волк тұр. Екеуі де төрт шайба соққан.

Бас бапкер Юрий Михайлис­тің қорғаушыларға да, шабуыл­шыларға да көңілі толмайтыны анық. Сондықтан ол жаңа жылға дейін команда құрамының тамырына қан жүгірту үшін бір шабуылшы және бір қорғаушы алдыртты. «Барыс» клубының баспасөз қызметі 30 қазанда 29 жастағы канадалық шабуыл­шы Филип Вароне мен 2 қа­рашада 25 жастағы тағы бір ка­надалық қорғаушы Диллон Хетерингтонмен келісім­шарт ж­а­са­лғанын хабарлады. Қазір­ше екі ойыншы да пан­демияға бай­ланысты Қазақ­станға келе алмай отыр.

«Барыс» командасы алдағы бес ойынның үшеуін сырт айдында, екеуін «Барыс Аренада» өткізеді. Қазақстанда өткен ойын­­дарға қарағанда, «Барыс» үшін сырттағы ойын қиын бол­ғалы тұр. Мәселен, жексенбі күні жерлестеріміз Батыс конференциясында төртінші орында тұрған Череповецкінің «Северсталімен» кездессе, екі күннен кейін үшінші орындағы Ярославльдің «Локомотив» клубымен бақ сынайды. Ал 12 қарашада Нижнекамскіде «Нефтехимиктің» қонағы болады. Егер осы үш ойынның екеуінде жеңіске жетіп, елорадада «Динамо» Минск пен Магнитогорскінің «Металлург» клубтарынан ұпай алатын болса, жерлестеріміз үздік сегіздіктің қатарына енетіні сөзсіз.