Аймақтар • 05 Қараша, 2020

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны көмек алды

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі жыл бойы қатігез күйеуінен зәбір көрген жас келіншек полициядан араша сұрап, зорлықшыл күйеуінен құтылды. Бұл жайлы әйелдің анасы СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына жазған алғыс хатында айтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны көмек алды

"Егер барлық полицейлер қарапайым адамдардың басындағы қиындықтарына осылай қараса, әлдеқайда жақсы болар еді. Бізбен тек әңгімелесіп қана қоймай, жұмыспен қамту орталығына апарып, бос жұмыс орнын да туып берді, енді әңгімелесуден өтіп, қызым пайдалы іспен айналысады деген үміттемін", дейді өзінің хатында жәбірленушінің анасы.

21 жастағы әйелге күн көрсетпеген күйеуінің үстінен бұған дейін де талай рет шағым түскен. Алайда әйел өзінің шағымдарын кері қайтарып алып немесе сотта татуласып отырған. Кезекті қолжұмсаудан кейін ол ата-анасының үйіне кетіп қалған. "Учаске" ЖПШ аясындағы үй-үйді аралау кезінде полицейлер отбасылық жанжалдың үстінен шығып, жас әйелді бұл жағдайды жылы жауып қоймауға көндіреді.

Ақыры жәбірленушінің күйеуі тарапынан болған заң бұзушылықтарды куәландыратын қосымша жиналған материалдар оны бас бостандығынан айыруға негіз болды. Бұрын сотталғанда оған бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған. Енді шектеу шарттарын жиі бұзуына байланысты оның бұл жазасы қатаң түрге ауыстырылған. Осының үстіне жанжалқой отбасы-тұрмыстық қатынас аясында бұзушылық жасағаны үшін жазаға тартылмақ.

ПЕТРОПАВЛ