Руханият • 06 Қараша, 2020

Қорғандардың орны табылды

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейдегі Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысындағы құрылыс жүріп жатқан жекеменшік аумақтан ерте темір дәуі­рін­дегі қорымның қалдықтары табылды.

Қорғандардың орны табылды

Өкініштісі сол, көне қорым бульдозормен сүріліп тасталған. Бір емес, қатарынан тұрған төрт қорған жойылып кеткен. Бүгінгі күнге жеткені бір қорғанның бұрышы мен екі қыш құмыраның сынықтары ғана. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасыр­да­ғы Қазақстан» атты мақаласында «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеу­меттік-экономикалық тұр­ғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мә­се­леге байланыс­ты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деген еді.

Тарихи-мәдени нысандар де­геніміз трактордың табанына тапталып жатқан осы қорымдар, кешегі апаттық жағдайға түскен «зоовет институтының» сәулетті ғи­мараты, үйіндісі ғана қалған Алаш қайраткерлері отырған «Екатеринака» түрмесі емес пе еді?! Өкінішті, қолда бардың қа­ді­ріне жете алмай отырған жайы­мыз бар. Шыр-пыр болып қала тұрғындары, археологтар жүр.  

– Құрылыста істейтін танысым хабарласып, қыш құмы­ра­ның сынықтарын тауып ал­ға­нын айтты. Барып көрдім. Қа­зан­шұңқырдың іш жағындағы қызыл кірпіштерге қарасам, қор­­ғанның үстінен кейін де бір ғимарат салынған сияқты. Ал қиып жиналған бөрене ағаш­тар Берелдегі қорғандарға ұқ­сас. Бірақ түк қалмаған, бәрі бүлін­ген, – дейді археолог Айдын Жү­ніс­ханов.

Назарбаев Университеттің Қазақ тілі және түркітану кафе­дра­сының оқытушысы Айдын Жүнісхановтың мөлшерлеуінше, қорған б.з.д IV-II ғасырларға жатады. Ол енді қорғаннан табылған ағаштың жасын анықтату үшін Ресейге жібермекші. Ал қыш құ­мыра­лардың актісін жасап, Нұр-Сұлтанға апарып, маман­дарға неден жасалғанын анық­татып, құралғанынша құрап, Семейдегі Өлкетану музейіне тапсыруды ойлап отыр. Айдын Жүнісхановтың айтуынша, Се­мей қаласының қақ ортасынан бұр­ындары да Қимақ дәуірінің белгілері табылған.

Қарағайлы шағын ауданы орна­ласқан жер археология ғы­лымында «Семипалатинские Дюны 1 және 2» деген атаумен бел­гілі екен. Қаладағы өлкетану музейіндегі жәдігерлердің 80 пайы­зы сол жерден шыққан.

Археолологиялық деректерге сүйен­сек, Семей қаласының орнынан адамзаттың алғашқы тіршілігі неолит дәуірінен бас­тал­ғанына көз жеткізуге болады. Шығыс Қазақстан өлкесінде көп жыл­дар бойы еңбек еткен, 70 жылдық тарихы бар Шы­ғыс­тағы археологиялық экспе­дицияның алғашқы жетекшісі, көрнекті ға­лым, Шілікті патша обаларын зерт­теуші Сергей Черниковтың зерттеулері бойынша Семейдің орнында осыдан 4-5 мың жыл бұрын кішігірім тұрақ­тар болған. Неолиттік кезең­де бұл тұрақтарда тас құрал­дар жасауға ең қажетті яш­моид, кремень, халцедон, кварц­қа ұқсас аралас құмдақтар сын­ды шикізат көздері игерілген. Қазіргі Семей өңірін қоныстаған тайпалар Ертістің төмен ағысы мен Обь өзенінің бойын қоныс еткен тайпаларға шикізаттарды экспорттайтын болған.

Демек, шаһардың тарихы тым тереңде. Бірақ қала басшылығы көне нысандардың сүрілуіне жол беріп, қорғандарды неге қорғай алмай келеді?