Қоғам • 06 Қараша, 2020

Жүз теңгесін бөлісе алмаған, миллионды да бөліспейді

409 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жексенбінің таңында елордада көлікке жәшік тиеген бір топ жігітті байқасаңыз, қайырымдылыққа асыққан жастар деп біліңіз. Аралбек Берікұлының достарымен бірге ай сайын азын-аулақ ақшаға азық-түлік пен көмір сатып алып, мұқтаж отбасыларға қамқорлық танытып жүргеніне бірнеше жыл толды. Smart bilim орталығының негізін қалаушы ұстаз қоғамға пайдалы болудың маңызы туралы әңгімелеп берген еді.

Жүз теңгесін бөлісе алмаған,  миллионды да бөліспейді

– Көріп отырғанымыздай, қолға­бысқа келгендер саны аз емес. Сту­дент­тер де жүр. Бұл топ қалай құрыл­ды? Демеушілеріңіз бар ма?

– Әуелде өз отбасыммен шамамыз жеткенше 1-2 мұқтаж отбасыға бірнеше жыл бойы азық-түлік алып беріп жүрдік. Одан кейін бұл ойымды достарыма айтып, 10 шақты жігітпен 12 отбасыға көмек береміз деп шештік. Мешіттен тізім алдық, әр отбасының үйіне барып жағдайымен таныстық. Аталған тізімнің ішінен көмекке мұқтаж дегендерді іріктеп, күріш, қант, май, ұн, ет, жеміс-жидек пен көкөніс сияқты азық-түлікті жеткізіп беріп отырдық. Жер үйде тұра­тындарға көмір жеткізіп береміз.

Әдетте біздегі көп акциялар – бір реттік. Жетімдер үйіне белгілі бір акция не шара шеңберінде барып, одан кейін ат ізін салмайды. Осыны ескеріп, бұл игі істі ай сайын ұйымдастыратын болып келістік. Мұның өзімізге де пайдасы бар. Өйткені, адам салыстыруға бейім. Мұқтаждарды көргенде өз өміріңе шүкір етесің. Адамның жүрегі жіби түседі, тағы да көмектессем деп тырысасың.

Кейінірек басқа да таныстарымыз естіп, ортамыз кеңейіп, 17 отбасыға, қыс айларында тіпті 30 отбасыға жәрдем көрсеттік. Менің дос­тарымның да жағ­дайы керемет емес. Біреуі жалдамалы пә­терде тұрады, тағы біреуі бір айлыққа қарап отыр. Ең бастысы ниет қой. 500 теңге жіберетін адам да бар, 200 000 теңге жіберетін кісі де табылып жатады. Кейбір адамдар аз бергеніне ұялады. Бұл жерде ренжитін де, ұялатын да ештеңе жоқ. Тіпті ақшалай көмек бермесе де, жеткізу, тиеу сияқты жұмыстарға қолғабыс ете алады. Мысалы, студенттер тамақтарды бөлуге, оны көліктерге тасуға көмектеседі. Сту­денттер де мүмкіндігінше көмектесіп, достарына айтып 50 отбасына дейін қол ұшын берген кезіміз болды. Былтыр сәуірде тіпті 104 отбасына азық-түлік жеткіздік. Алайда кеңсеміз кішкентай, жиналатын адам қарасы да көп болған соң, мұндай көлемді еңсере алмайтынымызды түсініп, ай сайын 50-60 отбасыны азық-түлікпен қамтимыз деп шештік.

– Отбасылар тізімі ай сайын жаңа­ра ма?

– 50 отбасының жартысы жүйелі түр­де көмек алады. Мәселен, бүгін 30 отба­сыға екінші рет бара жатырмыз, ал қал­ған 30-ы – жаңадан қосылғандар. Пәтер жалдап тұратындардың мекенжайы жиі өзгеріп тұрады. Кейбірі жағдайы түзеліп, тізім­нен шығады.

– Мұндай көмек «халықты дайын асқа тік қасық» деген сияқты масыл­дыққа жаман үйретпей ме?

– Көмектесетін жігіттердің арасында да мұндай көмек дайынға үйретеді дейтіндер бар. Олар балық емес, қармақ беруді ұсынады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – балалардың таршылық көрмеуі. «Балалар тойып тамақ жесе, алаңсыз сабақ оқыса» деген ой. «Біз де біреуге көмектессек» деп, бұл жағдайдан шығуға тырысар. Әлбетте, басты ниетіміз – Алланың разылығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да «Сендердің ең жақсыларың – өз қоғамына пайдалы болғандарың» деген екен. Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Кейбірі өзімнің өмірім, не істесем де өзім білемін деп ойлайды. Осылайша, әлеуметтік желіде ерсі, ұят нәрселерді таратады. Мұны көрген адамдар қайта­лауы мүмкін. Кішкентай балалар да ересектердің әрекетін қызық көріп, есею­ге ұмтылады, қайталағысы келеді. Сондықтан өз басым жамандықты тыя алмасам да, жақсылықты таратуға ты­ры­самын. Өйткені Алланың тағы бір әмір еткені жақсылықты таратып, жа­мандықты тыю. Әркімнің жұмысы бол­ған соң, бір демалысымызды игі іске арнаймыз.

– Азық-түлікті сатып алатын арнайы орындарыңыз бар ма?

– Астанадағы Фурманов көшесінде базар бар. Сол жердегі ағалар жеңілдікпен әкеп береді. «Астаналық» базарында да тұрақты қолдаушыларымыз бар. Кей кезде олар да өздері бір-екі қабын тегін береді. Барлық серіктесіміз жеңілдік жасайды. Етті де халал дүкеннен аламыз. Өйткені Алла «Ішкендерің адал болмайынша, тілектеріңді қабыл етпеймін» деген. Жаңағы отбасыларда өсіп жатқан 300-дей бала бар. Олар адал тамақ жесін дейміз.

– Қор құруға не түрткі болды? Бұдан да үлкен топ құру жоспарда бар ма?

– Достарымызбен бірге 30 отбасыны ғана қамти алар едік. Содан кейін әлеуметтік желілерде бөлістім, топтағы жігіттер де басқаларды шақыра бастады. Адам көбірек жиналғаннан кейін қоғамдық қор құруды жөн көрдік. Осылайша, Commune bonum деген қор өз жұмысын бастады. Латын тілінен аударғанда «ортақ игілік» деген мағына береді. Цицерон өз заманында «Ортақ игілік – әр адамның міндеті» деген. Қор­дың атауын латын тілінде қоюы­мыздың себебін түсіндірер болсам, азық-түлікпен шектелмей, келешекте балаларды шетелге оқуға жіберсек деген ойымыз бар. Бұл істі бастап та кеттік. Брянск қаласында аграрлық университет бар, Ресейдің 5 үздік университетінің қатарында. Университет жанында шаруа қожалығы бар, яғни балалардың жұмыс істеп, тәжірибе жинауына мүмкіндігі мол. Тоғыз баланы киіндіріп, ұшаққа билет алып, қолдарына 30 мың теңге көлемінде ақша беріп, оқуға аттандырдық. Талап­керлер Ресей үкіметінің грантымен оқу­ға түсті, ай сайын шәкіртақы алып тұрады. Олардың арасында жетім балалар бар. Байланысып, хал-жағдайын біліп тұрамыз. Университет ректорымен де байланыстамыз. Сондықтан оқушы­лардың үлгерімінен хабардармыз. Бүгінде Канададағы университетпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ақылы оқуға түсе алмайтын балаларға мүмкіндік берсек деген арманымыз бар. Осылайша, мұқтаж адамдарға балық қана бермей, қармақ беруді де жолға қойдық.

– Қайырымдылық жасауға не түрт­кі болды? Біреулер әуелі өз жағ­дайын дұрыс­тап алып кірісемін дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өзім де көпбалалы отбасында өстім. Төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұлмын. Жетінші сыныпқа дейін бір бөлмелі пәтерді жалдап жүрдік. Әлі есімде, бес бала қатарынан тізіліп жататынбыз. Бала болған соң, сыныптастарыңнан ұяласың. Содан кейін басқа балалар ұялмасын деген ой туған шығар. Біз азық-түлік алып берсек, әке-шешесі киімін алып берер деп ойлаймыз. Өйткені бір етікті екі баласы кезекпен киіп, сабаққа баратын отбасылар да бар. Олар қашанғы олай жүрмек? Басында киіммен де көмек бермек болдық. Дегенмен, бұл ұзақ процесс. Нұр-Сұлтанда Сығанақ көшесінде «Қарқын.кз» деген әлеуметтік киім дү­кені бар. Тапсырған киімді ретке келтіріп, дүкендегідей сөреге қояды. Қажет деп тапқандар тіркеліп, белгілі бір мөлшерде киім таңдап ала алады. Бұл да – тегін.

Адамда қанағат болмайды. Мәсе­лен, бір көлігіңіз болса, одан да жақсы­сын алуға ұмтыласыз. Біз жұмыла көмек­те­сетін 60 отбасыны бір өзі-ақ қамти ала­тын кәсіпкерлер бар. Бірақ мұндай көмек­ті жасамауы мүмкін. Әртүрлі сылтау айтқанымен, мұның сараңдық екенін мойындауымыз керек. Дұрыс ай­тасыз, көбі алдымен өз отбасымды жарылқап алып көмектесемін дейді, алай­­да 100 теңгесін бөлісе алмаған адам миллионды да бөлісе алмайтынын тү­сін­­бейді. 60 отбасына азық-түлік алса да қал­тасына салмақ түспейтін азаматтар неге қайырымдылық жасамайды? Өйт­кені кезінде мың теңгесін бөлісуді үйренбеген.

– Атқарып жүрген қайырымды істеріңе отбасыңыздың көзқарасы қан­­дай?

– Анамның ойынша, қайырымды­лыққа жұмсаған уақытымды балаларыма арнауға болады. «Балаларыңа көңілің жетпейді, балаларыңа қара» дегенді жиі айтады. Менің ойымша, олардың қасында ертеден кешке дейін жүргеннен, күніне 15 минут болса да сапалы уақыт арнасам жетеді. Ер адамның жұмысы түзде ғой. Ер азамат қоғамды да ойлауы керек. Өйткені бала тек үйден емес, қоғам­нан да тәрбие алады. Мен оған үйде мейлінше жақсы тәрбие беріп, шек­теу қойсам да, көп уақыты қоғамда өтетінін ескеру керек. Сондықтан қоғам­ның да дұрыс болуын ойлауымыз қажет. Әр ата-ана осыны ескерсе, баланы далаға қорықпай жіберер едік.

– Қайырымдылық деген не?

– Қайырымдылық деген бүгін қо­лыңнан не келсе, сонымен пайдалы болу. Сонымен қатар әр ер адам өз отбасын қа­лай асыраса, дәл солай тағы бір отба­сыны асырай алуға ұмтылуы тиіс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»