Руханият • 06 Қараша, 2020

Жат жарылқамайды

816 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Өзімізге әрдайым сын көзбен қарап үйренгеніміз жақсы-ау әрине, бірақ бұл ұстаным қанымыздағы қазақы қасиеттерді мансұқтау, ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан адасу, жалтақтау, жалбақтау сияқты сан соқтырар түрлі өкінішке қалдырмаса екен дейсің. Өйткені әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге, тіліміз бен ділімізге, әдебіміз бен байырғы түр-тұрпатымызға тым селқостық танытып, ал өзгенікіне таңдай қағып, тамсана берудің соңы ешқашан жақсылыққа апарып тіремесі мәлім.

Жат жарылқамайды

Бөтен елдің бір жылт ете қалған нәрсесін әлеуметтік желіде атойлап жарнамалап, «пәлен елде мынадай кере­мет болып жатыр», «ана халық бүйтеді, мына жұрт сөйтеді екен» деген кейіпте үнемі өзгені өзіңнен оздыра ой саптау мен басқаның басын төрге жайғастырып сөйлеудің өз ішіңнен жатты көбейтіп, өскелең ұрпақтың санасын улап, бөтенге еліктеп-солықтауын күшейткеннен басқа халыққа әкелетін түгі жоқ. Жалт еткенге жалп етіп жабыса құлаудан мән шықпайды. Мұның сорақылығын тіліміздің басындағы қазіргі ахуалдан аңғару қиын емес. Мысалы, орыс тілінің «артықшылығына» иек арту психологиясының пайда болуы, әсіресе тіліміз мен мәде­ниетімізді менсінбейтін қара­гөздеріміздің мұны ұят, ар санамауы, ана тіліміздің күнделікті өмірде қолданыс аясының тарыла бастауы – осының жарқын дәлелі.

Қазір онша мән берілмей, көңіл бөл­меген ұсақ-түйек мәсе­ле­лердің соңы­нан қым-қуыт үл­кен қиындықтар пайда болуы мүмкін. Оқушы балалар тұрмақ егде жастағы қазақтардың өзі бір-біріне «окей», «давай», «пока», «конечно» деп тіл қатысып жатады. Бір қарағанда, мұн­да тұрған не бар тәйірі, деп көңіл-күйіңізді бұзбай кете беруіңізге бола­ды. Қазір орысша араластырмай, таза ана тілінде сөйлейтін адам табу қиын. Бірақ мұндай сорақылықтың ар жағында тек тілді шұбарлау ғана емес, өзіңді құр­меттемеу, төмендету жат­қанын сеземіз бе десеңші?.. Ұлт туралы көзқарас қай кезде де жекелеген адамдардың пікірі­мен қалыптасатыны белгілі. Жұрт сені ақыл-парасатың мен білік­тілігіңе, өнерің мен кәсіби ше­бер­лігіңе қарап құрметтейді. Сол арқылы еліңді, халқыңды та­нып-қанығады. Абай жиырма төртінші қарасөзінде: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір ха­лыққа ұқсамайды» дейді. Осы ой бүгінгі адамдардың шы­найы болмысын сипаттайтын­дай. Өзге жұртты тануымыз, бағалауымыз әлі де қызық. Көбіне басқа халықты қазаққа үлгі-өнеге еткенді жақсы көреміз. Әсер­шілміз. Тамсанғышпыз. Табын­ғыш­пыз. Жақында қарапайым бір сатушының әңгімесі қайран қалдырды. Тұрмыстық тауарлар дүкенінің иесі орыстілді қазақ әйелі екен. Одан алатын затымыздың сапасын сұра­ғанымызда: «Мұны көбіне орыс­тар сатып алады. Өте тамаша. Өкінбейсіз», деді. Заттың мақ­тауын асырғысы келген пошымының түрі. Осы бір ауыз сөзде көп мағына бар. «Ресейде өн­дірілген, сапасы жоғары» де­генді естуіміз бар еді, ал енді сау­дасына орысты мысалға кел­тіріп жарнамалауды бірінші рет кездестіруіміз. Аса бір мән бере қоятын нәрсе емес сияқты, бірақ түсінген жанға «көбіне орыстар сатып алады» деудің астарында сойқан насихат жатыр. Неткен сұмдық пайым. Бұл жерде бөтен халықтың намысына тіл тигізейін деген ниетіміз жоқ. Жа­нымызды күйдіріп, өзектегі өртке май тамызған мүлде басқа мәселе. «Заттың жақсысы мен жаманын тек орыстар ғана біледі» деген пиғылды сауда жүргізудің амалына айналдырған сатушы әйел осы бір ауыз сөзімен өзінің деңгейін төмендетіп тұрғанын сезбейтіні өкінтті. Бір-бірімен орысша сөйлесіп, өз халқының бағасын төмендетіп жүретін мұндай жарамсақтармен бетпе-бет келгенде, не деріңді білмей, абдырайсың. Онсыз да аз қазақ бір-бірімізбен бет жыртысып, жа­ғамызға жармасқанда не опа табамыз, деген ойға тоқталып, амалсыз үнімізді ішімізге жұтып қала бердік. «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» дегенді қазақ осындайларға күйінгеннен айтқан болса керек.

 

* * *

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәр­биесі десек, біз қазір әр ұлт өзі­нің мықтылығын озық ойы­мен, ғылым мен білімдегі, өнер мен мәдениеттегі ілгері қада­мымен, ілкімді істерімен ғана дә­лелдейтін дәуірге табан тіреп тұрмыз. Бүгінде бүкіл ел осы мүмкіндікті пайдаланып қалудың бәсе­кесіне көшкен. Яғни ертеңгі күні етекте қалып қоймаудың қамы. Тым құрығанда қорланып, басқаның көмегіне тәуелді бол­мауға тырысып-бағады. Қан­шама ұлттар жер бетінен осындай қам-қарекетсіздігінен, бола­шағына дұрыс бағдар жасай алмағанынан жо­йылы­п кеткені тарихтан мәлім. Өйткені саналық деңгейі қалыптаспаған ұлттың қорғаныс рухы әлсірейді, күш-жігері үзіледі... Әркімге там­сану­мен, әрнеге ұмтылумен қаншама алтын уақытымыз зая кет­кен. Жан-жағымызға, ерте­гіге таңырқауымызды қоймай, тек қиялдап, арман қуып жүре беретін болсақ, өмір атты үлкен теңізде қолтығымыздан ешкім келіп демемейді. Өзімізді өзі­міз сүй­релемесек, өзімізді өзі­міз сүймесек, біздің аңсар-арманы­мызды басқа жұрт қайтеді?! Біріміз Америкаға, енді біріміз тағы бір елге ұмсынып, «анаған қарап бой түзесек, құлпырған елге айналып кеткелі тұрмыз», «мынадан үлгі алсақ, айымыз оңынан туа салады екен» деген сияқты бақытты басқа елден іздеуді қоятын кез келді. Бұл түсінік бойынша бізден бас­қаның бәрі бақытты да, біз ғана «бақытсыз Жамалдың» күйін кешіп отырған сияқты боламыз. Онсыз да ұлтты байырғы төл болмысынан айыруға барынша күш жұмсаған отарлаушы империялардан жеген таяғымыз аз емес еді. Сондай зобалаң-зұлматтан аман қалған қазақ даласын енді мұнан былайғы уақытта өзгелерді, өзіне тамсантатын, танытатын, сыйлата алатын, үніне басқалар құлақ асатындай байтақ ел дең­гейіне жеткізуге мүдделі болуымыз керек. Қоғам өзінің төл болмысын түгел зерделеп, танымайынша бәсекеге қабілетті бола алмайды екен. Елдің даму болашағын айқындайтын, қоғам­ның даму өрісін кеңейтетін рухани іргетасымыз берік болуы үшін жаңа уақыттың озық дүниелерін өзімізге тән құнды­лықтар мен қасиеттерді сақтай отырып бағындыра алсақ, ұрпақ тәрбиесінде қоғам тарапынан жіберіліп жатқан қателіктерге тосқауыл қойылар еді, ұлттың мәдениетіне жат құбылыстардың етек жаюына жол берілмес еді.

 

* * *

Әлемдік сахнада кімнің қай орынға жайғасатыны өркениетке қосқан үлесімен белгіленіп жатыр. Сондықтан банктен несие алып құдалық, той-думан өткізуді тыйып, жиған дәулетімізді, қай­рат-қуатымызды қазақтың әлем өркениетіне қосатын үле­сіне жұмсасақ, нұр үстіне нұр болар еді?! Болашақтың боса­ғасында қалмай, төрткүл әлемнің төріне озғымыз келсе, солай іс­теуге тиіспіз. Міндеттіміз. Бұған мысалды тарихтан, алыс­тан іздеудің қажеті жоқ. Абай Құнан­байұлының 175 жылдық мерей­тойы аясында ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ақын шығармаларының әлем тілдеріне, атап айтқанда, ағылшын, араб, түрік, қытай, неміс және жапон тілдеріне қазақ тілінен тікелей аударылуы ұлттық әдебиетіміздің ғаламат же­тістігіне баланады. Алғаш рет ұлы ақынды ағылшын тіліне ауд­ару, басып шығару және та­ра­ту жұмысына Кембридж университеті баспасының, испан тілінде сөйлетуге Сервантес институты мен «Visor» баспа­сының, француз тіліне аудару, басып шығару және таратуға Францияның ең ірі Галимар (Editions Gallimard) баспа үйінің, итальян тіліндегі аудармаға Ита­­лия ірі баспаларының бірі – «Gruppo Mondadori»-дің, Абайды араб әлеміне таныстыруға Араб мемлекеттері лига­сының Білім, ғылым және мәдениет ұйы­мы (ALECSO) баспа үйінің, қы­тай тілінде сөйлетуге танымал жазушы, ҚХР Мемлекеттік сый­лығының иегері Ақпар Мәжиттің, түрік тіліне аудару жұмысына Түрік әдебиеті қоры баспасының (Türk Edebiyati Vakfi), жинақты неміс тіліне аудару және басып таратуға «Alles Druckbar» баспа­сының, жапон тіліне аударылуын­а Токио университетінің профессоры Сакай Хироки, қа­зақ әдебиетін зерттеуші Микия Ни­шимура, жапон-қазақ сөз­дігін құрастырушы, аудар­ма­шы Шигенобу Масуджи­малап­тың қатысып, «Ханаденша» баспасының тартылуы бұл жоба­ның жоғары сипатта, мемлекеттік деңгейде қолға алынғанын аңғар­тады. Мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды әдебиет әлемінде болған емес. Біздегі барлық салаға қазір осындай ұлттық жобалар қажет-ақ.

 

* * *

Сана құлдығынан құтылып, өзіңді материалдық та, рухани да жағыңнан азат екеніңді сезінбесең, өрмекшінің торын­дағы шыбынның аянышты ха­ліне түсу оп-оңай. Осы орайда қазақты қазақ қылып тұратын ұлттық болмысы қандай болуы керек деген сұрақ туады. Өйткені ұлттық болмысынан айырылған адамның тұрақты мекені болмайды, мұрнын тескен тайлақтай алдамшы тірліктің жетегіне құл­дыраңдап еріп жүре береді. Кім бал жалатса, соның айтқаны заңға телініп, жат ағым мен түрлі наным-сенімнің құрбанына айналуы ғажап емес. Болмысын жоғалтқан ұлттың келешегі келте болары анық. Жақында Азамат Құрманғалиев есімді азамат фейс­буктегі парақшасында бастауыш сынып оқушыларына Хэллоуин сабағын өткізген мұ­ғалім мен оқушылардың суретін жариялады. Автор жазбасында: «Осыдан соң келер ұрпақ пен болашақтан үміт күтпесе де болатын сияқты. ...Бесіктен белі шықпаған, ненің жаман, ненің жақсы екенін әлі дұрыс ажырата білмейтін бас­тауыш сынып оқушылары осы Хэллоуиннің қайдан, қалай келгенін біле ме екен өздері?!

...Жалпы, мектеп қабырғасында осын­дай іс-шара өткізуге қан­шалықты рұқсат етілген?..» деген жанайқайын жеткізді. Ақпарат көздері мәліметтеріне жүгінсек, бейресми мереке ретінде тіркел­ген 31 қазандағы Хэллоуин ме­рекесі мек­теп оқушыларына біраз жылдан бері дәріптеліп келе жатқанға ұқсайды. Мысалы, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Ақбастау орта мектебінің ағыл­шын тілі пәні мұғалімі Шол­пан Абду­қалықованың «BILIMDILER.KZ» порталына 2012 жылы 16 қыркүйекте жа­риялан­ған мына бір әдістемелік сабағы осы ойымыздың растығы­на көз жеткізеді:

«7 сыныпта өткізілетін бұл сыныптан тыс сабақ оқушылардың ағылшын елінің мәдениеті туралы білімін кеңейтуге, осы халықтың салт-дәстүрін білуге, оқушылардың тілін дамытуға арналған. Сабақтың тақырыбы: Celebrating Halloween. Мақсаты: 1. Оқушылардың осы тілде сөй­лейтін халықтардың мәдениеті жөнінде, салт-дәстүрлері жө­нін­де білімдерін кеңейту; 2. Оқу­шы­­лардың тілін дамыту, сөз­­дік қорын толықтыру. 3. Ағыл­шын халқының мәдение­тіне қызығушылық тудыру, олар­дың салт-дәстүрлерін білу, жа­уап­кершілікке тәрбиелеу. Қол­данған құрал­дар: рухтардың, жезтырнақтардың, жарқанаттың, скелеттің костюмдері асқа­бақ, балауыз, компьютер, ин­те­рак­тивтік тақта, шарлар, тәт­тілер, «Happy Halloween!» тақы­рыбына арналған суреттер, жа­ңа сөздер». Қазақтың баласына көк тиындық пайдасы жоқ мерекені тәптіштеп түсіндірген мұғалімнің сөзін әрі қарай оқуға дәтіміз шыдамағандықтан жаба салдық. Әлі оң мен солын танып үлгермеген баланың көкірек көзін ашуға төл дәстүрлеріміз неге осылай жоғары деңгейде насихатталмайды? Жат елдің жан шошырлық құбыжық бейнесіне еліктеп өскен олар кейін қай елдің мүддесіне қызмет етеді? Мұндай масқаралықты еліміздің болашағына жасалған қастандық деп санаймыз. Балаларды бөг­денің бөзіне еліктіргенше, қазақ­тың ұмытыла бастаған «Асық ату», «Ақсүйек», «Ұшты-ұшты», «Айгөлек», «Соқыртеке», «Ақшамшық»... сияқты ұлттық ойындарымен байланыстырып сабақ өтсе, ұлттық бол­мысымызға жарасымды дұрыс тәрбие қалыптаспай ма?

 Ең қорқыныштысы, жылдан-жылға бұл пәлекеттің аясы кеңей­месе, кемитін түрі жоқ. Аста­на­дағы кей кафелерде осы күні асқа­бақтың ішіне шам жағылып, қызмет көрсетушілердің бет-ауы­зын­дағы қорқынышты бояу жұрт­тың үрейін тудырып жүр. Тіпті «Блюз» кафесінде жат елдің бұл мерекесіне қарсы пікірімізді басшысына айтып баруын сұрағанбыз. Алайда тағы да сол баяғы Абай атамызша айтқанда, «Адасқан күшік секілді. Ойларым жұртта қалды ұлып» демекші, ескертпемізге қыңқ еткен жанды байқай қоймадық. Мұнан асқан сорақылық бо­ла ма?! Жылдың соңында үл­кен қалалардағы барлық дүкен шыршаның салпыншақ ойын­шықтарына, «рождество» мере­кесінің суреттеріне толып ке­теді. Сатушыларымыз басына Санта Клаустың қалпағын киіп алатынды шығарды. Ұлт­тық мәдениетіміздің кө­мес­­кіленіп, керісінше ата-дәстү­ріміз­бен қабыспайтын осындай мерекелердің жадымызға шеге­ленуі көңілге қаяу тү­сіреді. Бұл – санасы уланып, байырғы ба­балар дәстүрін менсінбеген қоғамның белгісі. Бұл – өзін өзгеден кем санайтын, ұлттық болмыстан ада, елдік мүдде-мұраттан жұрдай сана. Бүтін бір ұлттың адасуына әкеліп соқтыратын Хэллоуин, әулие Валентин күні секілді жат елдің өмір салтын дәріптейтін, зұлымдық пен ар­сыздықты үлгі-өнеге етіп көрсететін он­­дай арам шөптерді түбіне дейін суы­рып жұ­лып тастамасақ, ұлттық кел­бетімізге сын.

 

* * *

Өзін бағаламаған, өзіне-өзі жаны ашымаған жұрт дандайсып, масайрап, тапқан табысын тойға шашып-төккенге мәз болады. Ал ертеңін ойлаған есті елдің ұрпағы білім қуып, ғылымда керемет жаңалық ашқанына қуа­нып жатыр. Технологиясымен, мәдениетімен озсақ дейді. «Шы­рылдауық шегіртке ыршып жү­ріп ән салған. Көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алған» демекші, өкінішке қарай, біздегі бай-бағланның дені шетелге қыдырып, жон арқасын теңіздің құмына қыздырғанға, дүркіретіп той өткізгенге, бәйгеге қос-қос машина тігіп, жалғанды жалпағынан басқанға риза. Абай атамыздың өлеңіндегі «өсек, өті­рік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпағы» адам бойына енсе, әлбетте ол жанның иманы кеміп, рухы әлсірейді. Дарақылық, мақ­тан­шақтық – қасірет, ал барыңды аялай мақтана білу өне­гелік десек, желбуаздыққа салы­нып, «Боратқа» булыққан бір сәттік көңіл күй ауанындағы намыс­шылдық емес, аныққа табан тірей сөйлеу мәдениеті қажет бүгін.

Ол үшін тәлім-тәрбие құралы саналатын телеарналардағы анимациядан бастап, барлық өнімдер ұлттық құндылықтардың насихатталуына қызмет етсе дейміз. Телеарналарды ашып қалсаңыз – өңшең өздерін жұлдыз санаған біреулер. Сағаттап солардың өмірі мен жүріп-тұрғаны насихатталып жатады. Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменовтің қазақ телевизиясынан тараған сонау бір жылдардағы сыр-сұхбаттық әдеби-сазды бағдарламалары аға ұрпақтың жадынан әлі күнге неге өшпей келеді? Екеуі де өз сала­сының нағыз білгір маманы болғандықтан. Осыдан келіп халық арасында «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады…» деген қанатты тіркес пайда болған еді. Халық пен телевизияның үні, мүддесі егіз болатын. Көше әндері емес, көшелі әндер тыңдалатын. «Бозторғай» әні былай туған еді» болмаса «Көкшолақ» – ақынның басынан кешкен қайғысын күліп отырып жеткізген үлкен мұңы бар, ойы бар ән, сондықтан осыны орындаған кезде қашан да сол зерделілікті ұмытпай отырған абзал ғой» деген сыңайда әр әннің шығу тарихы туралы қатар сыр шертілуімен музыкалық жауһар туындылар халықтың жанына жақындай түспеді ме?! Әр жақ­сы әнді насихаттарда осы дәстүрді жалғастырып, қазақтың қазынасына айналдыра беруге қазір кім кедергі келтіріп отыр? Ән-маржаны туралы білікті мамандар сөйлеп, шынайы өнер адамдары қатыстырылса рухани мұра қағажу тартпас еді-ау. Шетелдің сериалдары мен батысқа еліктеуден туған ток-шоулардан гөрі қазақтың келешегіне қажет осындай дүниелер қымбат емес пе?!