16 Сәуір, 2010

БАКИЕВ ҚЫРҒЫЗСТАННАН КЕТТІ

625 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15 сәуірде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мынадай мәлімдеме жасады: Бүгін, 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Федерациясының Прези­денті Дмитрий Медведевтің бірлескен күш-жігері, сондай-ақ ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның бел­сенді араағайындығы нәтиже­сін­де Қырғыз Республикасының Уа­қытша үкіметімен және Пре­зидент Қ.С.Бакиевпен соңғысы­ның елден кетуі туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізілді. Қазіргі кезде Қ.С.Бакиев Қыр­ғызстан аумағын тастап шықты. Бұл елдегі ахуалды реттеу және оның құқықтық арнаға оралуы азамат соғысына орын бермеу жолындағы маңызды қадам болды. Қырғызстандағы бүкіл халықтың мүддесі жолында біз елдің барша саяси күштерін тездетіп тұрақтылықты қамтама­сыз етуге, қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қалпына кел­тіруге, барынша өткір әлеумет­тік-экономикалық проблема­ларды шешуге шақырамыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Қырғыз Республикасының саяси дағдарыстан тезірек шығуына және оның бұдан әрі бейбіт демократиялық дамуына алдағы кезде де қажетті жәрдем көр­сету­ге әзір.