Қоғам • 06 Қараша, 2020

Денсаулық қымбат па, той қымбат па?

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз айларында қос өкпесі қусырыла тарылып, бір жұтым ауаға зар болған науқастардың ауыр жағдайы ұмытылған секілді. Олай деуімізге себеп – тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы, тіпті мейрамханаларда отбасылық басқосуларды дүрілдетіп өткізу тыйылар емес. Мәселен, өңірдегі 110 мобильдік топ мүшелері өткен жұма мен сенбі-жексенбіде сауда орталықтары мен кафе-мейрамханаларда, сондай-ақ азық-түлік дүкендерінде шектеу шараларының бұзылғанын анықтады. Әсіресе тұрғындар үйлену, мерейтойларды өткізуден бас тартпай отыр.

Денсаулық қымбат па, той қымбат па?

– Тексерушілер «Ақжол», Castle, Sultan Hall мейрамханаларында үйлену және мерейтойлар өткізу деректерін тіркеді. Ал «Мұрагер» сауда үйінде маска тағу режімі сақталмайды. Мұнда термометрия жоқ болып шықты. Сәтпаев көшесіндегі «Фудзи» суши ба­рын­да қызметкерлер маскасыз және қол­ғапсыз қызмет көрсетеді. «Бар­маг­лот» барында 30-дан аса келуші сағат 22:00-ден кейін де болған. Жұмыскер кентіндегі «Гүлдияс» дүкені сағат 23:00-ден кейін қызмет көрсетіп, шектеу шаралары режімін бұзған, – деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тұрғындардың мейрамханаларда той өткізуіне кім мүдделі дейсіз? Ал­дымен бұған мейрамханасы бар кә­сіп­керлер мүдделілік танытары даусыз. Мұны олар жақында ашық мәлім етті. Мей­рамхана бизнесімен айналысатын бір топ кәсіпкер облыстық әкімдіктің алдына жиналып, өздерінің талабын жария етті. Бұл қандай талап?

Нақтысын айтқанда, кә­сіп­керлер бірін­шіден, сани­тар­лық талаптарды сақтай отырып, 50 адамға дейін қаты­сатын той жасауға рұқсат беруді сұ­рай­ды. Екіншіден, тойхананың коммуналдық төле­мін төлеуге әкімдік­тің көмек көр­сет­кенін қалайды. Той­ха­­на иелерімен кездескен облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілха­нов­­тың айтуынша, қазір көптеген елде коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Ал мемлекет пен об­лыстық әкім­дік тарапынан отан­дық бизнесті қол­дау­ға көңіл бө­лінуде.

– Алайда әр азаматтың ден­сау­лығы мен қауіпсіздігі маңыз­ды екенін ұмыт­пау керек. Қауіпті індеттің қатері ес­ке­­ріліп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін біртіндеп жеңілдету шаралары қолға алынуда. Тойха­на­лар мен банкет залдарына 50 адамға дейін қатысатын шараларды өткізуге рұқсат беру мәселесі қа­рас­тырылып жатыр, – деді Ержан Әбілханов.

Ал облыстың бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиевтың айтуынша, қауіп­ті індетті жұқтыру дерегі әлі де тіркеліп жатқанда адамдар шо­ғыр­ланатын мұндай той-томалақ өткізудің қаупі басым болады. Сол себеп­тен қауіпті індеттің таралу мүм­кін­­д­і­гі секілді мәселенің екінші жағына көңіл аудару керек.

– Кездесуде айтылған мәселенің бә­рін хаттамаға түсірдік. Соған сәй­кес мәселені оң шешу жолдарын қарас­ты­рамыз. Әрине, бұл – бір күнде шеші­ле­тін мәселе емес. Бұрын тойхана иелері ғимараттың жарығына төлем төлеп отырса, енді жылыту маусымы бас­тал­ды. Олар төлемдері көбейгенін айтып отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің ұсынысын ескеріп, карантин кезіндегі талаптарды сақтай отырып, екі жаққа да тиімді тұсын қарастырамыз, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму басқар­ма­сы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әбдуахит Әбішев.

Рас, бірнеше айлап, кәсіпсіз, табыссыз отыру оңай емес. Деген­мен, мейрамханаға бірнеше адамды топыр­­латып кіргізіп, той өткізуден түскен табыс табу қымбат па? Әлде айна­лаң­да­ғы адамдардың, ағайын-туыстың денсаулығы қымбат па? Тегінде жа­қы­ны­ңа жанашыр болуды қалай түсінесіз?

 

Атырау облысы