Жоба бастамашысы Sanguis компаниясының директоры Қарлығаш Сыдықова зертхананың әлеуметтік бағытта жұмыс істейтінін айтады. Мемлекеттік тапсырыстар қабылдауға да дайын көрінеді.
– Бағалар халықтың барлық тобы үшін қолжетімді болады. Мемлекет бізге ғимарат берді, онда біз жөндеу жұмыстарын жүргіздік, Siemens және Beckman Coulter сияқты әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарын орнаттық. Біздің техникамыз клиникалық зерттеулердің барлық түрін жүргізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ бізде толық автоматтандырылған ПТР зертханасы бар, – дейді ол.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында іске қосылған зертханада ПТР-тестілеуден басқа, Siemens анализаторы орнатылған. Оның бір ерекшелігі иммуноглобулиндерді G және M оқшаулау арқылы КВИ талдауын жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни, коронавирус инфекциясына жедел тест жасалады.
Бұдан бөлек, қуаттылығы жылына 800 мың зерттеу жасауға жететін жаңа зертхана дағдылы иммуноферменттік және барлық клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізе алады.
Тағы бір жағымды жаңалық, Қарағанды облысына үш жылжымалы медициналық кешен әкелініп, олар Абай, Осакаров және Жаңаарқа аудандарының орталық ауруханаларына берілді. Індеттің екінші толқынымен күреске даярлық аясында іске асқан бұл шаруа алыстағы ауылдарды медициналық көмекпен қамтудың аясын кеңіте түсері сөзсіз.
Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында жасалған бұл көліктердің шанағы термо, шу және діріл оқшаулағышпен, су өткізбейтін едендік жабынмен жабдықталған. Ішінде қолды зарарсыздандыруға арналған электр сорғы және диспенсер бар.
Жылжымалы медициналық кешен орнатылған арнайы автомобиль цифрлы жабдығы бар жалпы қабылдау кабинеті, тәжірибе дәрігерінің аймағы, талдауларды қабылдау бөлімі, акушер-гинеколог, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті сияқты жеті кабинеттен тұрады. Сондай-ақ көшпелі кешенде рентген және флюорография жасауға болатын қорғасын бөлмесі бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескерілген, мұнда оларға арналып пандус-лифт орнатылған.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев бұл кешендердің дәрігерлерге, әсіресе шалғай елді мекендердегі мамандарға үлкен демеу болатынын айтады. Яғни, карантин енгізіліп, сыртқа шығу шектелген жағдайда аталған мобильді кешендер жергілікті жерлерде өз бетінше дербес жұмыс істей береді.
Айта кету керек, бұл мобильді диагностикалық медициналық кешен көшпелі жағдайда зерттеулердің сан алуан түрін жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, медициналық бригадалар алыстағы ауылдарға барып, скрининг, тексеру және кәсіби тексеру жүргізуді іске асырып, сол жерде қажетті медициналық көмек көрсете алады. Ал облыс орталығынан жырақта орналасқан елді мекендердегі ағайын үшін медициналық көмектің мұндай түрі ауадай қажет.
Қарағанды облысы