Біздің мемлекетімізде Елбасымыздың сегіз жыл бұрын бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Сапа мәселесіне Елбасының өзі ерекше мән беруде.
Біздің мемлекетімізде Елбасымыздың сегіз жыл бұрын бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Сапа мәселесіне Елбасының өзі ерекше мән беруде.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қабылданып, жүзеге асырылуы, Қазақстанның Кедендік одаққа мүше болуы, Ресей және Беларусь елдерімен Біріккен экономикалық кеңістікте жұмыс істеуі ел бизнесінің алдында жаңа бағыттар мен мүмкіндіктердің ашылуына қолайлы жағдай туғызуда. Біз бұл кеңістікті сапалы да арзан өнімдер шығаруға қол жеткізген кезде ғана кеңінен игере аламыз. Осындай мақсаттарға жету үшін қазіргі таңда біздің отандық өндірушілер халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге кірісіп те кетті. Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында халықаралық стандарттарға көшу мәселесін жүйелі түрде ескертіп отырады.
Халықаралық стандарттарға негізделу экономикалық салалардың дамуымен қатар денсаулық сақтау, қауіпсіздік ісіне, жалпы халық тұрмысының жақсаруына игі ықпалын тигізеді. Елімізге халықаралық нарықта өзінің орнын табуына көмектеседі. Экспорттық тауарлардың көбеюін тудырады. Сондықтан елде өндірілетін өнімдер сапасының жоғары, халықаралық стандарттарға сәйкес болуы мемлекет тарапынан нақты бақылауға алынған. Елімізде өндірілетін өнімнің сапалығы мен стандарттарға сәйкестігін қадағалайтын арнайы зертханалар мен бақылау ұйымдары жұмыс жасайды.
Бұл бағытта қол жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Бүгінде халықаралық стандарттар көптеген өндіріс салаларында қолданысқа ие.
Ал енді Астана қаласы бойынша өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша қандай жұмыстар жасалуда деген сұраққа келейік.
Шындығында, бәрі ойдағыдай деп айтуға әлі де болмайды. Себебі, нарықта қазірге дейін сапа талаптарына мән бермейтін кәсіпкерлер жетіп артылады. Осы жылдың 9 айы ішінде жоспарлы және жоспардан тыс тексеріс барысында 90 субъекті тексеріліп, соның ішінде 70 кәсіпкерлік субъектісінің техникалық талаптарға сәйкес келмеуі сол жағдайдың дәлелі болды дей аламыз. Егер мұны үлестік көрсеткішпен есептейтін болсақ 79 пайызды құрайды екен.
Техникалық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді нарықтан шеттетуді реттеу Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік инспекторларының құзыретінде болған еді. Алайда, бас мемлекеттік инспекторлардың шешім қабылдау тиімділігі айқын байқалмады. Осыған байланысты бас инспекторлардың жұмысын жақсарту қолға алынып, осы бойынша қосымша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау алға қойылған. Бұл актілер бас мемлекеттік инспектордың жұмысына оң әсер тигізетініне сенімдімін.
Кәсіпкерлер тарапынан тауарлар мен қызметтердің техникалық талаптарға сай келмеу жолдарын шектеу үшін, 2012 жылы «Тауарларды өткізу және жабдықтау бойынша профилактикалық бақылау әдістемесі (Астана қаласы департаменті мысалында)» атты әдістеме құралын жарыққа шығардық. Бұл құрал бойынша ҚР Техникалық басқару және метрология заңамасына сәйкес сатушыларға сапалы өнім өндіру, өткізу бойынша кеңес беру көзделген. Өйткені, мемлекеттік инспекторлар мен сатушылардың жүйелі байланыста болуы арқылы көптеген заң бұзушылықтарды жоюға болады. «Жеткізуші-сатушы-тұтынушы» байланысының жақсы жұмыс істеуі үшін кәсіпкер өнімінің техникалық талаптар мен стандарттарға сәйкес болуын қадағалауға тиіс.
Профилактикалық бақылауды жүргізер алдында мемлекеттік инспектор СҮ немесе ОСО жетекшілерімен кездесіп, жазбаша түрде жалға берілген сауда нүктесін тексеру туралы жұмыстың болатындығын жеткізу керек.
Жұмыстың басты сипаты – Қазақстан Республикасының техникалық бақылау және метрология талаптарының сақталынуы бойынша саудагерлермен әңгімелесу (пікір алмасу). Басты қағидасы – мемлекеттік инспекторлар мен тауар өткізуші (сатушы) арасында сенімділік пен түсінушілік орнату. Осыған орай, мемлекеттік инспектор өз тарапынан Ар-намыс кодексінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Дөрекі сөйлеу, айыптау және қорлау сынды жат қылықтарды көрсетпеуге тиіс.
Мемлекеттік инспектор қарауындағы профилактикалық тексеріс кезеңі аптасына 1 рет 2 сағаттан аспайтын мөлшерде болуы керек. Сонымен қатар, тексерілетін объектілер саны 5 дүңгіршектен аспауға тиіс. Мемлекеттік инспектордың бір бутиктегі түсіндіру жұмыстары 20-25 минуттан аспауы керек.
Дүңгіршектегі тексерілетін тауар алдын ала таңдалған 3-тен 12-ге дейінгі бірлікті құрауға тиіс.
Марат РЫСБЕКОВ,
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
Техникалық реттеу және метрология комитетінің
Астана қаласы бойынша департамент жетекшісі.