Жағымды жаңалықты ақын Бауыржан Бабажанұлы жеткізді. «Әрман булағы» деген жинақ туралы «Жеті жұрт» газеті сүйіншілепті. Әңгіменің әлқиссасын «Отанға, туған елге сүйіспеншілігін, замандастарымыздың рухани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан және қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген ерекше ақын Төлеген Айбергеновтің бір топ өлеңдері «Әрман булағы» деген атпен қарақалпақ тілінде кітап болып басылды» деп бастаған газет жаңа жинақтың Нүкіс қаласындағы «Билим» баспасынан жарыққа шыққанын жазыпты.
Бұл жинақ Төлеген ақынның «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат», «Бір тойым бар» сияқты кітаптарының қатарына қарақалпақ тілінде қатталып қосылып отыр.
Аталған басылымға сүйінші жаңалықты Өзбекстан журналистері шығармашылық одағы Қарақалпақстан бөлімінің басшысы Кеңесбай Реймов хабарлапты. Жалпы, қарақалпақ топырағы Айбергеновке айрықша ыстық екенін білеміз. Жырлары қандай жасын болса, сол найзағайлардай жарқ етіп өмірден өткен өр ақынның өлеңдері қай тілге аударса да құнын жоғалтпайды.
Өле берсін күншілдер
күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған
тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде,
– деп жырлаған ақын ешқашан өлген емес. Оның рухы осындай өміршең туындылары барда мәңгі тірі. Шайырдың әр кітабы жарқырап жарыққа шыққан сайын оның жаңа тынысы ашылады. Әр өлеңі бір әлем бірегей ақынның бұл кітабы қарақалпақ жұртының қымбат қазынасына айналары сөзсіз!