Әдебиет • 06 Қараша, 2020

Әр өлең – бір әлем

642 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айбергеновтің есімі Алаш айналасына ғана емес, адамзатқа ортақ. Бұны біз Төлегеннің таңғажа­йып жырлары қарақалпақ тілін­де кітап болып жарық көрді деген ақжолтай хабарды оқығанда ойладық.

Әр өлең – бір әлем

Жағымды жаңалықты ақын Бауыр­жан Бабажанұлы жеткізді. «Әрман булағы» де­ген жинақ туралы «Жеті жұрт» газеті сүйіншілепті. Әң­гіме­нің әлқиссасын «Отанға, туған елге сүйіс­­пеншілігін, замандастарымыздың ру­хани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ние­­тін жарқырата аш­қан және қазақ поэзия­сына өзін­дік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген ерекше ақын Төлеген Айбер­­геновтің бір топ өлеңдері «Әрман бу­лағы» деген атпен қарақалпақ тілін­де кітап болып басылды» деп бастаған газет жаңа жинақтың Нүкіс қаласындағы «Билим» баспасынан жарыққа шық­қанын жазыпты.

Бұл жинақ Төлеген ақын­ның «Арман сапары», «Өмір­ге саяхат», «Құмдағы мұ­наралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат», «Бір тойым бар» сияқты кітап­тарының қатарына қарақалпақ тілінде қатталып қосылып отыр.

Аталған басылымға сү­йінші жаңа­лықты Өз­бек­стан журналистері шы­ғар­машылық одағы Қара­қал­пақ­стан бөлімінің басшысы Кеңесбай Реймов хабарлапты. Жалпы, қарақалпақ топырағы Айбергеновке айрықша ыс­тық екенін білеміз. Жырлары қан­дай жасын болса, сол най­зағайлардай жарқ етіп өмір­ден өткен өр ақынның өлең­дері қай тілге аударса да құнын жоғалтпайды.

Өле берсін күншілдер

                                 күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған

                                  тау сияқты,

Мен өлемін өзімнің биігімде,

– деп жырлаған ақын ешқашан өлген емес. Оның рухы осындай өміршең туын­дылары барда мәңгі тірі. Шайырдың әр кітабы жарқырап жарыққа шыққан сайын оның жаңа тынысы ашылады. Әр өлеңі бір әлем бірегей ақынның бұл кітабы қарақалпақ жұртының қымбат қазынасына айналары сөзсіз!