Технология • 06 Қараша, 2020

Инстаграм 10 жылда қалай дамыды?

1035 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таңертең ояна сала немесе жұмысқа кірісер алдында Instagram­ды бір шолып өтетін әдетіңіз болса, демек сіз – тұрақты қол­данушысыз. Әлемде дәл сіз сияқты миллиардтаған адам бар. Өйткені әлеуметтік желілердің арасында ең табысты, әрі ең танымалдарының бірі инстаграм екені даусыз. 2010 жылдың 6 қазанында әлем өзін алғаш рет инстаграм көзімен көре бас­тады. Содан бері бақандай 10 жыл өтіп, диджитал әлемінде ерекше орын алған осы бағдарламаның өзектілігі артып келеді.

Инстаграм 10 жылда қалай дамыды?

Ең көп жүктелетін қосымша

Инстаграм – Apple қосым­ша­лар дүкеніндегі көп жүктелетін екінші қосымша. Google іздеу жүйесіндегі ең танымал ондыққа кіреді. 2018 жыл Instagram қол­данушыларының саны 10,1% өсті. Өткен жылы өсімі күрт ­ба­я­у­­лап, 6,7%-ды ғана құрады. Ал биыл, карантиндік шаралар­ға байланысты көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда айтарлық­тай өскен. Мәселен, жыл басынан бері Instagram-ды қол­данушылар саны миллиардтан асты.

Желідегі ең танымал әрі көп­ші­ліктің сүйікті қолданбасы – Stories. Күн сайын 500 млн адам 15 секундтық қысқа видеолар тү­сіреді екен.

Инстаграмды ең көп пайдаланылатын ел АҚШ болса, (110 млн пайдаланушы), Бразилия 70 млн қолданушымен екінші орында тұр. Ал Үндістанда – 69 млн, Индонезияда – 59 млн және Ресейде 40 млн адам тұрақты қолданушы екен.

Инстаграмда халықты қам­ту­дың ең жоғары пайызы Бру­нейде – 60%, Исландияда – 57%, Түркияда – 56%, Швецияда – 55% және Кувейтте – 55%. Қазақ­стандықтар да инстаграмды тұ­рақты пайдаланғанымен, әзірге еліміз бұл рейтингтегі ондыққа да кірмей тұр.

Бір қызығы, сырт көзге әйел­дер қауымы ғана инста-стори түсіріп, күнделікті лента жа­ңар­­­тып отыратындай көрін­ген­мен, әлемдік пайдаланушылар ара­сында ерлердің үлесі 48% және әйелдердің үлесі 52%-ды көрсетіп тұр. Демек, па­йыздық үлесте екі жақты, қол­дануы шамамен бірдей. Ал жалпы пай­­да­ланушылардың 71%-ы – 24 жас­тан кіші. Ал «инста­грам­­шы­лардың» 63%-ы күні­не ке­мін­­де бір рет әлеуметтік же­ліге кір­се, 42%-ы бірнеше рет бас сұ­ғады. Бағдарламаны тек 16% қол­данушы ғана аптасына бір рет­тен қарап отырады екен. Қол­да­нушылар күніне орта есеп­пен инстаграмға 28 минут жұм­сай­ды. Бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда бір минутқа ғана көп.

 

Жарнама алаңы

Инстаграмдағы әлеуетті тұ­­ты­нушылар арасында жар­на­ма­ның қамтылу аясы – 849,3 млн адам. Бұл 13 жастан жо­ға­ры қолданушылардың 14%-ын құрайды. Көрсеткіш 2019 жыл­­дың үшінші тоқсанымен са­лыс­тырғанда, 5,9% өскен. Ай сайын әлеуметтік желіде 2 млн аккаунт жар­намаланады.

Брендтер инстаграм блогер­леріне жарнама үшін орта есеппен 100-ден 2 085 долларға дейін төлейді. Олар бейнематериалдар үшін 114 доллардан 3 138 долларға дейін, ал Stories үшін 43 доллардан 721 долларға дейін төлеуге дайын. Американдық маркетологтар өз бюджетінің 69%-ын инстаграмға ықпал етушілерге жұмсайды.

2020 жылы әлеуметтік желі жарнамадан 12,32 млрд доллар табады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 9,08 млрд долларды құрады.

Әлеуметтік желілердегі жарнама ойындарға орналастырудан 8,3 есе, жұмыс үстелдеріндегі жарнамалардан 5,4 есе тиімді. Бір жыл ішінде #ad (жарнама) хэштегімен посттар саны 48% өсті. Stories-те жарнамалайтын маркетологтардың 96%-ы мұны алдағы 6 айда жалғастыруды ­жоспарлап отыр.

 

Инстаграм контентін кімдер жасап отыр?

Әлеуметтік желіде аккаунты бар кез келген адам үшін оны қандай контентпен тол­ты­ру маңызды. Instagram ал­ғаш­қы жылдардан бері қолдану­шы­лардан контенттің аса сапалы бо­луын талап етпегеннен кейін де қолданушыларының саны азай­майды. Мәселен, инстаграм та­рихында ең көп лайк жинал­ған пост – жұмыртқаның суреті. 54 млн лайк жинаған жарияланым айналасы бірнеше күннің ішінде аккаунт иесін миллионер атандырған. Ал әлем бойынша күн сайын инстаграмға 95 млн жазба жүктеледі. Тағы бір айта кетерлігі, инстаграм пай­да­ланушыларының қара­па­йым жаз­балары танымал бренд­тердің жа­рияланымдарына қара­ғанда кө­бірек оқылады екен.

Instagram – қазіргі уақытта ең маңызды әрі ең танымал жарнама алаңы. Көзін тапқан адамға тиімді бизнес орта екені де айтылып келеді. Десе де он жылда оң өзгерістерге бет бұрған бұл әлеуметтік желі үшін зерттеуші мамандар алда үлкен қауіп барын да жасырмайды. Инстологтар­дың пайымынша, енді жарнама арқы­лы табыс табу қиындайды. Бұл жаңа қолданушылардың жарнама ағымына ілесе алмауымен бай­ланыстырылып отыр. Жалпы, басқа баламалардың көбеюіне бай­ланысты, алдағы уақытта Instagram қолданушылардың өсі­мі баяулайды деген де болжам бар. Бірақ платформа ең тиімді онлайн-жарнамалық арналардың бірі болып қала бермек.