Руханият • 06 Қараша, 2020

Оразбайдың мәрттігі

1865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақта мәрт адам деген ұғым бар. Бұл көп жағдайда ауыл-аймақ, әулет-жекжаттың ұятын сақтап қалу үшін іс-әрекет жасайтын немесе жомарттың жолын байлап тұрған жоқшылықты көргенде, шын ниет, адал пиғылымен көмек қолын ойланбай созатын тұлғаны айтады.

Оразбайдың мәрттігі

Осы орайда, көненің сөзін ұстаған, өткен­нің өнегесін білетін түбі тараздық Нұғы­ман Сүлетей дейтін жігіттің қазақтың қанына сіңген мәрттігі жайлы әңгімесін есті­ген едік. Оның айтуынша, Абай атамыз ке­меліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазақ­қа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен абыройлы қария болыпты.

Осы кісі қартайған шағында: «Арманым, Семей еліндегі Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» деп­ті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адам­гершіліктің бар сипатын Абай деп білемін», деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.

Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Елінде бір ай жатып қонақ болған Жәмеңке қарияға Абай:

– Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз, – дегенде, Жәмеңке:

– Қамысқұлақ атыңды бер, – деген екен. Ондай жылқысы жоқ Абай:

– Қай қамысқұлақ атты айтасыз? – дегенде Жәмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамыс құ­лақ...» деп басталатын өзінің «Аттың сыны» атты өлеңін түгелдей жатқа айтып шы­ғыпты.

Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік та­был­мағандықтан, қонағын тағы бір жұма аял­датып, бес болыс Тобықты еліне сауын айтып, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз 9 мың жылқысы бар Оразбайға:

– Ел намысы – ер намысы болғанда, ер на­мысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір та­йын аямасын, – деген сәлеммен кісі жіберіпті.

Сәлемді естіген Оразбай:

– Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын, – деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 қос жылқы үйірлерін аралап жүріп үш ат ұстатыпты.

– Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты бір-бірден берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін, – депті.