22 Қараша, 2013

АТОМ жобасының таныстырылымы

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Токио қаласында орналасқан жапониялық баспасөз орталығында АТОМ жобасын таныстыру шарасы аясында қазақстандық суретші және жобаның құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің суреттер көрмесі өтті.

Токио қаласында орналасқан жапониялық баспасөз орталығында АТОМ жобасын таныстыру шарасы аясында қазақстандық суретші және жобаның құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің суреттер көрмесі өтті.

Көрменің ашылу рәсіміне Жапония Парламентінің депутаттары мен басты мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен БАҚ-тардың өкілдері, сондай-ақ, антиядролық қозғалыс саласындағы әйгілі ұйымдардың басшылары қатысты. Сонымен қатар, Жапония Премьер-министрінің жұбайы Акиэ Абэ рәсімнің құрметті қонағы болды.

Шараны ашқан Қазақстанның Жапония­­дағы елшісі Ақылбек Камалдинов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабуға қатысты тарихи шешімінің маңыздылығын атап айтып, мәртебелі меймандарға Қазақстанның жаһан­­­­дық қауіпсіздікті күшейтуге қосып келе жатқан үлесі жайында, сонымен қатар, Елба­сының жаңа халықаралық бастамасы болып табылатын АТОМ жобасы жайында айтып берді.

Жапония Парламенті кеңесшілер палата­­­сының депутаты Кадзуюки Хамада өз сөзін­де Қазақстан Президентінің ядролық қарусыз әлем қалыптастыруға және Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялауға бағытталған күш-жігерін атап өтті.

«Суретші – соғыс бастайтын адам емес: өнер қауіпсіз әлем құруға көмектесе алады», деді шарада сөз сөйлеген жапондық «Су­ретсіз сурет кітабы» жобасының жетек­ші­сі, суретші және дизайнер Хироми Инаёши.

Құрметті қонақтармен болған әңгіме арасында К.Күйіков Жапония Премьер-министрінің жұбайын Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне қосып отырған үлесімен танысу және екі ел арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту мақсатымен Қазақстанға шақырды.

«Кәріпбек Күйіковтің суреттері адамдарды ядролық қарусыз әлемге бағытталған күреске жігерлендіреді. Осы өнер өз мақсатына жетіп, әлем ядролық қарудан азат болса, тамаша болар еді», деген А.Абэ шара соңында өнердің күші әлемді өзгертетініне сенімін білдірді.

АТОМ жобасының көп адамдарды ядролық қаруды толықтай жою жолындағы берік қозғалысқа үндей алатын үлкен әлеуеті бар екені жайындағы шара қонақтарының пікірлері бір-біріне үндес шықты.

Өз кезегінде ҚР СІМ-інің Ерекше тап­сырмалар жөніндегі елшісі Роман Ва­си­ленко АТОМ жобасының осы күні әлем­нің 100 елінде қолдау тауып отырғанын және жобаның онлайн-петициясына қол қоюшылардың саны күннен-күнге өсіп отырғанын атады.

Шара алдында Жапония қорының ғимаратында К.Күйіковтің бөлек көрмесі өтті. Токиодағы АТОМ жобасын таныстыру шарасы мен қазақстандық суретшінің көрмесіне жалпы 2000 адам қатысты.

Сонымен қатар, К.Күйіков Жапонияның әйгілі Кейо университеті жанындағы оқу орындары мен Икубункан институтының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері алдында сөз сөйледі. Жапондық оқушылар мен студенттер Семей ядролық сынақ полигонының зардаптары мен Қазақ­станның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы соңғы бастамаларына үлкен қызығушылық танытты.

АТОМ жобасын Жапонияда таныстыру шарасы белгілі «Earth Identity Project» Үкіметтік емес ұйымының «Суретсіз сурет кітабы» атты өнер саласындағы жобасы аясында ұйымдастырылды. Апта барысында Хиросима және Нагасаки қалаларында да шаралар өткізілді.

Сәулебек БІРЖАН.

Соңғы жаңалықтар