Сайлау • 09 Қараша, 2020

АҚШ-тағы сайлау: Джо Байден жеңіске жетті

384 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

3 қарашада басталған АҚШ-тағы президент сайлауында елдің бұрынғы вице-президенті, демократтар өкілі Джо Байден жеңіске жетті. Дональд Трамп сайлаудың әділ өтпегенін айтып, сотқа шағымданатынын хабарлады. Демократтардан шыққан Камалла Харис вице-президент атанды. Осылайша, ол АҚШ тарихында алғашқы әйел вице-президент болып отыр.

АҚШ-тағы сайлау: Джо Байден жеңіске жетті

Сайлау нәтижесі әлі де ресми түрде жарияланбағанын айтып өтейік. Кей штаттардың нәтижесі тіпті 12 қарашада белгілі болуы мүмкін. Алайда бүгінге дейін саналып үлгерген және электораттың шешімін ескеріп, алдын ала нәтиже шығару АҚШ жүйесінде қалыптасқан үрдіс. Сенбіде Пенсильвания элек­торатының Байденді қолдағаны мәлім болып,  жеңіске жету үшін элек­тораттық колледждерден жи­налуы міндетті 270 дауыстан асып, қарсыласы Дональд Трамп­тан басып озды. Жексенбіге қара­ған түнде халықаралық басылымдар Джозеф Байденнің жеңіске жеткенін жарыса жазды. Бір айта кетерлігі, Джозеф Байден бұған дейін екі рет президент сайлауы­на қатысқан болатын.

Қазір 50 штаттың 46-сы өз шешімін беріп үлгерген. Соң­ғы статистика Джо Байден 279, ал Дональд Трамп 214 дауыс жинағанын көрсетіп отыр. АҚШ аза­маттарының да таңдауы мем­лекеттік хатшыға түсіп тұр. Сай­лау комиссиясы Байденнің қан­жығасында 74 миллион дауыс барын мәлімдеп үлгерді. 

Бұған дейінгі мәлімдемелерде экс-президент Дональд Трамп өзінің қайта сайланатынына еш күмән келтірмейтінін айтып, жеңіске жеткенін хабарлап үлгерген-ді. Басылымдар қарсыласының жеңгенін жаза бастағанда, Дональд Трамп сайлау нәтижесінің қате екенін, сайлаудың әділ өтпегенін және сотқа шағымданатынын хабарлады. Республикалық партияның төрағасы Ронна Макданиель Twitter-де: «Сайлауда кімнің же­ңіс­ке жеткенін медиа емес, дауыс берушілер шешеді», деп жазды.

Джозеф Байден қазір 78 жас­та. Осылайша, ол АҚШ тари­хындағы ең жасы үлкен президент болып қалмақ. Бұған дейін 35 жылдан астам уақыт Делавэр штатынан сенатор болып қызмет етті. Одан кейін Барак Обаманың тұсында вице-президент болды.

Демократиялық партияның ең тәжірибелі әрі танымал өкілі саналады. Сайлауалды бағдарламасында «Ел басқаруды маған сеніп тапсырсаңыздар, біздің барлық жақсы тұсымызды дамы­туға тырысамын. Мен қараңғы емес жарықты қолдаймын» деген еді. Прези­дент сайлауында жеңіске жеткенін естігенде «Бірігетін кез келді» деп жариялады.

Басылымдардың жаңалығынан көп кешікпей Джозеф Байден Делавэрден мәлімдеме жасады. Ең алдымен өзінің қарсыласы Дональд Трампқа: «Сенің өкінішіңді түсінемін», деп сәлем жолдады.

«1860 жылы Линкольн одақты құт­қару үшін келді, Рузвельт 1932 жылы елге жаңа мүмкіндіктер сыйлауға уәде берді. Кеннеди шекараларды бұзатынын айтты, ал Барак Обама тағайындалған да: «Біздің қолымыздан келеді» деді. Біздің ел ең жақсы қасиеттеріміз бен ең нашар тұстарымыздың айқасынан тұрады. Енді президенттің айтқаны маңызды. Сондықтан жақсы қасиеттерімізді аша түсетін уақыт жетті. Бүгінгі шара барлық Американың назарында. Ал АҚШ-тың бүкіл әлем үшін жолсерік екеніне сенемін», деді.

Жаңа президент өз мәлімдемесінде алғашқы жоспарымен де бөлісіп үлгерді. Ең алдымен, коронавирустың таралуын тоқтатып, науқастарды бақы­лауға алатынын айтты. «Дүйсен­біде жетекші ғалымдар мен сарапшыларды шақырып, «Байден-Харрис» коронавирус жоспарына үлес қосуға жұмылдырамын. Сонымен бірге ол жоспар 2021 жылдың 20 қаңтарында әрекетке айналады», деді.

Америка халқына білдірген сенімі мен үміті үшін бірнеше рет алғыс айтқан Байден бөліну емес, бірігуді қолдайтынын еске салды. «Мен бірігуді қалаймын. Американы көк пен қызылға бөлмей, біртұтас Құрама Штаттар ретінде көрейік. Сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін бар жүрегіммен жұмыс істеймін. Бұл орынға Американы қайта біріктіру үшін, қайтадан әлемдегі сыйлы елге айналдыру үшін, орта тапты жандандыру үшін таластым», деді.

Сонымен бірге өзіне дауыс берген афроамерикалықтарға да алғыс айтты. «Бұл жарыстың әуел басында мені қолдаған кампаниямның одан әрі жалғасуына үлес қосқандары үшін ризамын», деді ол.  

«Біз білетін сол жақсы ұлт болуға рұқсат етіңдер. Біртұтас, мықты ұлт болайық. Ханымдар мен мырзалар, біз тырысып, бірақ қолымыз жет­пе­ген мақсат болмады. Сенейік. Барлы­ғың­ды жақсы көремін. Американы жарыл­қасын», деп түйіндеді алғашқы сөзін.

Елдің вице-президенті болып таға­йындалған Камала Харрис Байденнің барлық ел үшін президент болатынына сенім білдірді. Демократиялық партияның өкілі Харрис те АҚШ тарихында ойып тұрып орын алмақ. Ол алғашқы әйел вице-президент болуымен қатар алғашқы қара нәсілді вице-президент болғалы тұр. Бұған дейін Калифорния қаласының бас прокуроры, Калифорния штатынан сенатор болып қызмет еткен. «Демократия деген мемлекет емес, ол әрекет. Американың демократиясы тұрақты емес, ол біздің сол жолдағы күресіміз сияқты мықты. Оны міндетті деп қабылдамауымыз керек. Демократия үздіксіз күресті қажет етеді. Бірақ қызықтың бәрі сонда. Прогресте. Өйткені бізде, яғни халықта жарқын болашақ құруға күш бар», деді Харрис алғашқы сөзінде.

АҚШ президентінің ауысуы елдің сыртқы саясатының бағыты өзгереді деген сөз. Джозеф Байден Обаманың тұсын­да да елдің сыртқы саясатына көп кө­ңіл бөлетін. Сарапшылар оның алыс-бе­ріс­ке көп мән беретінін қазірден ай­тып жатыр. НАТО шеңберіндегі серіктес­тіктің «Сен  маған, мен саған» саяса­тына көшуі мүмкін деген болжам да жоқ емес.

Вице-президент кезінде Ауғанстанда АҚШ әскерінің көбеюіне қарсылық білдірген-ді. Сонымен бірге Ирактан АҚШ әскерін шығаруды қолдады. Дау­лы мәселесі де жоқ емес. Халықаралық басылымдар оның шетелдік инвес­торлардан ақша алғанын да жазған еді. Олардың қатарында ресейлік, украиндық олигархтар да бар. Өйткені президент Обаманың тұсында Байден президент әкімшілігі мен Украина арасындағы көпір болатын. Ал 2014 жылы ұлы Хантер Байден Украинадағы ірі компаниялардың бірінің кеңес мүшесі атанғанда жемқор­лыққа қатысы бар деген айып тағылып үлгерді.

Жасына қатысты наразылықтар да жоқ емес. Жалпы, Байден өз кандидатурасын ұсынғалы оның үгіт-насихатын жіті бақылап, қателескен сәттерін жасымен байланыстырып сынағандар көп болды.

Елдегі елеулі саяси жаңалық АҚШ тыныштығына әсер ете қоймады. Трамп­тың жақтастары осымен үшінші күн бойы көшелерде наразылық танытуда. Кеше Аризонадағы сайлау комиссиясының алдына жиналған белсенділер дауыс санау процесінің баяулауы Трамтың дауысын ұрлау әре­кеті деп ойлайтынын мәлімдеді. Дональд Трамп та бұл оймен келісетінін Twitter-дегі парақшасында хабар­лады. Аризонадағы Марикопа округін­ің өкілдері әлі 90 000 дауыстың қарал­маға­нын хабарлады. «Биыл таң­дау жасауға келгендер көп болды. Нәти­женің кешіктірілуі осыған байланыс­ты. Біз дауыстарды санап үлгермей жатырмыз», деді сайлау орталығының өкілі. Осы орайда Трамп сайлаудың әділ өтпегенін хабарласа да, растайтын дәлел келтіре алмады. Ол сотқа жүгінген жағдайда дауыстар қайта саналып, одан кейін аппеляция үшін Жоғарғы сотқа жүгінеді.

Джозеф Байденнің халыққа жолдауынан кейін бірнеше елдің президенттері АҚШ-тың жаңа басшысын құттықтап үлгерді. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди оның Үндістан-АҚШ қатынасындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, жеңісімен құттықтады. Құттық­таушылар қатарында Ұлыбритания, Канада, Грекия, Нидерланд, Бельгия, Лат­вия басшылары бар.  Қазақстан Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев та, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев та  Джо­зеф Байденді Америка Құрама Штат­тары­ның президенті лауазымына сай­ла­нуы­­мен  құттықтады. Ал Мексика пре­­зи­денті Андрес Мануел Лопез жаңа әріп­­тесін құттықтауға асықпайтынын, рес­­ми қорытындыны күтетінін жазыпты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ресми қорытынды 12 қарашаға қарай бел­гілі болады. Дауыс қорытындысын хабар­ламаған әлі 4 штат бар. Прези­дентті ұлықтау рәсімі 2021 жылдың 20 қаң­тарына жоспарланған.