Мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылды
Әлемді әбігерге салған індеттің таралуының алдын алу мақсатында 56 106 қазақстандыққа автоматты түрде мүгедектік мерзімі, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі және жеке оңалту бағдарламалары үш айға ұзартылды. Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жүзеге асырылады.
Сонымен қатар 15 830 қазақстандық мүгедектікті eGov.kz порталы арқылы онлайн режімде сырттай рәсімдеді және ұзартты. Мұндай мүмкіндік мемлекеттік мекемелерде адамдардың көп жиналуын болдырмау және коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында жасалды.
Індет қаупінің күшеюіне байланысты азаматтар мүгедектікті белгілеу және қайта куәландыру үшін электронды форматта өтініш бере алады. Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторлану қажет және электронды цифрлық қолтаңба болуы керек. Порталға кіргеннен кейін оң жақ жоғары бұрышында ашылмалы тізімі бар батырманы басып, «Электрондық өтініштер» және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» дегенді таңдау қажет. Содан кейін өтініш беруші өзінің жеке кабинетіне кіреді, ол жерде «Құру» түймесін басады. Әрі қарай көрсетілген жолдарды толтырып, «Алушы» жолында «Еңбек, әлеуметтік қорғау және Көші-қон комитетінің аумақтық департаменті» тармағын таңдайды. Бұған қоса құжаттардың фотоға түсірілген немесе сканерленген көшірмелерін қоса беру қажет.
Тізімді «Қажетті құжаттар тізімі» сілтемесіне өту арқылы көруге болады. Соңғы әрекет ЭЦҚ-кілттің көмегімен өтінімге қол қою болады. Ол үшін «Сертификатты таңдау» батырмасын басу және атауы «RSA...»-дан басталатын файлды таңдау қажет, содан кейін жүйе ашық парольді енгізуді талап етеді. Өтініш беру нәтижесінде өтінімге жеке кабинетте статус беріледі.
Айта кетейік, 16 және 18 жасқа толған мүгедек балаларға қатысты сырттай қайта куәландыру қарастырылған. Оларға мүгедектік қолда бар құжаттар негізінде және алдыңғы куәландыруға сәйкес мүгедектік дәрежесін ескере отырып белгіленеді.
Мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту бойынша шаралар алғаш рет Қазақстан аумағында төтенше жағдай режімі енгізілген кезеңде қабылданды. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай кезеңіне және бір ай бұрын келген адамдарға мүгедектік 3 айға ұзартылды. Бұдан әрі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында шектеу шараларының, оның ішінде карантиннің сақталуын ескере отырып, мүгедектік мерзімдері ұзартылды.
8 жаңа оңалту орталығы салынады
Қазақстанның 8 облысында мүгедектігі бар тұлғаларға арналған оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов төрағалық еткен жергілікті атқарушы органдармен кеңес барысында мәлім болды.
Еліміздің 5 облысында мұндай орталықтар жоқ, ал 3 облыста төсектік орындар жетіспейтіндіктен, тиісті мекемелерге қосымша қажеттілік бар. Орталықтардың құрылысы үшін қазірдің өзінде аумағы 5 гектарға жуық жер телімдері бөлінген. Әкімдіктер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы бекітуді күтуде. Құрылыс кезеңінде мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту қызметтерімен қамтуды қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе мемлекет-жекеменшік серіктестік шеңберінде орталықтарды ашуға жергілікті бюджеттерден қаражат қарастыру туралы ұсыныс хат жолдайды.
Бүгінгі таңда республикада 40 оңалту орталығы бар, оның 12-сі биыл іске қосылды. Бұл қамту ауқымын 42%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты, 1,5 мың қосымша төсектік орын пайда болды.
Жаңа орталықтардың құрылысы стационар жағдайында оңалту қызметіне мұқтаж барлық мүгедектігі бар тұлғалардың қажеттілігін өтейді. Қазіргі уақытта оңалту орталықтары жоқ аймақтарда күндізгі емдеу бөлімінде және үйде қызмет көрсетіледі.
Мүгедектігі бар тұлғалар – мемлекет қамқорлығында
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соның бірі – қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірленді.
Осы санаттағы азаматтарды белсенді жұмысқа тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар 120 адам IT мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бизнесте жүрген немесе стартап-жобаларға ие мүгедектігі бар адамдарға акселерация, ауқымды кеңейту, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға көмектесу мақсатында жәрдем жасалады.
Сонымен бірге биыл қараша айында мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандықтар атласын әзірлеу аяқталады. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына және жеке HR-агенттіктерге, шектеу түріне байланысты қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеуге, Электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
273 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек аралығында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 218,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 54,8 млрд теңге бөлінді.
«2020 жылғы қыркүйек айында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 24,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 5,2 млрд теңге бағытталды. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 533,1 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 132,2 мың адамды құрайды», делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 2020 жылғы 1 қазанға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері –
46 196 теңгені, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 39 179 теңгені құрады.
Әлеуметтік қызметтер порталы жұмысты жеңілдетті
Өткенде 1411 колл-орталығының алаңында Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану және колл-орталықтың жұмысы мәселелері бойынша мүгедектігі бар адамдар қатарындағы белсенділер мен қоғам қайраткерлері кеңес берді. Сервис азаматтарға әлеуметтік-еңбек саласының негізгі бағыттары бойынша кеңес беруге мамандандырылған. Оның ішінде зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, еңбек қатынастары және басқа да мәселелер бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Әділет Закиев мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды келесі жылдан бастап порталда жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тапсырыс беру бойынша, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеуді жүзеге асыру үшін ұйымды таңдау бойынша функционалдың қосылатыны туралы хабардар етті. Биыл бұл қызмет қанатқақты режімде іске асырылады.
«Біз мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың байланыс орталығына шығуын ұйымдастырдық. Олар операторлардың қалай жұмыс істейтінін, оларға азаматтар қандай сұрақтармен жүгінетінін көрді, сондай-ақ тесттік қоңырау шалып, жедел консультация алды. Сондай-ақ біз колл-орталық басшылығынан олардың келесі жылғы жұмысты қалай жоспарлағанын, жүктеме қашан артуы мүмкін екенін білдік. Жалпы, барлығы риза болды», деді Ә.Закиев.
Өз кезегінде 1-топтағы мүгедек Батыржан Қадыров мұндай кездесулер мүгедек адамдар үшін өте қажет екенін атап өтті.
«Келесі жылдан бастап порталда санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтері қолжетімді болатынын тағатсыздана күтемін. Байланыс орталығына келетін болсақ, операторлардың жедел жұмысын атап өткім келеді. Біз сол жерде қоңырау шалып, сұрақтарымызға жауап алдық. Қазіргі уақытта мен өзім орталықтың жұмысын көріп, бағаладым. Жұмыстың жолға қойылғаны байқалады», деп өз ойымен бөлісті Б.Қадыров.
Колл-орталықтың операторы Жадыра Әубәкірованың айтуынша, Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану мәселелерінен басқа, оларға азаматтар алғыс айту үшін жиі хабарласып жатады.
Колл-орталықтың жедел және үздіксіз қызметін 60 адам қамтамасыз етеді. Колл-орталық күн сайын сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, мерекелік және демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Күніне Қазақстанның барлық өңірінен 3,5 мыңнан 5 мыңға дейін қоңырау түседі.
15 мыңнан аса азаматтың жұмысқа тұруына жәрдемдесті
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуды қолдау шаралары 15,4 мың мүгедектігі бар адамға көрсетілді. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 11,4 мыңнан аса адам, ал Жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол картасы шеңберінде 2,2 мың адам қолдау алды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 11,4 мың мүгедектігі бар адам қатысты, оның 4 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, 6 мыңнан астамы уақытша жұмыстарға орналастырылды, 448 азамат қысқамерзімді кәсіптік оқытумен қамтылды, 284 адам микрокредиттер алды және 700 адам мемлекеттік гранттар алды. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуға 504 адам жіберілді. Тағы 2,2 мыңға жуық мүгедектігі бар адам Жұмыспен қамтудың жол картасының жобаларына жұмысқа орналастырылды.
Бұдан басқа «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеуді қамтамасыз етеді. Квота шеңберінде 2017 жылдан бастап осы жылға дейін 13,6 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1,8 мыңы 2020 жылдың ІІ тоқсанында жұмыспен қамтылды.