Аймақтар • 09 Қараша, 2020

Кәсіпкерлер көбейіп келеді

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ел еңсесін көтеруге септігі молынан тиіп тұр. Ел ішінде өз алдына бір кәсіптің жалынан ұстап, нәпақасын молайтуға ұмтылатындардың қатары көбейіп келеді.

Кәсіпкерлер көбейіп келеді

Өтпелі кезеңнің өкпек желіне қа­быр­ғасы қайысқан ауыл тұрғындары ал­ғашқы кезде абдырап қалғаны да шын­дық. Нарықтық қатынастар бей­мә­лім дүние болатын. Ойға алғаның түгел жүзеге аса бере ме? Алғашқы ұм­ты­лыста жолы болмағандар кейін беті қай­тып, дағдарып та қалды. Өйткені олар кәсіпкерліктің қыр-сырын біле бер­мейтін. Бүгінгі таңда ол олқылықтың ор­нын толтыруға қам жасалып жатыр. Бағ­дар­ламаға қатысушылар кәсіпкерлік дағ­дыларын жете меңгеріп, бизнес жобаларын дайындауға үйренуде. Осы арқылы өз істерінің алға басатындарына сенімді.

Биыл ауданда бағдарлама арқылы оқыған 54 адам несие алады деп жос­парланғанымен, тек 14-іне ғана 58 млн теңге көлемінде несие берілді. Бір айта кетерлігі, тәуекел етіп, несие алу­шы­лардың көпшілігі ата кәсіп – мал ша­руашылығымен айналыспақшы. Шы­нында да, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан, атадан мирас болып қалған бұл шаруаның қатпарлы құпиясы да жоқ. Тек өз ісіңе барынша мұқият бол­саң болғаны.

Ойға алған іс оңғарылып кетсе, өңір­дегі азық-түлік бағасы да арзан­дауы әбден мүмкін. Оның үстіне мал басы өскен сайын біреулер жем-шө­бін дайындап, енді біреулер д­айын ­өнімді өткізіп, қаржы табарлық қа­ре­кет көбейеді. Аудандық жұмыспен қам­ту орталығының маманы Айжан Мұ­ха­­медиеваның айтуына қарағанда, биыл 31 грант бөлінген екен. Қазіргі күні бағдарламаға қатысуға сұраныс көбейе түскен. Бұл да – жағымды жайт. Өйткені ауыл тұрғындары адал еңбектің нәсібін көрмекші болып, ұм­тылғаны дұрыс. Ынталанушылар бар болған соң бюджеттік өтінім де берілген.

Қазір ауданда өзгеге үлгі боларлық жаңа кәсіпкерлер легі қаулап өсіп келеді. Олардың ісі берекелі болған сайын, өзгелер де қатардан қалмайық деп қамдана түсуде. Кәсіпкерліктің дамуының арқасында сән салоны, тех­­никалық қызмет көрсету стансасы ашылып, халыққа қызмет ете бас­таған. Осындай талапты жанның бірі – аудан тұрғыны Елена Горбунова бағ­дарлама аясында шағын несиеге қол жеткізіпті. Алдымен кәсіби білігін шың­дайтын курс бітірген. Тиімділігін егжей-тегжейлі екшеген, бизнес жос­парын жасаған. Бұрын бірыңғай саудамен айналысқан адам үшін кәсіпкерлік таңсық дүние емес. Демеу боларлық 6 млн теңге несие қолына тиген соң азық-түлік сататын дүкен ашып алыпты. Қазір бұл дүкенде жергілікті шаруа­шылықтарда өндірілген көкөніс пен сүт өнімдері сатылады.

– Аудандағы бағаны байыптап қа­рап, тым өсірмеуге тырыстым. Сонда өнімім өтімді болады, халыққа да жақ­­сы. Ал шаруашылық басшылары бей­нетін белден кешіп жүріп өндірген өнім­дерін тапсыратын жер іздемейді, – дейді ол.

Жұмысын дөңгелетіп отырған кә­сіпкер алдағы уақытта тұшпара цехын ашып алмақшы. Егер бұл ойы жүзеге асса, бірнеше адамға жұмыс болмақ.

 

Ақмола облысы

Бұланды ауданы