Спорт • 09 Қараша, 2020

Соққыға жығылған спортшылар

1538 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Спортшылар – мемлекетіміздің мақтанышы, әлемдік қоғамдастық алдында еліміздің мерейін асырып, даңқын арттырып жүрген оғландар. Сол саңлақтардың өрелі өнері, асқан шеберлігі мен толағай табысының арқасында төрткүл дүние жұртшылығы тәуелсіз Қазақстанды танып, мықтылығымызды мойындады. Осы орайда «Шетелде бөгде елдің туы екі жағдайда ғана биікке көтеріледі. Біріншісі – Мемлекет басшысы сол елге ресми сапармен барғанда, екіншісі – аталған елдің спортшылары жеңіске жеткенде» деген сөз ойға оралады.

Соққыға жығылған спортшылар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Өкінішке қарай біздің қоғам әлі де спортшылар қауымын бағалап, қадіріне жете алмай жүрген секілді. Соңғы жылдары талай тарланымыз бен арланымыз жол торыған қарақшылар мен қандықол қылмыскерлер қолынан қапияда қаза табуы – жоғарыда айтылған сөзіміздің дәлелі. Ал соққыға жығылғандары, пы­шаққа түскендері, жұмбақ жағдайда көз жұмғандары қаншама...

Әлі есімізде, даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасы мен Азия ойындарының жеңімпазы, Атланта Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, 1996 және 2000 жылдары алауы тұтанған Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақ елінің Көк байрағын ұстап шыққан Ермахан Ыбырайымовтың 2002 жылдың шілде айында Алматының қақ ор­тасында соққыға жығылғаны. Ал 2009 жылдың ақпан айында Алатау бау­райындағы әсем шаһарда орналасқан «Ақниет» деп аталатын мейрамханада төрткүл дүниенің теңдессіз ауыр атлеті Илья Ильин пышаққа түсті. Қос саңлақты да Алла тағала сақтады. Дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем-дом қабылдағаннан кейін олар біраз уақыттан соң аяқтарынан тік тұрып кетті.

2013 жылдың жазында Алматыда танымал футболшы, «Ақтөбе» клубының ойыншысы Эмиль Кенжесариев аса ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оны ажал тырнағынан әзер дегенде аман алып қалды. Кейін белгілі болғанындай, сол күні Эмиль достарымен бірге караоке-барда демалады. Сол жерде ол күзет­шімен ерегісіп қалады. Ақыры соқ­талдай жігіт футболшыны оңдырмай сабап, о дүниеге аттандыра жаздады. Көп ұзамай қылмыскер қолға түсті. Өз кінәсін мойындаған күзетші бірер жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы оқиғадан кейін Кенжесариевтің үлкен спортпен қош айтысуына тура келді.

Дәл сол жылдың күзінде Теміртау қаласында досының үйлену тойына барған Қазақстанның белгілі дзюдошысы, Азия ойындары мен құрлық чем­пионатының жүлдегері, Лондон Олим­пиадасына қатысушы Ислам Бозбаевтың аяғына оқ тиіп, ауруханаға түсті. Бір жылдан аса уақыт емделген соң Ислам боз кілемге қайта оралды.

Бір байқағанымыз, өзге спорт түрлері өкілдеріне қарағанда осындай келеңсіз жағдайларға футболшылар жиі ілігеді екен. 2001 жылы ел чемпионатындағы кезекті тур кездесуін өткізу үшін Петро­павлдың Астанаға келіп, қонақүйге ор­наласқан «Есіл-Богатырь» клубының ойыншылары Игорь Авдеев пен Сергей Калабухинді белгісіз біреулер сол жерде оңдырмай сабап кеткен.

2003 жылы «Ақтөбенің» шабуылшысы Дмитрий Бяков өзінің 25 жасқа толған мерейлі күнін Алматыдағы «Стетсон» мейрамханасында атап өтеді. Сол жерде төбелес шығып, қарсы жақтағы жігіт­тер суық қарудың көмегіне жүгінген. Солар­дың бірінің сілтеген пышағы Бяковтың жүрек тұсына келіп қадалды. Ол да ес-түссіз күйінде ауруханаға түсті. Ақ желеңді абзал жандардың арқасында ғана Дима ажалдан аман қалды.

2010 жылы Оралдағы дәмханалардың бірінде жанжал шығып, жергілікті «Ақ­жайық» клубының капитаны Айбек Губай­дуллин ауыр жарақат алады. Бұ­зақы оның денесіне бірнеше жерден кәуап пі­сіретін темірді тығып алған екен. Соның кесірінен Айбек бір бүйрегінен айы­рылды. 2012 жылы Павлодардағы мейрамханада ішімдікке сылқия тойып алған базбіреулер «Ертістің» қорғаушысы Ан­тон Чичулиннің жағын сындырды. 2014 жылы дәл сол қалада аталған команданың бас директоры Халимжан Ер­жанов пен спорттық директоры Болат Ыс­қақовты өздері жалдап тұрып жатқан үйле­рінде белгісіз біреулер аяусыз тепкілеп кеткен.

2017 жылдың жазында Петропавлдағы «Парк-Сити» түнгі клубының маңына жиналған бір топ жас жанжалдасады. Құр сөзбен қарсыласын қаймықтыра алмайтынын ұғынған бұзақы қойнындағы тапаншаны шығарады. Атылған оқтың бірі жекпе-жек өнерінің шебері Ербол Хамитовқа тиеді. Осы оқиғаның салдарынан 19 жастағы дарынды спортшы сол аяғынан айырылды.

Қазақстан спортындағы осындай жайсыз оқиғалар мұнымен ғана шектелмейді. 1995 жылы таэквондоның тарланбозы Мұстафа Өзтүрік кенеттен қайтыс болды. Германиядан атажұртын аңсап келген өр мінезді азаматты халық айрықша қастерледі. Жат жерде осындай ұлының барына барша Алаш жұрты қуанды, мақтан тұтты. Мұзбалақ Мұстафа респуб­ликамыздың әр қиырынан таэквондо мектептерін ашып, осы өнердің өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақты, қазақ оны ерекше жақсы көрді. Сол арыс­тай азамат небәрі 40 жасында көз жұмды. Сол тұста батырдың қазасы жайында түрлі әңгіме өрбіді. Алайда арада ширек ғасыр уақыт өтсе де жұмбақ өлім сол баяғы жұмбақ күйінде қалып отыр.

1999 жылы Алматыда Ескендір Хаса­новты еске түсіруге арналған бокс тур­нирі өтті. Бастапқы бәсекелерде өз қарсыластарынан басым түскен Нұржан Сманов жартылай финалға жолдама алды. Келесі күні қонақүйден шығып, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына беттегенде жол торыған қарақшылар боксшының бетіне уландырғыш зат сеуіп, көлікке отырғызды да айдалаға апарып тастап кетті. Бірер сағаттан соң есін жиса, Панфилов саябағында жалғыз жатыр екен. Ал жарыс әлдеқашан аяқ­талып қойған. Осы оқиғадан соң Нұржан өз-өзіне келе алмай жүрді. Қия­натқа жаны қас спортшы «Жау алыстан келген жоқ. Осындай арсыздыққа барғандар бокстың төңірегінде жүрген ниеті қара, пиғылы арам адамдар» деп өзінше топшылады.

2000 жылдың соңғы минуттарында Шымкент пен Түркістан тас жолында Бекзат Саттархановтан айырылдық. Сидней Олимпиадасында жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына көтерілген сайып­қыранның асқан шеберлігіне төрткүл дүние жұртшылығы сүйсінді. Тең­дессіз өнеріне тамсанып, таңдай қақты, талантына бас иді. Ал Бекзат болса сол межені қанағат тұтып қоймайтынын аңғартып, «Қазақтан шыққан үш дүркін Олимпиада чемпиондары жоқ. Бұйыртса, сол көшті мен бастаймын!» деп батыл сөйлеген еді. Бірақ арманы асқақ Бекзатқа ондай бақ бұйырмады. Қазақ боксшыларының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы 2001 жылды тойлауға тура 15 минут қалғанда Шымкент қаласы жанындағы Темірлан ауылының маңында көз жұмды. Әйгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың «Құшағы қатты халық екенбіз!..» деп күңіренгені де сол кез еді ғой...

2002 жылдың 31 шілдесінде Ресейдің Челябі облысы аумағында шайбалы хоккейден Олимпиада чемпионы Борис Александров көлік апатынан қаза тапты. 1976 жылы Инсбрукте алтын тұғырға кө­теріліп, кейіннен елімізде осы спорт тү­рінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азамат 47 жасқа қараған шағында бақи­лық болды.

2003 жылдың 19 мамырында бокстан аса ауыр салмақтағы Олимпия ойындары, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Александр Мирошниченко Қостанай қаласындағы өзі тұратын үйдің 9 қабатынан құлап өлді. Өзі құлады ма, әлде өзге біреу құлатты ма? Бұл да бір жауабы жоқ сұрақ.

2008 жылдың 11 тамызында Аста­наның іргесіндегі Аршалы ауылының ма­ңында Сеул Олимпиадасының жеңім­пазы, Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропаның бес дүркін чемпионы, дүниежүзілік рекордты талай мәрте жаңартқан Анатолий Храпатыйдың тізгіндеген мотоциклі қарсы бағытқа шығып кеткен «Тойота» көлігімен соқтығысты. Даңқты ауыр атлет сол жерде жантәсілім етті. Анатолий небәрі 45 жаста еді.

2011 жылдың 5 ақпанында Қарағанды мен Жезқазаған тас жолының бойында самбодан әлем және Еуропа чемпионы, КСРО кубогінің иегері Қанат Бай­шолақовты КамАЗ қағып кетті. Бо­ранды күні атақты балуан мінген жеңіл көлік жолдың жиегіне шығып кетіп, ол өзге жүргізушілерден көмек сұрамақ болады. Ауа райының қолайсыздығынан КамАЗ жүргізушісі Қанатты байқамай қалған екен. Алаштың алтын асықтай азаматы 50 жасқа қараған шағында қа­за тапты.

Тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі заманда тараздық Нұрлан Көпжа­саров пен ақтөбелік Есенкелді Батыр­ғариннің із-түзсіз жоғалғаны жайында жайсыз хабар жер-жаһанға тарады. Екеуі де елге елеулі тұлға еді. Нұрлан – аса керемет боксшы, Бүкілодақтық және ха­лықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлде алып жүрген сақа спортшы. Есенкелді – грек-рим күресінің хас шебері, КСРО Халықтары спартакиадасы мен Бүкіл­одақтық универсиаданың жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, әлем және КСРО кубогінің иегері. Бір ғажабы, жоғарыдағы белестердің барлы­­ғы­н Батырғарин небәрі 20 жасында бағын­­дырды. Арада талай жыл өткеннен кейін Есенкелдінің мәйіті табылды. Ал Нұрлан жайында еш хабар жоқ…

Осынау өкінішті де қайғылы оқиға­лардың ішінде мәнерлеп сырға­наудан спорт шебері, Сочи олимпиа­дасының қола жүлдегері Денис Теннің де қазасы бар. Қандықол қарақшылардың аяусыз соққысынан мерт боған боздақтың өлімі де өзегіміздегі үлкен өкініш.