23 Қараша, 2013

Даналық

451 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің оқыр­ман­дары арқылы барша Қазақстан халқына сә­лем жолдаймын. Достас Қазақстанға шын жүрегімнен игілік, өсіп-өркендеу жә­не жарқын болашақ тілеймін. Дана Пре­зи­дент­теріңіздің ден­саулығы мықты болсын, ел игілігі жолындағы еңбегі қашанда та­быс­тылығымен ерекшеленсін.

02-23-11

 

 

Германияның көрнекті саяси қайраткері, бұрынғы Федералдық экономика және жаңа технологиялар министрі Михаэль ГЛОС «Егемен Қазақстан» газетіне арнап, Отанымыздың даму және өркендеу жолын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тіке­лей байланыстыратын, «Қа­зақстан жолы үлкен құрметке жә­не таңданысқа лайық» деп ата­латын мақала жазған екен.

Неміс саясаткері өзінің мақаласында Елбасы – Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұр­сұл­тан На­зар­баевтың тәуелсіз Қа­зақ елін қалыптастырып, да­мы­ту­дағы тарихи рөліне жоғары баға береді.

02-23-11

Ізгілікті әріптестер, Қазақстан мен Германия арасындағы қа­рым-қатынасқа көзқарасымды сіз­дердің басылымдарыңыз арқы­лы бөлісу мүмкіндігіне риза­шы­лығымды білдіремін. Өт­кен жиырма жылда Қазақстан-Гер­мания ынтымақтастығы қалып­ты үрдіске айналса, бізді көп нәрсе біріктіреді және оны біз жоғары бағалаймыз әрі оны одан әрмен қарай кеңейтіп, дамытуға ұмтылыс танытамыз.

Көптеген қиындықтар мен сын-қатерлерден абыроймен өткен Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда зор табыстарға жетті, халықаралық аренада және өңірде жоғары беделге ие болды. Тәуелсіздікке бастаған сіздердің жолдарыңыз және батыл реформаларға ұмты­лыстарыңыз үлкен құрмет пен таңданыс туғызады. Қазақстан бар­лық өзіндік институттары мен атрибуттары қалыптасқан әрі тұ­рақты түрде дамып келе жатқан мемлекет ретінде орнығып үл­герді.

Басқалар сияқты, мен де қа­зақ­стандық модельдің жетістігі бі­рінші кезекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың үлкен тарихи еңбегімен байланысты деген пі­кірге қосыламын. Ол страте­гиялық бағыттың берік іргетасын қалап қана қоймай, сонымен қатар, елбасылық миссияда сая­си көрегендік, ерік-жігер және батылдық танытып, шетелдерде және ел ішінде жоғары бедел мен құрметке бөленді.

«Ерік-жігер бар жерде, бағыт-бағдар да бар» деген халық даналығы тектен-тек айтылмаса керек. Қазақстан өз егемендігінің алғашқы күнінен бастап ішкі дамуды жүйелі түрде жүргізуге баса назар аударды. Осы мақсатта жетекші елдердің дүниежүзілік тәжірибесі ықыласпен мұқият зерттелді. «Қазақстан-2030» Стратегиясы елдің даму жолына шамшырақ сияқты сәуле шашып, алдағы көп жылдар бедерінде бағыт-бағдардан адастырмайтын нақты іс-қимылдар жоспарына айналды. Ел өз күшіне деген сенімінің және шамшылдығының арқасында «қуып жету» экономикасы шегінің қиындығын еңсеріп, қуатты серпіліс жасады, тұрақтылық пен өсу орта­лық­тарының бірі ретінде ор­нықты. Тарихи тұрғыдан осындай аз ғана уақытта көптеген басқа елдерде бірнеше ондаған жылдар жұмсалған ауқымды жұмыс атқарылды.

Жаһандық өткір дағдарысқа қарамастан, Қазақстан қиын­дық­тарға төтеп беріп қана қоймай, алға ұмтылды және өзінің жоспарлау көкжиегін кеңейтті. Бар жетістіктерді жалғастыра оты­рып, аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты бел­гі­ленген «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағыты жария етілді. Пре­зидент Н.Назарбаев таяу бола­шақта Қазақстанды дамыған экономикасы, білімді адамдары, өз елін сүйетін патриоттары бар қуатты да өзіне сенімді мемлекет ретінде көреді. Германияның бұрынғы Экономика министрі және Бундестаг депутаты ре­тін­де сіздердің өңірлеріңізде бір­неше мәрте болған мен Қазақ­стан бүгінде әлемдік қоғам­дас­тықтағы берік орнын лайық­ты иеленіп отыр деп есеп­тей­мін. Сіздер соңғы жылдары алған қарқындарыңызды жо­ғалт­па­ғандарыңызды шын жүректен тілеймін.

Қазақстан жаңғыруының сим­волы, сіздердің Прези­дент­теріңіздің туындысы әрі мақ­та­нышы – Астана болып саналатыны маған жақсы мәлім. Астананы көшіру көпшілік үшін жаңалық және сынақ болғаны, бірақ мұнсыз тәуелсіздік пен демократияны құру, көпұлтты халықты жаңа жетістіктерге жұмылдыру мүмкін емес болғаны да жасырын емес. Астанада сәулет өнерінің, мәдениет пен ғылымның ең заманауи идеялары іс жүзіне асырылғаны, оның үстіне қаланың өзі инновациялар мен шабыттың бастауы болып отырғаны маңызды.

Астана мен елдің дамуына Астана экономикалық форумы сияқты ауқымды шараның қосымша серпін беріп отырғаны тағы анық. Орталық Азияда алғаш рет әлемдік саясаткерлердің, бизнесмендердің, ғалымдар мен сарапшылардың пікір алмасатын өзіндік үнқатысу алаңы пайда болды. Германия форумның қызметіне белсенді үлес қо­сып келеді. Өйткені, Берлин кө­кейкесті өңірлік және жаһандық үрдістерден хабардар болып отыруды тиімді санайды. Өзім жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен, күн тәрті­бінің мазмұндылығымен және пікірталастарының ұтым­ды­лығымен есімде қалған АЭФ жұмысына екі рет қатысу мүм­кіндігіне ие болдым.

Қазақстанның G-Global инфо­ком­муникативтік алаңы әлем­дік қоғамдастықтың кең қол­дауына ие болып отыр. Аста­на экономикалық форумы арқау­ын­дағы бұл жаһандық үнқатысу алаңы, қазіргі дағдарысты қоса алғанда, күн тәртібіндегі әлемдік көкейкесті проблемаларға жау­ап іздеу үшін түрлі саладағы ға­лымдар мен ойшылдарды, сая­саткерлер мен сарапшы­лар­ды біріктірді. Мұндай баста­ма­шылықты Еуразияның жү­регінде орналасқан Қазақстан танытпағанда, басқа қай ел танытуы тиіс?

Біз Германияда да қазіргі дағдарыс аяқталудан әлі де алыс жатыр деп пайымдаймыз. Батыс елдеріндегі қолайсыз экономикалық конъюнктура жағдайында әлемдік дамудың орталығы әлемдегі аса дамыған бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылу жөніндегі міндетті тиімді жүзеге асырып келе жатқан, Азиядағы аса табыс­ты экономика ретінде көрінетін Қазақстан орын тепкен Шығысқа ауыса бастағандай.

Германия да Қазақстанды өңірдегі шешуші әріптесі ретінде қарастырады. Біздердің арамызда берік саяси үнқатысу орныққан және сауда-эконо­микалық ынтымақтастық кеңейіп келеді. 2012 жылы өзара тауар айналымы дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге, яғни 6 млрд. еуроға жетіп, қазіргі таңда тұрақты түрде ұлғая түсіп отыр. Таяу жылдары сауда-саттық көлемі бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімім зор. Бұл үшін бизнес-қауымдастық тарапынан үлкен жұмыс, дәстүрлі бағыттарда, сондай-ақ, инновация саласында бірлескен жобалар талап етіледі. Біз мазмұны әр жыл сайын сапалық тұрғыдан молыға түсіп келе жатқан екіжақты әріптестіктің жаңа деңгейіне өтіп отырмыз.

Менің Астанаға Федералды экономика министрі ретіндегі 2007 жылғы сапарым кезінде, сондай-ақ, Президент Н.На­зар­баевтың Берлинге 2009 жыл­ғы сапары барысында біз қазақстандық әріптестерімізбен ГФР-дің Қазақстанды жаңғыртуға инвестициялық, технологиялық және интеллектуалды үлесінің перспективалары туралы көп айттық. Келіссөздердің аса маң­ызды қорытындысы «шикізат пен инвестициялар алмасу» формуласы бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізу туралы уағдаластық болды. 2012 жылдың ақпанында Шикізаттық, өндірістік және технологиялық салалардағы әріп­тестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжаттың маңы­зы сонда, Германияның Қазақ­станмен ұзақ мерзімді ынты­мақ­тастыққа үлкен мән беретінін көрсетеді.

Табиғат ұлан-байтақ қазақ даласына минералды ресурстарды – мұнайды, газды, көмірді, металдарды жомарттықпен бере салған. Бұл ірі шетел инвестицияларын тартып, өнеркәсіп пен экономиканың өсімін қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Енді Қазақстан қайталама энергетиканы, қуат үнемдеу технологияларын белсенді ендіру жолымен «жасыл экономикаға» өтетінін және қоршаған ортаны қорғау жөнінде шаралар қабылдайтынын жариялады. Германия мұндай ұмтылысты қолдайды және Қазақстан жасыл технология саласында үлкен әлеуетке және мүмкіндіктерге ие деп есептейді.

Атап айтқанда, бұл жерде әңгіме Қазақстан үшін маңызы зор оқиға – Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы болып отыр. Біз Германияда бұл жаңалықты үлкен қуанышпен және зор серпіліспен қабылдадық. Өйткені, бұл Қазақстанның «Болашақтың энергиясы» тақырыбының әлемдік деңгейде танылғанының белгісі еді. Президент Н.Назарбаев ел халқын кезекті мәрте Қазақстан дамуының жаңаша парағын ашқан ортақ жеңіс төңірегіне топтастыра білді. Санаулы жылдардан кейін-ақ Астананың жайлылықтың, инфрақұрылымдардың және өмір сапасының барлық талаптарына жауап беретін «жасыл» және «ақылды» мегаполис болатынына және әлемге тамаша үлгі тарататынына сенімім зор. 2017 жылы Қазақстан астанасына бару мүмкіндігі туып жатса, оны зор қуанышпен пайдаланатын боламын.

Мені сіздердің болашаққа ұмтылған елдеріңізге экономика мен технология ғана тартпайды. Қазақстан менің жаныма бай тарихы, көп ғасырлық мәдениеті мен қазіргі заманғы көпұлтты рухы бар мемлекет ретінде жақын. Қазақстан-Гер­мания қарым-қатынасында қашанда халықтарымыз ара­сындағы достық, сенім және өзара түсіністік басым сипат алып келеді. Бүгінде ГФР-де тұратын жүз мыңдаған адам Қазақстанды өздерінің екінші отандары санайды. Міне, табысты өткен Қазақстанның Гер­ма­ниядағы және Германияның Қа­зақстандағы жылдары дәл осын­дай рухани жақындыққа бағыт­талған еді.

«Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары арқылы барша Қазақстан халқына сәлем жолдаймын. Достас Қазақстанға шын жүрегімнен игілік, өсіп-өркендеу және жарқын болашақ тілеймін. Дана Президенттеріңіздің ден­саулығы мықты болсын, ел игілігі жолындағы еңбегі қашанда та­быстылығымен ерекшеленсін.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40

60 отбасының қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:38

Ата заң жобасы сараланды

Саясат • Бүгін, 08:22