Аймақтар • 09 Қараша, 2020

Қызылжардағы қалалық бақта кісі тоналды

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі күні түнгі сағат ондар шамасында Қызылжардың қалалық саябағында 45 жастағы азаматты арақты бірге ішкен бөтелкелесі - 30 жастағы жігіт соққыға жығып, 7 мың теңге ақшасын тартып әкеткен. Арақ ішу барысында жаңа танысқан екеуінің арасында жанжал туған екен, деп жазады Egemen.kz

Қызылжардағы қалалық бақта кісі тоналды

Осы қылмысты Петропавлдың полициялары ізін суытпай ашып, тонаушыны қысқа мерзім ішінде қолға түсірді. Ол бұрын сотталған 1990 жылы туған адам болып шықты. Бұл іске бейнебақылау камераларының көмегі тиді. Тонаушының бейнесі оның біріне түсіп қалған екен.

Аталған факті ҚК 191-бабы "Тонау" бойынша тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зат қайтарылып, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Айта кететіні, күдікті де, жәбірленуші де қоғамдық орында масаң күйінде болған, бұл әрекеттері үшін екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

"Тонаулар көбіне далада жасалады, оның жартысы - көппәтерлі үйлердің аулаларында болады. Әдетте олар ұялы телефондарға, сөмкелер мен әмияндарға жасалады. Жыл басынан облыс орталығы аумағында 47 тонау фактісі тіркелді. Аталған қылмыс түрін ашу 91% құрайды", дейді Петропавл қаласының ПБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.

ПЕТРОПАВЛ