Туризм • 10 Қараша, 2020

Табиғатпен тамырластық мектебі

352 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғыдай қиын-қыстау кезеңде өзектілігін жоғалтпайтын бірнеше бағыт бар. Оның ең негізгісі ретінде қоршаған ортаны қорғау және адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүру мәселелерін шешуге бағытталған қозғалысты ерекше атап өтуге болады. Мәселен, «Тамыр» жабайы табиғаттағы мектебі – Іле-Алатау ұлттық паркінде экологиялық туризмді дамытуға бағытталған жаңа волонтерлік жастар жобасы. Мектептің немен айналысатыны және не мақсатта құрылғаны туралы бізге жобаның авторы Әсел Исанова және кәсіби тау гиді, альпинизмнен 3-санатты нұсқаушы Александр Голованов айтып берді.

Табиғатпен тамырластық мектебі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Әсел өзін табиғатқа және белсенді өмір салтына деген сүйіспеншілік атмосферасында өскен тәжірибелі тау турисі деп атайды. Оның атасы көп жыл бойы Іле-Алатауына келген турис­терге жолбасшы болыпты, әкесі – саяхат пен джипингтің әуесқойы, ал анасы – Алматы қа­ласы мен Алматы облысы бо­­йынша кәсіби гид. Әселдің пайымдауынша, ұлттық парктің аумағында табиғат та, адамның өзі де қауіпсіз болуы керек, сон­дықтан да пікірлес адамдармен бірге «Тамыр» мектебін («Ко­рень») құрды. Бұл ретте бас­ты ниет – Тянь-Шань шыршасындай «тамырын» тереңге жайы­п, Іле-Алатау Ұлттық паркіне келетін барлық әуесқойларды өз тау жүйе­сімен қамту, туған жеріне қам­қорлық жасауға бей-жай қа­рамайтындардың күш-жігерін біріктіру.

Аюсай шатқалында ұлттық парктегі «Туранга» экологиялық туризмді дамыту жобасының авторларымен ынтымақтастық орнатқан еріктілер өздерінің шағын базалық лагерлерін орналастырды. Олар осы шатқалға келген адамдарға тегін нұсқау береді, келушілер өздеріне қауіп­сіз, жайлы болу және табиғатқа зиян тигізбеу үшін тауларда өзін-өзі қалай ұстау керектігін біле алады. Алайда бұл тек бірін­ші кезең, өйткені «Тамыр» коман­дасының жоспарлары өте көп.

– Біз адамдарға табиғатта қа­уіпсіз жүруге байланысты тео­­риялық және практикалық білім береміз. Білім беретін дәріс­тер арқылы бағдарламаның әрбір қатысушысы экологиялық ойлауы, олардың табиғатқа қа­тысты эмоционалдық интел­лек­ті мен эмпатиясы арта түсе­ді. Біз адамның жаны адам мен табиғат арасындағы көпір еке­ніне сенімдіміз, ол адам­дар­дың қоршаған ортаға деген тұ­ты­нушылық көзқарасын өз­герте алады және табиғатқа келу­шілер­дің өзін де, табиғатты да адам баласының зиянды әсе­рінен қор­ғайды. Біздің коман­дадағы әрқай­сымыздың табиғатпен қа­рым-қатынаста тәжіри­беміз бар. Іс-әрекетіміз бен жан-дүниеміз ниет тұр­ғысынан таза, мен нәтиже тамаша болатынына сенемін, – деп түсіндірді Әсел Исанова.

«Тамыр» айналысатын үш не­гізгі бағыт – білім беру, еріктілер қозғалысы және туристік жолдарды ұйымдастыру мен сараптауға көмектесу. Карантин аяқталған кезде волонтерлер өз дәрістерін қайта бастауға үміттенеді.

– Біздің міндетіміз – нұс­қау­шылардың тәжірибесі мен жан-дүниесі арқылы Ұлттық парк туралы айту ғана емес, сонымен қатар олардың өздерін көрсету, немен айналысатынын айту. Өйткені көптеген адам нұс­қаушылар жұ­мы­сының мәні неде екенін тү­сінбейді және көбінесе олардың негізгі міндеті – қоқысты жинау деп санайды немесе жастар айтатындай олар туристерді «мазалау» үшін қажет. Шын мәнінде, негізгі қыз­меті – орманды, тауларды күтіп-баптау. Инспектордың әр күні паркты аралап шығудан бас­талады. Әрбір инспекторға үлкен аумақ бекітіледі, ол оны маршрут бойынша айналып, флораның қандай күйде екенін, қанша жануар кездескенін және тағы басқа дүниелерді жазып алуы қажет. Сондай-ақ нұсқаушылар Тянь-Шань шыршасының тұқымын жинап, оны өсіріп, содан соң белгілі бір уақыттан кейін, тауға қайта отырғызу үшін питомникке береді. Тянь-Шань шыршасы өте баяу өседі! Өрттің жиі болуынан біз көптеген шыршаны жоғалтамыз. Өртің негізгі себебі – туристер дұрыс от жақ­пауынан және оны дұрыс өшірмей кететіндіктен екенін, оның орманға орасан зор зиян келтіретінін мен айтпасам да жақсы біліп отырсыз. Сондықтан біз оны болдырмау үшін міндетті түрде жұмыс істейміз. Қоқысқа келетін болсақ, оны ұлттық парк­тің инспекторлары жинамауы тиіс. Бірақ олар сонда да орман тазалығымен айналысады. Өйт­кені инспектор ұлттық паркті өзінің екінші үйі санайды. Сөйтіп олардың уақытының көп бөлігі негізгі жұмысына емес, қоқыс тазалауға кетеді. Біз еріктілер ре­тін­де көмектесуге әрдайым дайын­­быз, бірақ біреудің тастаған қоқысын мәңгі бақи тазалап жүре алмаймыз ғой, сондықтан негізгі міндетіміз – туристердің қоқысты тастамауына және өзімен бірге алып кетуіне үгіттеу, – дейді еріктілер.

«Туранга» ең алдымен, әлем­нің үздік ұлттық парктерінің тәжірибесіне, АҚШ-тың табысты ұлттық парктеріне бағдарланады, олар өз кезегінде бизнеске және еріктілерге тәуелді, осының есе­бінен дамитынын да көруге болады. Еріктілер – бұл ұлттық парк­ке көмекке қолын созатын адамдар. Ол студент болсын немесе айына бір күнін тауларға көмек беруге арнағысы келетін банк қызметкері болсын, кез келген адам «Тамырдың» волонтері бола алады. Оның ішінде тек қоқыс жинау мәселесі ғана емес. Егер ерікті флора мен фаунамен айналысқысы келсе, онда инспек­тормен бірге тұқым жинауға, өсімдіктерге күтім жасауға және тағы басқасына көмектесе алады. Жоба еріктілер үшін бірнеше түрлі қызмет бағыттарын қарас­тырады, сондықтан да адам­дардың өздері бұл іспен асқан қызығушылықпен айналысады.

«Тамырда» бірнеше деңгей­дегі мамандарды дайындамақ, олар ұлттық паркке көмегін ти­гізеді. Біріншіден, бұл – біз айт­қан еріктілер. Екіншіден, кон­сультанттар – бұл белгілі бір туристік тәжірибесі бар адамдар, олар тікелей ұлттық паркте туристерге тауда жайлы және қауіпсіз болу туралы кеңес береді. Бұдан әрі консультанттардан кейін скауттар жүреді – тәжірибелі мамандар, жобаның нұсқаушылары, олар терең білім алады. Одан да жоғары деңгей – бұл ұлттық саябақты күзетіп, инспекторларға көмектесетін рейнджерлер, да­йындықтан өтіп, шыңдалған адамдар. Бұл мамандардың барлығы жаңа «рейнджерлік» формаға ие болады және олардың ұлттық парктердің қызметіндегі рөлі шешуші болуы тиіс. Болашақта «Тамыр» жобасы аясында тау гидтерін де оқыту жоспарлануда.

Тау гидінің үлкен тәжірибесі бар және Іле Алатауының бар­лық күрделі бағыттары мен соқпақ­тарын еңсерген Александр Голованов айтып өткендей, мұндай мамандық бізде әлі мамандықтар тізімінде жоқ.

– Қазір тау гидтерімен жағ­дай күрделі. Бұл кезекте адам­дарды жинап, оларды тиісті дайындықсыз, білім мен дағды­лар­сыз тауға апаратын көптеген энтузиастар бар. Кейінгі 3-4 жылда тау туристерінің ағыны бірнеше есе өсті және осы тол­қында көптеген тау Интернет-қауымдастықтары пайда болды. Бір жағынан, бұл – белгілі бір дәре­жеде жағымды құбылыс, өйт­кені олар әлеуетті туристерге кем дегенде қажетті жаб­дық­тар мен керекті білімнің тізімін береді. Адамдардың басым бөлігі, әдетте, тауларға өзде­рі, көбінесе балалармен бірге, өз қорқыныштары мен қауіп-қатерлерінің жетегінде бара­ды. Сондықтан біз тауларда ма­мандардың туристерді қалай іздегені және құтқарғаны туралы жаңалықтардан үнемі естиміз. Мен Әселдің «Тамыр» Жабайы табиғатта болу мектебін құру идея­сын қолдадым, өйткені жағдайды өзгерткім келеді. Менің альпинизм нұсқаушысы деген ресми статусым бар, біз­де туризм нұсқаушысы деген түсінік те бар. Біз ең дұрысы тау гидтері мектебін құрғымыз келеді. Батыста бұл кең ұғым және менің идеям трекинг-гидтер мек­тебінен бастау, яғни адамдар­ды тау жорықтарына апаратын гидтер. Ол альпинизм емес, қан­дай да бір экстремалды дүние емес, трекинг-гид – бұл жорықты сауатты ұйымдастыратын, жаб­дықтарды, мәзірді, тамақты да­йын­дайтын және адамдарды техникалық қиындықтарсыз қарапайым маршрут бойынша қауіпсіз өткізе алатын маман, – деді Александр Голованов.