Марат Төлегенұлы жас кезінде атақты марафоншы боламын деп ойламаған шығар. Бірақ уақыт өте келе қатаң табиғат аясында шынығып, шыңдалған жас қиындықпен бетпе-бет келуді аңсап тұратын күйге жетті. Оның сыртында кең даланың тылсым тіршілігіне бауыр басқан бозбала көрген-білгенін санасына түйіп, ептеп оның сурет-сұлбасын қағазға түсіруді әдетке айналдырды.
Осы әдеті ақырында Маратты суретші болуға итермеледі. Сөйтіп, ол бейнелеу өнері мамандығына оқыды. Оқи жүріп, спорттан қол үзбеді. Алғаш рет 1990 жылы Ресейдің Барнаул қаласында ұйымдастырылған 85 шақырымдық марафонға қатысып, аталған қашықтықты 6 сағат 43 минут 23 секундта жүгіріп өтіп, үздіктер сапынан табылды.
Марафоншы бауырымыз – Азия, Африка, Америка, Аустралия құрлықтарында орналасқан өте үлкен құмды, шөлді далаларды жалғыз өзі басып өткен күллі әлемдегі алғашқы адам. Сонымен қатар Гиннестің рекордтар кітабына есімі жеті дүркін тіркелген теңдессіз қазақ. Атап айтқанда:
- 1990 жылдың 6 қазаны мен 1991 жылдың 5 қазаны аралығында, яғни бір жылда 226 рет классикалық марафонға (қашықтығы 42,2 шақырым) қатысқан. Нақтылай түссек, 365 күннің 226 күнінде күн сайын 42 шақырым жүгіретін болған.
- 1991 жылдың 2 наурызынан 24 наурызына дейін, яғни 23 күн тоқтаусыз ұзақ қашықтыққа (марафон) жүгірген.
- 1991 жылдың 1-15 тамыз аралығында 30 классикалық марафонға (бір күнде екі марафон) қатысып, орта есеппен әр марафонға 4 сағат 00 минут 54 секунд уақыт жұмсаған.
- 1991 жылдың 2-22 сәуірі аралығында Азия құрлығындағы атақты Қарақұм шөлін (ұзындығы – 1200 шақырым) 20 күнде жүгіріп өткен.
- 1993 жылдың 25 ақпаны мен 23 наурызы аралығында Африка құрлығындағы атақты Сахара шөлін (ұзындығы – 1700 шақырым) 24 күнде жүгіріп өткен.
- 1993 жылғы 24 қараша мен 15 желтоқсан аралығында Аустралия құрлығындағы Үлкен Виктория шөлін (1600 шақырым) 22 күнде жүгіріп өткен.
- 1994 жылдың 01-19 сәуірі аралығында АҚШ-тың Невада штатындағы тірі жан өмір сүрмейтін Мохави шөлін (1218 шақырым) 17 күнде жүгіріп өткен.
Сондай-ақ атақты марафоншы Еуропаның биік шыңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық әдіспен жеті күнде жүгіріп шыққан. 1993-1994 жылдары еліміздің таңдаулы 10 спортшысының қатарын толықтырды. Марат Жыланбаев қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ұзақ қашықтыққа жүгіретін шәкірттер тәрбилеумен айналысады.