Хоккей • 10 Қараша, 2020

«Барыстың» кезекті жеңісі

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клу­бы тұрақты біріншіліктің кезекті тур ойынында Череповец қала­сына қо­наққа барып, жергілікті «Северсталь» хоккейшілерінен басым түсті.

«Барыстың» кезекті жеңісі

«Барыстың» бас бапкер Юрий Михайлис әлі күнге дейін команданың негізгі құрамын анықтай алмай келе жатқаны баршаға белгілі. Әр ойын сайын түрлі хоккейшілерді сынап көріп жатқан Михайлис кешегі кездесуде жуырда ғана клубқа қосылған қорғаушы Диллон Хетерингтон мен шабуылшы Фил Варонды бірінші минуттан бастап мұзайдынға шығар­ды. Нәтижесінде, «Барыстың» соққан үш голының екеуіне жоғарыда атаған екі ойыншы ассистенттік жасады.

Кездесудің бірінші бөлігінде қазақстандық команда сапынан Даррен Диц (8-минут) пен Линус Виделль (10-минут) мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Дицке Диллон Хетерингтон нәтижелі пас асырса, Виделльдің гол соғуына Фил Варон мүм­кіндік жасады. Екінші кезеңді сәтті бастаған айдын иелері 29-минутта есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Гол авторы – Владислав Провольнев. Алайда үшінші кезеңнің 47-минутында команда капитаны Даррен Диц дубль авторы атанып, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:1.

Бұл жеңісінен кейін жерлестеріміз 22 ұпаймен 7-орынға көтерілді. «Барыс» келесі кездесуін бүгін Ярославльдің «Локомотив» клубымен өткізеді.