Руханият • 10 Қараша, 2020

«Сәбең деген қазақтың кең даласы...»

379 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің классигі, жерлес жазушымыз Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойы Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі заманның талабына сай кеңінен аталып өтуде. Соның ішіндегі шоқтығы биігі жуырда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болған «Сәбит Мұқанов: тұлға және мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды десек, қателеспейтін шығармыз. Университеттің проректоры, профессор Ақмарал Ыбыраева жүргізген конференцияны Алматыдан, астанадан келген құттықтаулармен қатар облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Ішкі саясат басқармасының бастығы Кемел Оспанов құттықтады. Конференцияның жұмысына бір мезгілде 150-ге жуық адам Zoom-мен қатысып отырды. Соның ішінде жиынға жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеумен ұзақ жылдан бері айналысып жүрген, осы тақырыпқа бірнеше еңбек жазған ғалымдар Күләш Ахметова, Әділғазы Қайырбеков, Зарқын Тайшыбай, Сәбит Жамбек, Гүлнәр Мұқанова, Сәуле Мәлікова, Түркиядан Орхон Сөйлемес, Аябек Байниязов, жас ғалымдар Гүлнәз Кәріпжанова, Әсел Ерсайынова және т.б. қатысып, Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен толғады.

«Сәбең деген қазақтың кең даласы...»

Сәбит Мұқанов – жазушылық дарынымен қоса көп қырлы, күрделі тұлға. Ол – қазақ әдебиетінің барлық жанрында өнім­ді еңбек еткен ақын-жазушы ғана емес, жалпы қазақ қоғамында қайраткер ретінде өшпес із қалдырған адам. Қазақ хал­қының мүддесі үшін ол ешқашан да бұғып қалмай, ашық күреске шыққан. Қазақ тіліне залал келтірмек болған бір министрдің орынбасарын да ашық сынаған. Ал мұндайларды оның заманында басқа ешкім де істей алған жоқ. Қазір жұрттың бәрі жақсы көріп, көз алмай көретін айтысты да өшіп бара жатқан жерінен тірілтіп алған Сәбит Мұқанов. Жеке басының адамгершілік, қайырымдылық, жомарттық мінезімен де айрықша болған адам. Оның шапағатын көріп, артынан ірі тұлғаға айналған қа­зақ жазушылары мен ақындарын, ғалым­дары мен публицистерін санап шығудың өзі мүмкін емес. Ал басына іс түскен ақын-жазушылардың бәрінің де қол­даушысы да, қорғаушысы да Сәбит Мұқанов болғанын жалпақ жұрттың бәрі біледі. Соның бір мысалын ғана ай­тар болсақ, ол Қордайдағы мекенінде ден­саулығынан айрылып, жатып қалған қарт ақын Кенен Әзірбаевты үйіне алып келіп, Совминнің ауруханасында емдетіп, арты­нан Алматының түбінен жайлы үй салдырып берген. Жұмысы бастан асып, шығармашылығы аттай шауып, көл-көсір еңбек етіп жатқан күннің өзінде де ол айналасындағыларға көмек қолын созуға уақыт тауып отырған.

Оның шығармаларының бәрі күні кешеге дейін қазақтың эстетикалық талға­мын тәрбиеледі. Әсіресе 80-ші жылдарға дейін Ботагөз болғысы келетін бойжеткендер, Асқар болғысы келетін бозбалалар қазақ даласының барлық түкпірінде жү­ретін.

Сәбит Мұқанов қазақ жерін тегіс ара­лап, көрген-білгенін тұтастай жазып кет­кен саяхатшы жазушы болғанын да халық жақсы біледі. Қазіргідей жайлы көлік жоқ, тепеңдеген кеңестік сал­дамандармен Атырау-Жайық, Қызыл­ор­да, Шымкент, Тараз, Алтай, Семей, Орт­алық Қазақстан, Торғай өңірлерін тегіс аралап шыққан. Ол өзіміздің ел түгіл, қазақты іздеп Қытай мен Моңғолияға да барған. Журналист әріптесіміз Бекен Қайрат жазушының Моңғолияға барған сапарындағы кездесулер туралы былай жазған еді: «Бұл кездесу ондағы қа­зақтар үшін көктен Ғайса түскендей әсер қалдырған көрінеді. Сәбеңді көріп, қолын алған, қасына отырып әңгімесін тыңдаған адамдар әлі күн­ге: «Баяғыда Мұқанов келген жылы...», деп, ұзын-сонар хикаясын бастайды-ау. Расында, осы жылдары байөлкелік қазақтар арасына Сәбеңнің «Ботагөз» романы кең тарап, сауаты бар қазақ баласы үтір-нүктесіне дейін оқып шыққан, сауаты жоқтар оқытып тың­даған, «Сұлушаш» поэ­масын екінің бірі жат­қа айтатын, нағыз бір рухани таза, жұ­ты­нып тұрған заман еді».

Ал Қытайға барған екі айлық сапарынан Сәбит Мұқанов «Алыптың адым­дары» деген кітап тудырды. Сая­сат Қы­тай­ды халыққа таныстыруды көздесе, Сә­бең Қытайдың атын жамы­лып, ондағы бауыр­ларды мұндағы қазақтар­ға таныс­тырды. Соның ішінде ақын Таң­жарық Жолдыұлының ұзақ толғауын Қазақ­станға алғаш тұтастай жеткізіп, жария­лаған да Сәбең еді.

Сәбит Мұқанов туралы замандас­тарының жазған-сызғаны «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» деген бір қалың жинақ болып шық­қан. Соның ішінде Сәбеңді өзге­лер­ден де жақсырақ білетін жерлесі, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов Сәбең тура­лы былай дейді: «Бір өзі бір би-
­­б­лио­­тека кітап жазған, бір өзі бір елдің ба­сынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік, ерлік тір­шілігін, ой өрісін, сезім тереңдігін көр­сете алған, теңдесері сирек кездесетін қа­лам еңбекшісі». Қазақтың бүгінгі арда ақын­дарының бірі Ғалым Жайлыбай ол туралы:

«Көктем көрген көңілдің сазын ұғар,

Атажұртта Арыңның қазығы бар.

Сәбең деген – қазақтың кең даласы,

Өткелі бар, Өрі бар, Жазығы бар»,
деп нақпа-нақ теңеу берген еді.

Шынында Сәбең «қазақтың кең даласы», алып-қосары жоқ. Баз біреулер бү­гін­гі таңда қазақты сол «даласынан» айыр­ғысы келетінін де айтпай кетуге бол­майды. Олардың айтатындары Сәбең Алашордаға қарсы болыпты, Мағжанды және басқаларды қатты сынаған... Ол рас, өйткені өкіметтің ресми саясаты ком­мунист жазушы Сәбит Мұқановтан осы­ны талап етті. Айтпаса, жазбаса басы кетер еді. Бірақ... Бірақ жамандап отыр­ғанымен, Сәбең олардың жасаған игі істерін, алға қойған мақсаттарын ха­­лық­қа білдіріп отырды. Ұстараның жүзінде тұрып алашордалықтардың қазақ жастары үшін қиын кезеңнің өзін­де мұғалімдік курс ашқанын, онда озық тәсілдер қол­данылғанын, соның ішінде иман­дылық пен тәрбиеге үндейтін дінді де оқытып отырғанын көрсетті. Алашор­да комитетінің оқу іздеген жас­тар­ға қаражат жағынан көмектескені де Сәбеңнен белгілі болған. Бірақ өзі оларға көмек сұрап барғанын кітабында айтпай кетеді. Демек барған, көмек алған болуы керек. Ал барып, көмек ала алмаған болса, оны жазған болар еді...

Партияның ұстатқан бағдарымен қанша жамандаса да ол Мағжанға үнемі қамқорлық қолын созып отырған. Жеті жылға жуық айдауда болып келген ақынды Алматыға шақыртып, қолына ақша беріп, пәтерге тұрғызып, жұмыс тауып берген де Сәбең. Жазушы Жайық Бектұров 1992 жылы шыққан «Бес арыс» жинағында Сәбит 1932-1933 жылдары Мәскеуде оқып жүріп, айдаудағы Мағжанға хат жазып жібергенін айтады. Жай хат қана емес, қаржылық жағынан да көмек бергені сөзсіз. 1936 жылы Жазушылар одағының төрағасы болып жүргенде сол кездегі рес­публика басшылары Л.Мирзоян, О.Исаев, С.Нұрпейісовтерге айтып жүріп, Мағжанды Алматыға алдырады. «Мен оны вокзалдан өзім қарсы алдым, Өзбек көшесінен өкіметтің көмегімен екі бөлмелі үй әпер­дік. Біз Мағжанға кітап аудартқыздық. Л.Фейхтвангердің «Семья Оппенгейма» романын аударттық. Баспадан көп ақша бергіздік», деген екен Сәбеңнің өзі. Егер Алашорданы және алашордалықтарды барлық жан-тәнімен қабылдамаған, жек көрген адам болса, Сәбит Мұқанов осыны істер ме еді? Оған ешкім Мағжанға хат жаз немесе түрмеден босап келгенде Алматыға шақыр, қызмет тауып бер демеген болар. Мұның бәрін Сәбең өз жүрегінің түбінде Алаш идеясын жақтағандықтан, ұлтын сүйгендіктен, оны басқалармен тең қылуға қадам жасағандықтан істеген деп батыл айта аламыз.

«Абай жолында» Құнанбайды жамандай отырып, оның кең ауқымды, ірі қайраткер екенін танытқан Мұхтар Әуезов сияқты Сәбең де Алаш қайраткерлерін, соның ішінде Әлиханды, Мағжанды, Абылай Рамазановты және т.б. кім еке­нін оқырмандарына білдіріп кеткен. Жүре­гінің түбінде алашордалықтарға деген құрмет болмаса Сәбең өстер ме еді? Егер ол осыларды жазбаған болса, ұмытылып қалмас па еді? Ал оларды жазу да –жазушының ерлігі, адамгершіліктің ақ туы­нан аттамағандығының бір белгісі.

Осындайды терең ұқпайтындар, ой-өрісі жетпейтіндер мәселенің үстінен қал­қып, Сәбеңе ағаш оқтарын әлі де атып жа­тыр. Одан «қазақтың кең даласына» ке­летін зиян жоқ, озық ойлы қазақтың бәрі Сәбит Мұқановтың қазақ еліндегі орнын біледі.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап оның шығармалары қазақ даласына кең жайыла бастаған. Содан бері қашан үлкен жүрегі тоқтаған 1973 жылға дейін 50 жылдан артық Сәбит Мұқанов халқын көркем сөзімен сусындатқан. Талай өлеңдерімен қатар көркемдік қуаты жоғары, сол кездегі жастар өмірі, махаббатпен қатар әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қамтыған «Сұлушаш» поэ­масы әлі күнге дейін тартымдылығымен ерекшеленеді. Бір сотқа қатысып, ондағы естіген оқи­ға­ла­рынан бай фантазиясы мен жазу­шы­лық күшті дарынының арқасында өзінің шытырман оқиғалы көркем туын­дыларының бірі «Адасқандар», арты­нан «Мөлдір махаббат» атты романын жазып шыққан. Одан кейінгі «Ботагөз», «Теміртас», «Балуан шолақ», «Өмір мек­тебі», «Сырдария», «Аққан жұлдыз» және т.б. кітаптарының бәрі – кезінде қазақ оқырмандарының бас алмай оқы­ған шығармалары. Сәбеңнің «Шоқан Уәли­ханов», «Сәкен Сейфуллин», «Қашғар қызы» секілді пьесалары да қазақ сахналарында ғана емес, одақтас республикаларда да қойылған. Жалпы, С.Мұқанов шығармалары 46 тілге аударылған.

Сәбең – әдебиеттану ғылымына, фоль­клористикаға, этнографияға көп үлес қосқан ғалым. Оның «ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лардағы қазақ әдебиеті тарихының очерк­тері», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Халық мұрасы» және Абай мен Шоқан өмірі туралы зерттеулері бойынша жа­зыл­ған «Жарқын жұлдыздар» деген ғылы­ми-зерттеу еңбектері – қазақ әде­биеті ғы­лымына қосылған құнды еңбектер. Жа­зу­шы­ның әңгімелері мен зерттеулері бір­неше жинақ болып жарық көрген. Оның шығармалар жинағы 16 том, бірақ осы том­дарға енбей қалған дүние­лері де өте көп.

Аталған конференцияда бірнеше басқа да мәселе ортаға салынды. Соның ішінде түркиялық ғалым Орхон Сөйлемес Сәбит Мұқановтың түрік тіліне бір-ақ кітабының аударылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Аққан жұлдыз» романының Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жаңадан жарық көргендігі айтылды. Қалай десек те, қазақ деген халық барда Сәбит Мұқановтың есімі де жасай беретіні анық.

 

Солтүстік Қазақстан облысы