Технология • 10 Қараша, 2020

Кибершабуылға қарсы қорғаныс күшейіп келеді

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандық белсенді цифрландырудың әр саладағы тиімділігімен қатар, белгілі бір қатерлері де қатар жүретіні түсінікті. Атап айт­қанда, хакерлердің әрекет ету өрісі кеңейіп, киберша­буыл­дарға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мемлекеттер енді кибер­қауіп­сіздікке бұрынғыдан әлденеше есе сақтықпен қарауы қажет.

Кибершабуылға қарсы қорғаныс күшейіп келеді

Халықаралық киберқауіпсіз­дік қызметтерінің мәліметтері бойынша әлемде секундына ша­мамен 12 адамға шабуыл жа­­са­лады. Жыл сайын жаһан бойынша 556 миллионға жуық кибер­қылмыс жасалып,, оның жалпы шығыны 100 млрд АҚШ долларынан асады.

Қазақстанға келер бол­сақ, был­­тырғы жаһандық кибер­қа­уіп­сіздік индексінде еліміз 2018 жылмен салыстырғанда бір­­ден 82-орыннан 40-орын­ға кө­терілді.

Елімізде көбінесе мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор­лар хакерлік әрекеттерге ұшы­райды. Касперский зертхана­сы­ның дерегіне сүйенер болсақ, еліміз залалданған компьютерлер мен спам тарату көрсеткіші бо­йынша Орталық Азия елде­рі ара­сында бірінші орында. Бұл жағдай Қазақстанда ға­лам­тор қолданушыларының са­ны­ның көптігіне, сондай-ақ елдегі қаржылық ақпараттың мол­дығына байланысты. Сонымен қа­тар елімізде хакерлер саны да аз емес екен.

Аталмыш зертхананың атқа­ру­шы директоры Питолиннің сө­зіне сенсек, Қазакстан кибершабуылдар бойынша әлемде 19-орында, майнерлер шабуылы бо­йынша – 7, трояндық шифр­лау­шылар шабуылдары бойынша 11-ші, қаржылық зиян келтіретін бағдарламалық жасақтамалар бойынша 8-орында тұр.

Елімізде киберқылмыстың кең таралғаны соншалық, қазақ­стан­дықтардың 82%-ы әртүрлі алаяқ­тарға тап болған. Әдетте алаяқтар құттықтаулар, сілтеме бо­йынша өту немесе ұтыс алу үшін қысқаша нөмірге жазу секіл­ді айлаларды қолданады. Ұтысты алу үшін, сол соманың  қан­дай да бір па­йызын шотқа аудару сұралады да, ақырында аударылған ақша да, алданған қол­данушылардың төлем мәлі­мет­­тері де алаяқтың қолына тү­седі.

Аталған жағдайлар интернет­тің қауіпті екендігін білдірмейді, кө­бі­несе қолданушылардың са­уат­­сыздығынан болады. Се­бе­­бі, қолданушылар жиі ли­цен­­зиясы жоқ ақпараттық бағ­дар­ламаларды қолданады да, залалды сайт немесе ақпа­раттан қорғайтын қажетті жаңар­ты­лым­дардан айырылады. Тегін wi-fi желісі арқылы онлайн төлемдер жасайды.

Сонымен қатар тұтынушы­лар­дың ең жиі жіберетін қателі­гі – оңай құпия сөз орнатуы. Қолданушылардың  аңғалды­ғы ақшалай ұтыс беретін сауал­на­­маларға қатысуында, бөгде адам­дармен логиндері мен құпия сөздерімен бөлісуінде де көрініс табады.

Қазақстан кибершабуылдар­дан қорғану үшін басқа елдермен тәжірибе алмасып, кибер­қауіпсіздіктің жаңа деңгейіне көте­ріліп келеді. Мәселен осы жылдың басында жапондық Trend Micro Incorporated ки­бер­­қауіпсіздік шешімдерін да­мытудағы әлемдік көшбасшы кор­поратив тапсырыс беруші қазақстандық T&T Security компаниясымен, сон­дай-ақ еліміздегі мемлекеттік ұйымдарымен ғылыми-техни­ка­лық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ынты­мақ­тастық аясында компаниялар ресурстарды Қазақстандағы ақпа­рат­тық қауіпсіздік саласындағы бір­лескен жобалар мен бастама­ларды дайындауға және іске асыруға бағыттауды жоспарлап отыр. Со­нымен қатар қазақстандық пар­ламенттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін отандық ком­пания Trend Micro өнімдері дәс­түрлі антивирустар мен басқа қауіпсіздік құралдары анықтай алмайтын кибершабуылдардың алдын алады деп санайды.