– Сыртқы нарықтардағы жағдай сияқты, өткен айда теңге серпіні әртүрлі бағытта болды, құбылмалық орташа сипатта болды. Алайда, қазанның соңғы күндерінде энергия тасығыштар бағасының күрт төмендеуі аясында теңгеге айтарлықтай қысым түсті. Айдың соңғы аптасында мұнай құнының төмендеуі қарқынды болды, жалпы 2020 жылғы сәуірден бастап барынша нашар болды, баға 10,3%-ға төмендеді. Осы кезеңде валюта нарығында валюта ұсынысының күрт төмендеуі және өтімділіктің төмендігі байқалды. Осыған байланысты Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді, оның көлемі 91,3 млн долларды құрады. Ұлттық банктің қатысуы жалпы нарықтық серпінге кедергі келтірмеді, – деді Әлия Молдабекова.
Валюта нарығы үшін қолайлы факторлардың ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің келуі қайта басталғанын атап өту қажет. Қазанда оның көлемі 71,8 млрд теңгені немесе шамамен 167 млн долларды құрады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары елдегі алтын-валюталық активтердің жағдайы мен алтын нарығындағы жай-күйіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазан айында алтынның арзандау траекториясы жалғасып, бір айда унциясы 1883,4 доллардан 1875,8 долларға немесе 0,4%-ға төмендеді.
– Бағалы металдар нарығындағы негізгі анықтаушы фактор АҚШ-тағы сайлауға қатысты белгісіздік болды. Алтын бағасының төмендеуі іс жүзінде Ұлттық банктің алтын портфеліне әсер етпегенін айта кеткен жөн, өйткені ол басым құқықты іске асыру шеңберінде отандық алтынды сатып алумен реттелген болатын. Қазанның соңында Ұлттық банктің алтын портфелі 23,2 млрд долларды құрады, – деді ол.
Дегенмен, алдын ала деректер бойынша алтын-валюта активтері бір айда 200 млн долларға қысқарып, қазанның соңында 33,6 млрд долларды құрады. Оның төмендеуі негізінен шамамен 90 млн доллар көлемінде мемлекеттік борышты төлеуге және 91,3 млн доллар көлемінде валюталық интервенция жүргізуге байланысты болды.