Елеулі өзгерістерге қарамастан еліміздің қаржы секторында ислам банкингі активтерінің жалпы үлесі төмен деңгейде, бар болғаны – 0,24 %. Соңғы жылдары көрсеткіш сәл өзгеріп, 0,15-0,24 % аралығында құбылып жүр.
Бұл ретте «Қазақстанда қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес, Ислам банктері активтерінің банк секторындағы жалпы көлеміндегі үлесі 2020 жылға қарай 3-5%-ды құрауы тиіс еді. Алайда еліміздегі ислам банкингінің дамуы әлі де бастапқы кезеңде екені байқалады. Негізінен осы уақытқа дейін қаржы секторын дамыту тұжырымдамасына сүйенсек, аталған сегменттің жұмысы жолға қойылу керек болатын.
Қазақстанда исламдық қаржыландырудың дамуын тежейтін бірнеше факторды айтуға болады.
Біріншіден, бұл қаржылық сауаттылықтың төмендігі және халық пен бизнестің ислам қаржысы саласындағы ақпараттан хабарсыз болуымен байланысты. Исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін өнімдерге сұранысты арттыру үшін маркетингтік жұмысты жандандыру қажет. Бұл орайда еліміздегі жұмыс істеп тұрған ислам банктері, керісінше онсыз да маркетинг пен жарнамаға арналған төмен шығыстарды қысқартып отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Al Hilal Ислам банкінің сегменттегі шығыстары 93,1%-ға төмендеп, 7,8 млн теңгені немесе операциялық шығыстардың 0,3%-ын құрады. Сонымен қатар Заман-Банк Ислам банкі маркетингтік шығындарды 93,2%-ға немесе 1,6 млн теңгеге дейін қысқартты, бұл да банктің операциялық шығындарындағы жалпы сомасының 0,3%-ын көрсетті.
Екі банктің жиынтығында былтыр өз өнімдерін ілгерілетуге, сондай-ақ тұтастай жарнамаға барлығы 9,4 млн теңге жұмсалды. Бұл өте төмен көрсеткіш саналады. Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздің үш ірі банкі 2019 жылы жарнама мен маркетингке 8,2 млрд теңге немесе операциялық шығындардың 3,4%-ын жұмсады.
Екіншіден, халықтың тиісті ақпараттан хабарсыз болуы ислам банктерінің қызметіне белгілі бір сенімсіздік тудырады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ислам қаржы институттарының депозиттеріне кепілдік берілмейді. Демек, Al Hilal Ислам банкі мен Заман-Банк еліміздегі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне кірмейтін қаржы институттары.
Бұған қоса исламдық қаржыландыру саласындағы проблемаларға білікті мамандардың тапшылығы, сондай-ақ ислам банктері қызметінің тар бағыттылығын жатқызуға болады. Өйткені екі қаржы ұйымның қызметі корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетуге бағытталған. Осы жылдың 1 қазанына қарай Қазақстандағы Ислам банктеріндегі заңды тұлғалардың салымдарының үлесі 89%-ға жетіп, жеке тұлғалардың салымдары 11%-ды құрады. Осы орайда ислам банктері тек бизнесті несиелендіретінін айта кеткен орынды. Тек 2017 жылы Al Hilal банкі ислам ипотекасын іске қосқан еді.
Десе де Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытудың айтарлықтай әлеуеті бар. Халықтың 75%-дан астамы өздерін мұсылман деп санайды. Демек, шартты түрде 14 млн адамды құрайтын мақсатты аудитория бар екенін аңғартады.
Тұтастай алғанда, елдегі ислам банкингінің дамуы халыққа қаржыландырудың қосымша мүмкіндіктерін береді және жаңа қаржы қызметтеріне жол ашады. Исламдық қаржыландыруды дамытудағы маңызды мәселе – сектордағы нысаналы аудитория ретінде тек іс жүзіндегі мұсылмандар ғана емес, барлық халықты қарастырғаны абзал.