Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Бұқаралық спортқа баса мән беріліп келеді

582 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және бала­лар­ға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орта­лық­та­рын­да спорт үйірмелерін ашу қажет», деген. Президент айтқандай, Шығыс Қазақстан облысының спорт саласында айтулы істер атқарылып жатыр.

Бұқаралық спортқа баса мән беріліп келеді

Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясат­тың басты бағыттарының бірі. Ал денсаулықтың кепілі спорт екенін жақсы білеміз. Сол үшін де мемлекет тарапынан спорт саласына әу бас­тан қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде әр ауылда болмаса да, аудан орталықтарында спорт үйірмелерінің түр-түрі бар. Оның ішінде бұқаралық спорт­қа да көп көңіл бөлінген.

Биыл Күршім және Үржар ауылдарында бассейндері бар дене­шынықтыру-сауықтыру ке­­шен­дерінің және Мақаншы ауы­лындағы спорт модулінің құрылысы аяқталады. Соны­мен қатар Көкпекті ауданының орта­лығында спорт модулі мен Аягөз ауданының Ақто­ғай кентінде, Жарма ауданы, Шар елді мекеніндегі дене­шы­нық­тыру-сауықтыру ке­шен­­­дерінің құрылыс жұ­мыс­та­ры тәмамдалды. Келесі жылы Катон­қарағай ауылындағы спорт­тық сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Аталған жаңа нысандар жүздеген адамның тұрақты жұмысқа ор­на­ласып, мыңдаған адам дене­шы­нықтырумен айналысуына жағ­дай жасайды.

Бұдан бөлек облыс көле­мін­де ауыл-ауылдарға 40 спорт ала­ңы орнатылды. Оның ішін­де хоккей қорабы, баскетбол, футбол алаңдары салынды. 11 street workout ашылды. Аталған ашық алаңдар ауыл­дағы жастардың бос уа­­қыт­тарын тиімді өткізуге ба­ғыт­­талып жасалған. Екінші жа­ғы­­нан спортпен шұғыл­да­нып, денсаулықтарын нығай­ту­ға зор мүмкіндік.

Аймақта ұлттық спорт тү­рі­нің бірі саятшылық та ұмыт қалмаған. «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында өңірде республикалық бүр­кіт­шілер байқауы өтіп тұ­ра­­ды. Былтыр Тарбағатай ауда­нында өтсе, биыл ақпанда Абай ауданы, Қарауыл ауылында ұйымдастырылды. Турнирге республиканың бар­лық өңірлерінен 50-ден аса спортшы қатысқан.

Абай өңірінде бұқаралық спорт түрі анағұрлым жақсы дамыған. Аталған ауданда денешынықтыру және спортпен айналысушылардың саны 4 480 адам екен. Абай ауданында бүгінде 64 спорт нысаны бар. Бұл – жалпы орта білім беретін 11 мектептегі спорт залдары және 9 ауылдық округтегі 12 шағын футбол алаң­дары мен 9 хоккей корттары. Сондай-ақ спорт модулі мен «Шыңғыстау» спорт кеше­ні, орталық стадион, жүзу бас­сей­ні және Құндызды ауылында Айбек Нұғымаровтың демеушілігімен салынған спорт залы жұмыс істеп тұр. Бұл спорт нысандарында кез кел­ген тұрғын белгіленген кес­теге сай жаттыға алады.

Спорт саласы маман­да­ры­­ның айтуынша, бұл аудан облыс орталығынан алыс жат­қа­нымен, кадр жағы да жет­кілікті. Бәрі білікті, білім­ді мамандар. Ал спорт мектеп­те­рінде 995 оқушы спорттың 9 түрі бойынша жаттығады. Атап айтқанда, бокс, волейбол, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және жүзумен айналысады. Абай ауданынан бір жылдың өзінде 8 өрен спорт шеберлігіне үміткер атанып, 16 жас бірінші разрядты спортшы атағын алды. 2019 жылы ауданның спортшылары облыстық жарыстарда 61 алтын, 48 күміс және 41 қола қанжығалаған. Ал рес­пуб­ликалық чемпионаттар мен турнирлерде 23 алтын, 12 кү­міс және 20 қола медальға қол жеткізген.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жоспарына сәйкес осы күнге дейін 50-ге жуық спорттық іс-шара өткен. Спартакиада, мүм­кін­ді­гі шектеулі адамдармен эста­фе­талық ойындар, ардагерлер арасындағы жарыстар ұйым­дас­тырылған.

– КСРО спорт шебері Қайырбек Дүрмекбаевты еске алуға арналған дзюдо күре­сі­нен республикалық турнир биыл төртінші мәрте өтті. Тіпті әр жылдары мектеп бітірген түлектердің 10, 20, 30 жылдық кездесулеріне орай ұлт­тық спорт түрлерінен жарыс­тар және еске алуға арнал­ған турнирлер өткізіліп келеді, – дейді дзюдо бөлімінің жат­тық­ты­ру­шы­сы Мақсат Кәкенов.

Биыл елдегі пандемия көп­те­ген жарыстың өтуіне қол­байлау болғанымен, жо­ға­ры­да атап өткендей, бірқатар спорт нысаны бой көтерді, ескір­ген­де­рі күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты Абай ауданында да 1957 жылы салынған спо­рт мектебінің ғимараты толық жөнделді. Заманауи ғимаратта спорт үйірмелеріне арналған бөлмелермен қатар асханасы да бар. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында допты хоккей алаңы салынды. Енді 2025 жылға дейін Көкбай және Саржал ауылдарында спорттық модульдер салуға құжаттар әзірленіп жатыр.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту, тегін спорт секцияларын ашу, мектеп және студенттер лигасын құру үшін бірқатар жұмыс жүзеге асты. Облыстық білім басқар­масының мұрындық болуы­мен жыл сайын 20-дан аса іс-шара өткізіліп, оған 33 000-нан аса оқушы қаты­са­ды. Өңірдің оқушылары спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-ша­ра­ларына белсене қатысып, облыс намысын сәтті қорғап келеді.

Былтыр Татарстан Рес­пуб­ли­кас­ның Қазан қала­сын­да ТМД елдері мектеп спортының VII халықаралық фестиваліне волейболдан Қазақстанның намысын қорғау үшін облыстың құрама командасы қатысып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болған. Бұл облыс үшін үлкен жетістік еді.

Жыл сайын облыс әкім­ді­гінің қолдауымен өте­тін ба­ла­лар-жөспірімдер арасын­дағы «Жұлдызша» облыс­тық турниріне 500-ге жуық жас хоккейші қатысады. Со­ны­мен қатар дәстүрлі көп­күн­дік «Қазақстан оқушысы» рес­пуб­ликалық велоспорт жары­сы ұйымдастырылып, 200-ге жуық велоспортшы өз бақ­та­рын сынасады.

Білім басқармасы маман­дарының мәліметінше, биыл жалпы білім беру меке­ме­лерін­де 67 691 оқушы­ны қам­ты­ған 2 922 спорт секциясы ақысыз жұмыс жүргізіп келеді. Аудандар мен қалаларда 2020-2021 оқу жылында спорт секцияларының президенттік көпсайыс, регби, ұлттық спорт түрлерінен жаңа бағыттары ашылды. Сондай-ақ жастар спорт­тық туризм, street workout сынды заманауи ба­ғыт­қа да бет бұрды.

Бұқаралық спорттың дамуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайды жоққа шығаруға болмас. Шағын ауыл­дардың өзінде спортпен айналысамын деушілерге мүм­кіндік мол. Тек жастар ниет қойып, қабілетіне қарай спорт түрін таңдап, айналысса болғаны. Әлемдік додаларда көк туды желбіретіп, елдің атын аспандатып жүрген спортшылардың көбі ауылдардан шыққаны шындық.

 

Шығыс Қазақстан облысы