Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Шектеу шаралары қабылданды

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдегі Тауарлар мен қызметтер­дің сапасын бақылау департаментінің мәліметінше, биыл қазан-қараша аралығында облыс бойынша респи­раторлық-вирустық инфекцияларын жұқтырған деген күдікпен 3 610 адам дәрігерге қаралған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауруды жұқтырудың өсімі байқалуда.

Шектеу шаралары қабылданды

Ал қазір департамент басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, маусымдық эпиде­мияны болдырмас үшін тұрғындарды егу жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, қыркүйектен бастап облыс бойынша 81 164 адам тұмауға қарсы вакцина алған.

Бірақ қазіргі күз айларында облыс тұр­ғындары тұмау мен коронавирус­ты қатар жұқтыруы да мүмкін. Биылғы эпи­демиялық маусымның ерекшелігі сол – ауада жаңа коронавирус инфекциясы жедел рес­пи­ра­торлық-вирустық инфекциялары мен тұ­мау­мен бірге таралады.

– Тұмаумен бірге коронавирус инфекциясымен ауру қаупі бар. Өйткені екі вирус та жедел респираторлық-вирустық инфекциясы. Үйреншікті тұмау жоғары тыныс жолдарын қабындырса, ал екіншісі өкпеге қауіп төндіреді. Сондықтан тұрғындарға қоғамдық орындардан аулақ болып, қолды жиі жуып, бөлмелерді желдетіп отыру керек. Көшеге шығар алдында мұрын қуысына оксолин жақпа майын жағып, бетперде тағу қажет, – дейді Б.Әлиев.

Денсаулық сақтау басқармасының Ли­цен­зиялау және дәрі-дәрмекпен қамта­ма­сыз ету бөлімінің мәліметінше, қазір өңір­де медициналық қызметкерлердің де қауіп­сіздігі үшін барлық шара жасал­ған. Облыста індетттің таралмауына орай жа­салған 2 айлық дәрі қоры бар. Медици­налық ұйымдарда да дәрі-дәрмек жеткілікті.

– Биыл облыстағы медициналық ұйым­дар мен «СК-Фармация» компаниясы арасында дәрі жеткізуге 6 млрд теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасалды. Бүгінде 4,6 млрд теңгеге дәрі әкелінді. Мамыр-шілде айларында КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін дәріге қосымша өтініштер берілді, – дейді бөлім басшысы Анар Омарова.

Оның айтуынша, өңірдегі дәрі баға­сын тұрақтандыруға арналған қор бар. Дәріха­на­лардың берген өтініштері бойынша қа­жетті препараттар әкелінеді. Тұрақ­тан­ды­ру қоры 2,869 млн қаптама дәрі әкелді. Қа­зір өңірдегі 212 дәріханаға бұл дәрілер жеткізілді. Барлық дәрі-дәрмек Денсаулық сақтау министрлігінің індет пен маусымдық тұмауды емдеуге арналған хаттамасына сай келеді.

Өңірде медициналық ұйымдардағы, ауруханалардағы, тұрақтандыру қорында­ғы дәрілер тұрғындарды дер кезінде емдеу үшін жеткілікті. Яғни коронавирустан басқа ­аурулар бойынша дәрімен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ. Бәрі жоспардағыдай өтуде.

– Иә, әрине, дәрілерге қатысты өтініштер мен шағымдар да түседі. Алайда ол мәсе­ленің мән-жайын ашып қарау керек. Кейде дұрыс дәрігерге қаралмаған, емделуге дәрі тағайындалмаған жағдайлар кездеседі. Егер де емханалар дәрі-дәрмек бермеген немесе өзге де дәрімен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер туындаған жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының 32-00-17 және 32-00-18 нөмірлері бойынша хабарласуға болады, – дейді А.Омарова.

Ал облыс орталығындағы «109» қызме­тінің басшысы Абзал Қабдраш орталық қызметі іске қосылған 1 наурыздан бүгінге дейін 85 мың өтініш қабылдаған. Олардың 25 мыңы коронавирус мәселесіне қатыс­ты түскен. Тұрғындар, әсіресе індет тараған сәуір-мамыр кезінде ең көп қоңырау шалыпты. Қазір күн сайын 500-1500 шамасында өтініш келіп түседі екен.

– Алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 101, 102, 103 және 109 диспетчерлік қызметтер «112» біртұтас жүйесіне қосылады. Бұл америкалық «911» қызметінің баламасы секілді, – деді орталық басшысы.

Сондай-ақ өңірге жұмыс сапарымен кел­ген Қоғамдық бақылау тобының үйлес­тіру­шісі Саида Тәуекелева да ауруханалардың жаб­дықталуын, медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектердің дайындығын тексеріп қайтты.

Мысалы, Ақсу қаласында індет өршіген уақытта 230 адам сыйымдылығы бар прови­зор­лық орталық жұмыс істейді. Бүгінде орта­­­лықта 26 өкпені жасанды желдету ап­па­ра­­ты бар. Оның 13-і індеттің болжамды екін­­ші тол­қынына дайындық жағдайына алынған.

Қалалық №2 аурухананың бас дәрі­гері Мақсат Мұқашевтің айтуынша, індет өршіген уақытта 922 науқас емде­ліп шық­қан. Оған 98 медициналық қызмет­кер қызмет көрсеткен. Жергілікті бюджет есе­бінен қосымша оттегі концентратор­лары, реанимациялық бөлімшеледің құрылғы­лармен қамтылуына, сондай-ақ интенсивті терапияның қосымша 18 адамға арналған палаталарына қаржы бөлінген.

– Біздің мақсат – өңірдегі әр медицина­лық орталықты тексеру арқылы дәрі-дәрмек қорымен, жалпы жұмыс жағдайымен танысу қажет. Аурухана меншігінде не бар, не жоқтығын білу маңызды. Өңірдегі Ақсу қалалық емханасын, қалалық жедел жәрдем стансасының жұмысына көңіліміз толды. Біз еліміз бойынша мониторинг жүргізіп жатқандықтан, салыстырмалы түрде баға беруімізге негіз бар, – деді С.Тәуекелова.

 

Павлодар облысы