Саясат • 10 Қараша, 2020

Құттықтау сөзден көп нәрсені аңғарамыз...

3356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Байденді АҚШ-тың жаңа президенті болып сайлануымен алғашқы боп құттықтаған мемлекет басшылары арасында (мысалы, Ресей, Қытай сияқты алып елдердің басшылары олай жасауға асықпағанымен) Президент Қ.К.Тоқаевтың болғанына баршамыз куә болдық. Оған әлемдік қауымдастық та куә болды. Халықаралық қатынастар саласындағы мамандар мен шолушылар бәрін де бақылап отыр, жазып та жатыр.

Құттықтау сөзден көп нәрсені аңғарамыз...

Қай ел болмасын, заңды түрде сайланған мемлекет басшысын мемлекет басшысы ретінде құттықтап, тілек айту - халықаралық қатынастар жүйесі мен дипломатиялық дәстүрдің нышаны болса, әсіресе әлемдегі ең мықты саяси-экономикалық алып елдің ғаламдық геосаяси және геоэкономикалық үрдістерге деген ықпалының орасан зор екенін, ол елдің ғаламдық деңгейдегі саяси ахуалға деген жауапкершілігінің маңызды екенін ескере отырып, екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ниет білдірудің бір амалы. Дипломатия саласында мемлекет басшыларының бір-біріне жолдаған әрбір сөздің мәні мен мағынасы ғана емес, әрбір әріптің астарына дейін талданып жататыны сондықтан.

Осы тұрғыдан Президентіміздің Байден мырзаның твиттердегі аккаунтын тегтеп тұрып тікелей ағылшын тілінде құттықтау жолдағаны өте маңызды дипломатиялық іс-қимыл болғаны айтпай-ақ түсінікті болар. Шынайы айтылған лебіз бен екі ел арасындағы өзара мүдделі салаларда жемісті әріптестік орнатуға қызығушылығын білдіру арқылы Президентіміз Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықты тереңдетуге ниетті екенін ашық мәлімдеді.

Әр елдің басшысы Байденді әртүрлі форматта құттықтап жатыр. Мысалы, орайы келгенде жапонтанушы ретінде экономикалық, ғылыми-технологиялық салаларда Азияда ғана емес, әлемдегі ең дамыған елдердің бірегейі, аймақтағы АҚШ-тың әскери-саяси одақтасы болып табылатын Жапонияның премьер-министрі Ё.Суганың Байденді қалай және не деп құттықтағаны жайлы айта кетуді жөн көрдім.

"Байден мырза мен Харрис ханымды шын жүректен қайталай құттықтаймын.
Жапония мен АҚШ бостандық, демократия сияқты әмбебап құндылықтарды бөлісетін одақтас елдер.
Жапония мен АҚШ одағын одан әрі күшейту мақсатында, сондай-ақ мына Үнді-Тынық мұхиты аймағының бейбітшілігі мен өркендеуін қамтамасыз ету мақсатында АҚШ-пен бірлесіп әрекет жасауға мүдделімін.
Байден мырзамен телефон арқылы қашан сөйлесетінім немесе менің АҚШ-қа қашан сапар жасайтыным жайлы қазіргі таңда ештеңе шешілмегенімен, алдағы уақытта ыңғайына қарай пысықтай жатармыз".

Деп Жапонияның премьер-министрі Суга көптеген БАҚ өкілдері алдында АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті мен вице-президентіне құттықтау жолдады.

АҚШ-тың Азиядағы ең сенімді одақтасы болып табылатын Жапония премьер-министрінің арнайы барлық дерлік беделді ақпарат агенттіктері арқылы айтқан осы қысқа құттықтау сөзінен "Біз үшін АҚШ басты мемлекет" дегенді ғана емес, Үнді-Тынық мұхиты аймағында АҚШ-пен бірлесіп әрекет жасауға мүдделі екенін мәлімдеу арқылы аталған аймақта күн санап күшейіп отырған "Қытайға қарсы бірігіп бірдеңе жасамасақ болмайды" дегенді білдіріп, ал Байденмен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ-қа сапар шегуге мүдделі екенін меңзеу арқылы "Байден президент ретінде ең бірінші боп сөйлесетін, бәлкім ең бірінші боп еліне ресми сапармен шақыратын үкімет басшысы мен болсам екен" деген тілек-ниеттің жатқанын байқауға болады.

Байден әкімшілігі үшін Еуропалық Одақтан шығып отырған АҚШ-тың дәстүрлі ең сенімді одақтасы болып табылатын Ұлыбритания маңыздырақ па, немесе Еуропалық Одақты одан артық қоя ма, я болмаса премьер-министр Суга меңзеп отырғандай, аймақта және әлемде ықпалы мен әсері күннен күнге күшейіп отырған Қытайға тосқауыл қоюдың амалын қарастыру мақсатында Азиядағы ең сенімді серігі Жапонияны таңдай ма, әлде G7 форматында дамыған елдердің басшыларының бәрінің басын бірге қосып, бәрімен бірге кездесе ме...

Сол арқылы Байден әкімшілігінің сыртқы саясат саласындағы басты бағыттары мен келесі төрт жылдағы халықаралық қатынастар саласындағы негізгі басымдықтар жайлы байқайтын боламыз.

Олай болса, құттықтау сөз бен онда айтылған тілек-ниеттен көп нәрсені аңғарсақ, Байден АҚШ-тың жаңа президенті ретінде ең бірінші қай елдің басшысымен кездесіп, кіммен ең бірінші боп ресми келіссөздер өткізер екен, кімді Ақ үйде алғаш мейман қылып, өзі алдымен қай елге сапар шегер екен, халықаралық қатынастар тұрғысынан маңызды мәселені өз тарапыздан бақылап көрмекпіз.
---

Батырхан Құрмансейіт
Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша PhD докторы