Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Жамбылда мониторингтік топтардың жұмысын күшейту керек

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетімен күрес бойынша облыстық жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылда мониторингтік топтардың жұмысын күшейту керек

Жиында облыс бойынша санитарлық-эпидемиялық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейля Муликова  өткен айда Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 60 жағдайы тіркелгенін, ол алдыңғы аймен салыстырғанда аурушаңдық деңгейінің 1,4 есеге өскенін көрсететінін хабарлады. Оның айтуынша, жағдайлардың көбі Тараз қаласы, Шу, Байзақ және Қордай аудандарында анықталған. Алайда, 31 инфекция ошақтарында қорытынды дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, байланыста болған 230 адам үй карантиніне оқшауланған.

Ағымдағы жылғы 10 қазан мен 6 қараша аралығында мониторингтік топтар 9125 нысанды қамтып, 1328 рейдтік тексерістер жүргізген. Нәтижесінде, карантиндік режімнің 530 бұзылу дерегі анықталып, 17 миллион 852 мың 840 теңгеге 163 хаттама толтырылған. Бұл ретте Нейля Муликова Байзақ, Шу, Талас, Сарысу аудандары мен Тараз қаласының мобильді топтарының жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Жиын барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мониторингтік топтарға тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің шектеу және карантиндік шаралардың сақталуына бақылау жүргізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

"Облыс орталығындағы топтар 3000-нан астам нысанды тексеріп, тек 174 бұзушылықты анықтаған. Осы уақытқа дейін тек 60 материал келіп түскен. Кейбір аудандардағы жағдай да осыған ұқсас. Көптеген рейдтік тексерістен нәтиже жоқ", деді әкім.

Ал облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлерін аталған рейдтік шараларға қатысуға шақырды. Сондай-ақ Нейля Муликова облыс аудандарындағы барлық ведомстволардың жедел өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін үйлестіру орталықтарын құруды ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау барысы туралы баяндады.

Бүгінде облыста 345 мыңнан астам адам вакцинациядан өткен. Халықты қамту көрсеткіші 30 пайызды құраған. Жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдарға вакцина ақысыз егілуде. Бұл тізімге медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалар және зейнеткерлер кіреді екен.