Елбасының Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы, мәдени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар – Ассамблеяның барлық бағыттағы жұмыстарының бастауында тұрды. Әлемдегі қазіргі ахуал татулықты ту еткен Қазақстанның өз даму жолын сенімді таңдағанын айқын дәлелдеп берді.
Бүгінгі таңда әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы дамыған елдердің өзін есеңгіретіп, дағдарысқа ұшыратты, экономикасы ілгері мемлекеттер түрлі қиындықты бастан кешіруде. Алыс-жақын шет елдерде қоғамдық қарым-қатынастардың келеңсіз тұстары ашылып, наразылықтар бой көрсете бастады. Әлеуметтік, нәсілдік және этностық теңсіздік соңы бір-ақ сәтте алауыздық отының тұтануына себеп боларына көз жеткіздік.
Тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу идеясының маңызы тағы да арта түсті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Біз мыңжылдықтар тоғысында бабалар аңсарын шындыққа айналдырып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер көксеген, Абылай хан армандаған, Абай тілеген абат күнге жетіп, барша қазақтың басын біріктірдік. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді" деген сөзі әрбір қазақстандық ұлт өкілінің жүрегінде жатталды.
Өйткені Ассамблея 25 жыл ішінде барлық этностарды бір мақсат, бір мүддеге ортақ біріктіре алды. Жыл сайынғы сессияларында Қазақстан халқын толғандыратын мәселелер мен сұрақтар қызу, кейде өткір талқыланып, мемлекеттік, елдік мәселер шешімін тапты. Толеранттылық сақтап, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге таныттық. Тарихи оқиғаларға объективті көзқарас ұстанып, ел іргесінің берік негізін қаладық.
Әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасалды. Алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды, барлық этностардың құқығы мен бостандықтары бірдей, үлкен-кіші деп жіктеуге жол берілмейді.
Соның нәтижесінде бірде-бір этнос жеке-дара оқшауланып, ерекше этностық мәртебесі туралы мәселе көтерген емес. Керісінше, шығу тегі әр түрлі этностар Қазақстанда дүниеге келіп, өсіп-өнгендерін мақтан тұтады. Өз Отанының дамуына әр қайсысы өздерінің қомақты үлесін қосып, белсене атсалысуға тырысады.
Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық жолын таразылай отырып, Елбасының бейбітшілік пен келісім саясаты өзін өзі толық ақтағанын атап өткен жөн.
Басты фактор – Қазақстанда этносаралық интеграция әуел бастан азаматтық қағидаттарға негізделгендігі болып отыр. Рухани мәдениеттің ортақтығы, әлеуметтік тұтастық – саяси тұтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы шетелдік сарапшылардың сенімсіз болжамдарына қарамастан, Ассамблея Елбасының дара басшылығымен қасиетті қазақ жерін ұлтаралық қақтығыстан аман сақтап, Қазақстан халқын біртұтас елге айналдыра алды.
БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапарлары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, "Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді" деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына арнаған "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" Жолдауында қоғамдық келісімді нығайта түсуді тапсыра отырып, "Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: "Ел бірлігі – оның әралуандығында!" деп халықтар достығының тереңдеуіне айрықша маңыз берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады" деп атап өткен болатын.
"Әралуандықтағы бірлік" – біздің мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы және басымдығы болып қала береді.
Қазақстан Президенті биыл этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру міндетін де жүктеді. Уақыт талабы, заман ағымына сай елдегі этносаралық процестерді басқару тәсілдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Алғаш рет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан республикадағы этносаралық қатынастарды реттеу және дамыту мәселелерімен тікелей айналысатын арнайы өкілетті орган – Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ететін "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі аталған Комитеттің құрамына енгізілді.
Этносаралық қатынастарды алдын-ала зерттеп-зерделеумен айналысатын Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жасақталды.
Институттың міндетіне – этносаралық салада мониторинг жүргізу, кешенді зерттеулер ұйымдастыру, сараптамалық қорытындылар дайындау, саяси жоспарлау бойынша ұсыныстарды терең талдау мен жедел және ұзақ мерзімді болжамдар жасау жөніндегі ұсынымдар беру кіреді.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары арасындағы міндеттер қайта қаралып, Ішкі саясат және Қоғамдық даму басқармаларының құрамында этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша жеке бөлімдер құрылды.
Ассамблеяның өңірлік хатшылықтарының және "Қоғамдық келісім" КММ-нің мақсат-мүддесі сақтала отырып, ішкі саясат басқармасына берілді.
Ендігі жерде әкімнің ішкі саясат саласына жетекшілік ететін орынбасарлары өңірлік ассамблея төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарады. Олар қоғамдағы этносаралық келісімді сақтауға және жаңа құрылымдардың тиімді жұмысына жауап береді.
Мемлекеттік деңгейде этносаралық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесі – Елбасының "Ел бірлігі – біздің ең құнды игілігіміз" деген ұстанымын лайықты жалғастыратын болады.
Осыған сәйкес, 2008 жылғы 20 қазандағы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының "қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету" туралы Заңын Ассамблея ендігі жерде бірнеше бағытта жүзеге асырмақ. Атап айтқанда:
– ел азаматтарын, әсіресе өскелең ұрпақты мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру;
– ағартушылық жұмыс, ғылыми жобалар арқылы қазақ мәдениетінің құндылықтарын, тарихы мен дәстүрлерін насихаттау;
– жанжалдардың алдын алу құралы ретінде медиация институтын нығайту;
– азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігінің құралы ретінде қайырымдылықты, меценаттықты дамыту;
– Қазақстан этностарының тілдерін, салт-дәстүрлерін сақтауға қолдау көрсету;
– мәдениетаралық диалог, тарихи мұраны сақтау мәселелерін зерделеуге бағытталған жобаларды қолдау;
– волонтерлер қозғалысын дамыту;
– Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару институттарын дамытуға жәрдемдесу;
– ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының жұмыс тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету;
– қазақстандық этностардың тарихи шығу елдерімен байланысын қолдау, халықтық дипломатия мен гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту.
Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі түрлі этностық топтар өкілдерінің азаматтық бірегейлігін үйлесімді дамытуға бағытталған. Бірегейлік процесінің ұрпақтар арасындағы байланысын ұғыну аса маңызды.
Мемлекеттік саясаттың интеграциялаушы әлеуеті – тәуелсіздік идеясы, мемлекеттік құрылымның тұтастығы, мемлекеттік тіл және адам мен азамат құқықтарының басымдығы төңірегінде құрылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет құрылымының жаңа кезеңінде конституциялық мәртебесі бар институт ретінде мемлекеттік-ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.
Ассамблеяның жинақтаған тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардың дамыған қоғамдық желісі азаматтардың барлық этностық топтар өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне тартылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ассамблеяның айналасында Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, медиаторлар, ҚХА кәсіпкерлері қауымдастығы, Ғылыми-сарапшылық кеңес және өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтар, жастар қозғалысы, масс-медиа, театрлар құрылып, табысты жұмыс істеуде.
Ассамблея мерейтойлық жыл аясында да этнос өкілдерін біріктіруді, стратегиялық сабақтастықты одан ары арттыруды басты бағдар ретінде ұстанды. Карантин талаптарын сақтай отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін танытып, этносаралық қатынастарды нығайту үшін республикалық деңгейде онлайн форматта шаралар ұйымдастырды.
Жыл бойы 100 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 800 мыңға жуық адам қатысты.
Айтулы мерейтойдың негізгі жобасы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған "Тұңғыш Президент жолымен" халықтық экспедициясы".
Халықтық экспедицияның басты арқауы – Елбасы мен халық. Өйткені сан ғасыр бодандықтан құтылуды армандаған ел тілегі – Тәуелсіздік болса, азаттықтың арайлы таңында Елбасы – ел тірегі болды. Сол себептен, жоба Ұлт Лидерінің Тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы рөлі мен "Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы", "Мәңгілік ел", "Тәуелсіздік туралы сөз", "Ұлытау баурайындағы ой-толғау", "Тәуелсіздік дәуірі", "Рухани жаңғыру" сияқты бағдарламалық тұжырымдарын ұрпақ жадында, қоғам санасында айшықтауды мақсат етті.
"Тұңғыш Президент жолымен" халықтық экспедициясы" негізгі үш бағытқа бөлінді. Бірінші бағыт – бұл басты бағыт. Үшқоңыр баурайында Елбасы өмірге келді, ер жетті, азамат атанды. Сондықтан, басты бағыттың Алматы облысынан бастау алуы тарихи заңдылық.
Екінші бағыт – аймақтық немесе өңірлік бағыт. Болашақ Президент еңбек жолын алғаш бастаған, жалынды жастық шағы өткен, мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау, сондай-ақ Елбасы білім мен білігін шыңдаған Украинаның бұрынғы Днепродержинск, қазіргі Каменское қаласын қамтыды.
Үшінші бағыт – халықаралық бағыт. Қазақстанның тұңғыш Президенті ел тізгінін ұстағаннан кейін Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында ресми іссапарлармен барып, айтулы келіссөздер жүргізген, келелі кеңестерге қатысып, әлемдік ареналарда мәлімдемелер жасаған шет мемлекеттерді құрайды.
Осы жоспарға сәйкес, экспедиция 2019 жылдың аяғында, "1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні" қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ресми түрде бастау алып, ресми туы мен күнделігі Алматы облысына арнайы тапсырылды. Ақпан айының алғашқы аптасында ақбасты Алатаудың етегіндегі Шамалған ауылында, наурыз айының екінші он күндігінде Теміртау, Қарағанды қаласында салтанатты жиын өтті.
Еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде экспедиция республикалық деңгейде онлайн форматта жалғасын тапты. Іс-шаралардың барлығында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір өткелдері мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа өнеге етілді.
Ұлт Көшбасшысының Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту, шекараны шегендеу, Арқа төсіне астана салу, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізу сияқты алғашқы шешімдеріне басымдық берілді.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтамақтастық ұйымы, Шанхай ынтамақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы және басқа ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуының ел тарихындағы маңызы айтылды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қызметін қайта жандандырған Астана саммиті, ТМД елдерінің арасында өткен алғашқы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің экономикалық тиімділігі талданды.
Бұған қосымша, Қазақстан тәуелсіздігімен қатар өрілген Елбасы жолының ел азаматтарының өмірінен алған орны мен әсері әңгімеленіп, сөз алушылар Тұңғыш Президентпен кездесуден кейінгі басынан өткен оң өзгерістерімен бөлісті.
Экспедицияның қорытынды жобасы телевизиялық форматта "Хабар" арнасы эфиріндегі "Қоғамдық талқылау" бағдарламасы арқылы 2020 жылдың 30 маусымында көпшілікке жол тартты. 2020 жылдың 1 шілдесінде "Тұңғыш Президент жолымен" онлайн конференциясы ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, Ассамблея әлемді жайлаған COVID-19 індеті басталған тұста алғашқылардың бірі болып "Біз біргеміз!" республикалық акциясын іске асыруға атсалысты.
ҚХА мүшелері жалпы сомасы 1 миллиард 497 миллион теңгеге көмек көрсетті.
2 миллион 200 мыңнан астам медициналық маска таратылды.
Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына 335 тонна гуманитарлық көмек және құрылыс материалдары жіберілді.
Құрбан айт күндері Ассамблеяның "Мың алғыс" қайырымдылық бастамасы аясында 7 мың медицина қызметкерінің отбасына 77,7 млн теңгеге көмек көрсетілді.
"Мектепке жол" акциясы аясында 6 мың оқушыға ноутбуктер таратылды.
Ассамблея Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына да белсене қатысты.
"Жыр орталығы" онлайн-жобалары, #abai175 челленджі, халықаралық онлайн-конференциясы, "Біз Абаймен біргеміз!" онлайн поэзия фестивалі өтті. Этнос өкілдері Абайдың өлеңдерін оқып, әлеуметтік желілерде 1 мыңнан аса бейнероликтер жариялады.
Волонтерлар жылы Ассамблея волонтерлар қозғалысының 30 орталығын құрды. 430 мың адамға гуманитарлық көмек көрсетілді. 12 мың волонтердің қатысуымен 1200 іс-шара өткізілді.
"Автоволонтерлік" жобасы жүзеге асырылды. Әрбір облыс орталығында 50-ден 80 автокөлікке дейін провизорлық госпитальдарға қызмет көрсетіп, көмек таратумен айналысты.
Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны этносаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақ тілін үйрену жөніндегі Бірінші Конгресі және дәстүрге айналған жыл сайынғы "Ұлы даланың ұлтаралық тілі" форумы өткізілді.
"Даналық әліппесі" және "Абай" интерактивті кешендері енгізілуде, "Қазақтану" және "Мың бала" мәдени-ағартушылық жобалары іске асырылуда, "Мәміле" және басқа да қазақ тілін оқыту клубтары жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан біздің ерік-жігеріміз, өжеттілігіміз, еңбегіміз бен табандылығымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!" деген сөзін іске асыруға зор мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн" деп тіл мұраты жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Сөз соңында айтарымыз, Елбасы Н.Назарбаевтың "Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.
Халқымыз "тар жерде табысқан, кең жерде келіседі" демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды. Бақыт бағалай білгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын!" деп айтқан сөзін Қазақстанның әр азаматы естен шығармауы тиіс.
Жамбыл облысындағы сапары барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін" деген еді.
Ұлттық біртұтастық принципіне сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін лайықты жалғастыра береді.
Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі