Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Атырауда Нұрлан Балғымбаев атындағы стипендия тағайындалады

1303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы стипендия тағайындалады, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда Нұрлан Балғымбаев атындағы стипендия тағайындалады

Университет ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, талапты жастарды ынталандыруға бағытталған жұмыстар жалғасын тауып келеді. Биыл 250 студентке корпоративтік грант тағайындау қолға алынды. Сонымен қатар, оқу орнының алғашқы ректоры, академик Төлеуіш Серіков, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаев атындағы стипендиялар табысталды.

"Енді мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі мұнайшы Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев атындағы атаулы стипендия тағайындауға конкурс жарияланып отыр. Мемлекеттік басқару мен отандық экономиканы дамыту ісінің қайраткері Нұрлан Өтепұлы білімі мен мол тәжірибесін мұнай-газ саласының өркендеуі мен қалыптасуына жұмсады. Сол себептен, университет басшылығы студенттердің оқу, ғылыми және шығармашылық қабілетін ынталандыру мақсатында белгілі мемлекет қайраткері атындағы арнаулы стипендияны тағайындауды жөн көрді. Атаулы стипендия бес үздік студентке беріледі. Ай сайын берілетін 50 мың теңгелік стипендияны иелену үшін студенттің оқуда озат, өмірлік ұстанымы белсенді, білім-ғылымға қабілетті, дарынды, жауапкершілігі жоғары болуына баса мән беріледі", дейді ректор Гүлзада Шакуликова.