Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Елордада 10 мыңнан аса ерекше білімді қажет ететін бала оқиды

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада ерекше білімді қажет ететін балалар үшін 15 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Ұйымдарда 10 мыңнан астам бала тіркелген.

Елордада 10 мыңнан аса ерекше білімді қажет ететін бала оқиды

Ең алдымен, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы арнаулы ұйымдарға қабылдауға мүмкіндік береді.
Қабылдау алдын ала жазылу арқылы ата-аналар үшін ыңғайлы форматта, яғни тікелей жүгінген кезде, телефон арқылы, сонымен қатар биыл тамыздан бастап "egov.kz электрондық үкімет" порталы арқылы жүзеге асырылады.

“Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар штаттық режимде жұмыс істейді, сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша онлайн-тексеру жүргізу де мүмкін. Даму ерекшеліктеріне байланысты эмоционалды-еріктік саласы мен мінез-құлқы, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған балалар штаттық режимде қабылданады”, - деп атап өтті білім басқармасы өкілдері.

Қашықтан жұмыс істеу форматы кезеңінде 1 767 бала онлайн-тексеруден өтті, оның нәтижелері бойынша әрбір баланың жеке білім беру маршруты әзірленді.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (ППТК) мен оңалту орталықтарына келетін болсақ, бұл ұйымдар дамуында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу үшін кешенді қолдау көрсетеді.

Қазіргі уақытта 1413 бала психологиялық-педагогикалық көмек алуда. Қашықтан оқытуға көшуге байланысты балаларды түзету-дамыту қызметімен қамту 10% артқаны байқалады. Сонымен бірге, визуалды және эмоционалды байланыстың болмауынан, аутизм секторы бұзылған балалар мен көру қабілеті бұзылған балалар үшін қашықтықтан оқыту қиындықтар туғызды. Сондықтан олар штаттық режимге ауыстырылып, жеке сабақ кестесі жасалды. Ата-аналарға кеңес беру онлайн-режимде өтуде”,- дейді басқармада.

Осындай мекемелердің бірі - "№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті" КММ. Мұнда балалар үш айдан бір жылға дейін жатады. Арнайы комиссиядан өткеннен кейін балалар арнайы мамандарға жіберіледі.

"Әр балаға карточка ашылған, онда барлық көрсеткіштер жазылады. Тез жақсарып кететін балалар бар, бірақ дені көп уақытты қажет етеді. Біздің қызметкерлер арнайы әдістемелерді қолданады",- деді дефектолог мұғалім, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті" КММ басшысы Бақыт Амрина.

Басқарма мәліметінше, биыл арнайы білім беру ұйымдарының желісі ұлғайған. Шілдеде №5 "Асыл Мирас" психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды, онда халықаралық сертификаты бар мамандар жұмыс істейді. Жаңа 2 мектептің (№8, 89) базасында әрқайсысы 30 орындық инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. №3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және № 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері үшін Шыңғыс Айтматов көшесі 41/А мекенжайынан кең ғимарат қарастырылған. Бұл өз кезегінде  балаларды қамтуды 50% арттыруға мүмкіндік берді.
 
“Қазіргі уақытта қалада зерде бұзылыстары бар (интеллект) балаларға арналған арнайы мектептер жұмыс істейді, онда 876 оқушы қамтылған. Сонымен қатар, сыныптардағы оқушының саны 12-ден аспайды”, - дейді мамандар.

Сонымен қатар, биыл №3 арнайы мектеп интернат ашылды, ал № 1 мектеп-интернат базасында үйде оқитын балаларды түзету үшін ресурстық орталық жұмыс істей бастады. Орталықта балалар түзету-дамыту және жеке сабақтарға, емдеу-сауықтыру шараларына (бассейн, ЕДШ, массаж, физиотерапия) қатысады.