Оқиға • 11 Қараша, 2020

Кітап тарту етті

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапха­насында Nur Otan партиясы «Бірлік» қалалық филиалының бастамасымен кездесу өтті. Іс-шараға кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов, қалалық Nur Otan партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов және елордалық №17 мектептің директоры қатысты.

Кітап тарту етті

– Елбасы кітапханасы білім бе­ру мен мәдени бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отыр. Мекеменің музей, архив, кітапхана қорын ұштастырған жаңа ғимарат қазіргі жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруде, құндылықтар жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Елбасының «Еліңді сүйе білсең, жан аямай қыз­мет ете білсең, елің де сені алақан­ға салып аялай біледі» дегеніндей,  ұрпақты елін сүюге тәрбиелеу жолында барша мүмкіндіктерімізді пай­даланып келеміз, – деді  мекеме бас­шысы Ә.Рахымжанов. Сонымен қатар кітапхана пандемия кезеңінде он­лайн форматта белсенді жұмыс істеп жатқанын да атап өтті.

Еркін форматта өткен бас­қосуға қатысушылар заманауи білім беру мәселелерін, қазіргі жағ­дайдағы қо­сымша білім беру­дің маңызын және ын­тымақтастық мүмкіндіктерін тал­қылады.

Іс-шара барысында білім беру мекемелерінің  басшыларына мектеп кітапханаларының қорын то­лық­­тыру үшін кітаптар табыс етіл­­ді. Олардың ішінде: «Біздің Пре­­зидент», «Тұңғыш», «Астана – тә­уел­сіз Қазақстанның сим­волы», «Та­рихи таңдау» т.б. басы­лым­дар бар. Туындылардың денін Ел­басы Кеңсесінің басшысы, саяси ғы­лымдар докторы, профессор М.Б.Қа­сымбеков жетекшілігімен Елбасы кітапханасының авторлық ұжымы жа­рық­қа шығарған.

«Елордалық мектептер біздің бас­ты серіктестеріміз болды және со­лай болып қала береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге көпжыл­дық жемісті ынтымақтастық үшін ал­ғы­сымды білдіремін және жаңа шығар­машылық табыстар тілеймін» деген тілек білдірді ұйымдастырушы тарап өкілдері.

Жиын барысында қонақтар атынан сөз алған №17 мектеп-гимназиясының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Рәмзия Өмірбаева:  «Елбасы кітапханасының музейі – тарихқа терең бойлайтын орын. Менің ойымша, әрбір азамат өз елінің тари­хын білуге міндетті. Көптеген адам­дар жастарды тәрбиелеу жолын қарастыруда. Жастарға мораль оқудың қажеті жоқ, оларға қа­лай дұрыс өмір сүру керектігін көр­сету қажет. Осындай ұлы жолмен жүру: қарапайым жұмысшыдан Пре­зи­денттікке дейін көтеріліп, Ел­басы болу – осындай өмірдің, күрес­тің, жасампаздықтың жарқын дә­лелі. Мұндағы әрбір фотосурет пен жә­дігер – Елбасының өмірі мен көп­қыр­лы қызметінің тарих арқылы көр­сетілген, жаңа тәуелсіз мемлекетті құ­рып қана қоймай, оны бүкіл әлем­ге танымал елге айналдырған Қазақ­стан тарихы. Маған бұл жер өте ұнады, оқушыларымызды мін­детті түрде осында әкелемін. Елбасы кітапханасына мектеп кітапха­нала­рының кітап қорын толықтыру мақ­сатында осындай маңызды әрі қажетті бас­тамасы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Біз барлық оқушы­ларды жаңа басылымдармен таныс­тыруға күш саламыз. Тек оқушыларды ғана емес, олардың ата-аналарын да құнды қазыналармен таныстыратын боламыз»,  деп ой бөлісті.