Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Дәурен Әділбековтың төрағалық етуімен жас сарапшылар клубының өкілдерімен кездесті. Сенаторлар парламенттік тыңдауға дайындық аясында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін талқылап, жас сарапшылардың ұсыныстарын тыңдады.
"Парламенттік тыңдауда Қазақстан заңнамасындағы шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін олқылықтарға талдау жасалады. Шараның қорытындысы бойынша Үкімет, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға арналған ұсынымдар әзірленетін болады. Жүзеге асып жатқан жұмыстар тиімді болуы үшін қоғамдық ұйымдар мен түрлі салалардағы сарапшылардың пікірін ескеру қажет", деп атап өтті Дәурен Әділбеков.
Әзірге шектеу шаралары маңызды болып қала береді, кейбір кәсіпорындар әлі де тоқтап тұр, олардың қызметкерлері амалсыздан демалысқа жіберілді. Сарапшылар мен депутаттар пандемия кезінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін осы және басқа да қолайсыз жағдайларды өзгерту керек деп санайды. Депутаттар отандық өнімді экспорттау, кедендік рәсімдерді оңайлату, бизнесті көлеңкеден шығару және шағын және орта бизнеске несие беруді ұлғайту мәселелерін талқылады. Сарапшылар сондай-ақ пандемия кезеңінде енгізілген шектеулерде жүйелі тәсілдің жоқтығын, банктердің шағын бизнеске несие беруге ынта-ықыласының аздығын, өндіріс шығындарының көптігін, жобаларға несиенің берілмейтінін, отандық өткізу нарықтарының дамуы төмендігін және тағы басқа мәселелерді атап өтті.
"Егер локдаун екінші рет қайталанатын болса, оларға несие бойынша есеп айырысу қиынға соғады. Қазір несиелерге рақымшылық жасау және жеке тұлғалардың банкроттығы мәселесі талқыланып жатыр. Мүмкін, ең болмағанда, жеке кәсіпкерлер үшін банкроттық мәселесін бірлесіп ойластыру керек шығар? Егер заңды тұлғалар банкротқа ұшыраса, өз несиелерін есептен шығарып тастай алады, онда жеке кәсіпкерлер үшін де осындай ереже жасайық?", деді Асқар Қысықов.
Сарапшылардың пікірінше, ресми статистика елдегі шағын және орта бизнестің нақты жағдайын дәл көрсетпейді. Олар пандемиядан зардап шеккен және қазір мемлекеттік қолдауды қажет ететіндерге назар аудара отырып, кәсіпкерлерді санаттар бойынша бөлу шарттарын қайта қарауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, олар локдаун кезіндегі құқықтық кеңістік белгілеуді, яғни пандемия кезеңінде шектеу шараларының жоспарланған мерзімдері мен шарттары туралы ШОБ субъектілерін хабардар ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, сарапшылар мемлекеттік нақты қолдау көрсету үшін микробизнесті шағын кәсіпкерлік санатынан бөліп көрсетуді ұсынып отыр.