Аймақтар • 11 Қараша, 2020

Теректідегі 10 ауылға газ жетеді

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының Долин, Төңкеріс және Қоныссай ауылдарына көгілдір отын жетті. Жыл соңына дейін тағы 7 ауыл табиғи газ құбырына жалғанбақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теректідегі 10 ауылға газ жетеді

Биылғы жылдың басында облыс әкімімен есептік кездесуде Долин ауылының тұрғындары Ғали Есқалиевке елдімекенге көгілдір отын желісін жеткізу жөніндегі өтінішін айтқан болатын. Шынында да облыс орталығымен іргелес орналасқан, Қарашығанаққа да жақын тұрған Теректі ауданындағы 48 елдімекеннің 15-інде бүгінге дейін газ тартылмаған еді. Биыл сол олқылық жойылады.

"Биыл Теректі ауданының 10 елдімекенге көгілдір отын келеді. Бұған дейін аудан халқының табиғи газбен қамтылуы 89 пайыз болса, енді ол көрсеткіш 96 пайыздан асады. Бұл өте қуанышты жаңалық. Газдың келуімен көптеген тұрмыстық қиындық шешіледі. Бұл мемлекетіміздің негізгі саясаты, халық тұрмысының сапасын арттыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Баршаңызды осы қуанышпен құттықтаймын", деді өңір басшысы Ғали Есқалиев Долин ауылындағы салтанатты шарада.

14

Шынында да қаңтар айында облыс басшысына ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізген Александра Мазур бұл тілектің тез арада жүзеге асарына сенбегенін айтады.

"Талай жылдан бері газдың келуін күттік. Ағаш тапшы, көмір қымбат. Облыс әкімі жыл соңына дейін газ келеді деп уәде берсе де қашан қолымыз жеткенше тағат таппадық. Міне, бүгін уәде орындалды, нәтижесін көріп отырмыз", дейді Долин ауылының тұрғыны Александра Мазур. Ауыл ақсақалы Қамбар Байгелов те машақаты көп көмір мен ағаш отын дайындаудан құтылғанына разы.

25

Айта кетейік, Долин, Төңкеріс және Қоныссай ауылдарын газдандыру жобасының құны 337,237 млн теңгеге бағаланған болатын. Жобаны мердігер "Батысгазстрой" мекемесі 298,9 млн теңгеге атқарып шықты. 2020 жылдың мамыр айында басталған жұмыс барысында ұзындығы 55,3 км газ құбыры тартылып, ауылдағы 10 әлеуметтік нысан көгілдір отынмен жылытылатын болды. 150 тұрғын үй де газға жалғанады. Қазірдің өзінде мұнда 78 тұрғын үй табиғи газды кіргізіп алған.

Бір тәуірі, аталған елдімекендерді газдандыру жұмысы біраз адамға қосымша табыс та болды. Мәселен, осы үш ауылға газ құбырын тарту кезінде "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында 101 адам уақытша жұмысқа тартылған екен. Мұның ішінде 40 адам жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылған. Олар орта есеппен айына 85 мың теңге жалақы алған екен. Бұған қоса жоғарыдағы ауылдарды газдандыру нәтижесінде жаңадан тұрақты 40 жұмыс орны ашылған.

25

Долин ауылы – археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әйгілі Тақсай ханшайымының отаны. Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген сақ көсемінің алтынмен апталған қабір-обасы 2012 жылы табылған болатын. Орал-Ақсай күре жолының бойында орналасқан, табиғаты көркем елдімекеннің болашағы зор. Ауылдағы орта мектеп ғимараты да биыл күрделі жөндеуден өтіп, түгел жаңартылған.

"Орта мектебіміздің ғимаратына мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жаңарту жұмысы жүргізілді. Ғимараттың есік-терезесі, едені түгел жаңартылды. Жөндеу кезінде біздің бірінші сыныптан басқа оқушылар қашықтан оқыған еді. Енді екінші тоқсаннан бастап оқушылар жаңартылған ғимаратта штаттық режимде оқи бастайды. Болашақта іргелес ауылдың балаларын да қабылдауға мүмкіндік бар. Ол үшін интернат ашу керек", дейді мектеп директоры Мирас Әбуғалиев.

P.S. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы халқының 96,1%-ы табиғи газбен қамтылған. Биыл мемлекет қазынасынан 910 млн теңге қарастырылып, Теректі ауданының – 10, Ақжайық ауданының – 11 елдімекеніне газ тарту жоспарланған болатын. Бұл міндет жүзеге асқанда облыс тұрғындарының 96,7%-ы көгілдір отынның игілігін көретін болады.

 

Батыс Қазақстан