Медициналық жылжымалы кешеннің іші қажетті жабдықтармен толықтай қамтамыз етілген. Мұнда өкпені жасанды желдету аппараттары, пациенттің мониторлары, дефибрилляторлар, аға кезекші дәрігерге деректерді беру функциясы бар электрокардиограф орнатылған.
Сонымен қатар, санитарлық автокөлік қажетті реанимациялық іс-шараларды жасауға арналған толық жиынтыққа ие. Бұдан бөлек, мамандандырылған бригадаларға арналған "С" класты реанимобильдерден фельдшерлік бригадаларға арналған "А" класты автомобильдерге дейінгі түрлі жиынтықтар бар.
Реанимобильдер облыстың барлық қалалары мен аудандарына таратылады. Бұл өз кезегінде жедел жәрдем қызметі паркінің 60%-ын жаңартуға және қосалқы стансаларда резервтік құрам жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілтін тапсырған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы уақытта да дәрігерлер қауымы үшін қажетті техникалық және басқа да жағдайлардың жасалатынын атап өтті.
"Бүгін облысқа Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 36 реанимобиль әкелінді. Жыл соңына дейін тағы 24-і жеткізіледі. Негізі, өңірде коронавирус инфекциясының салдарынан болатын түрлі жағдайларға дайын болу үшін үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, бүгінгі күнде облыстағы 44 аурухана кез-келген уақытта жұмысқа кірісуге дайын", деді өңір басшысы.
Жалпы, жыл басынан бері облысқа модификациясы мен жүріп өту мүмкіндігі әртүрлі 300-ге жуық медициналық мақсаттағы көлік жеткізілді. Мұның өзі Қарағанды өңірінің тұрғындарына дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы