Қазақстан • 11 Қараша, 2020

Аудитория үшін күресуге мәжбүрміз - Рауан Кенжеханұлы

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемияның талаптарына тез бейімделіп, жаңа контент, жаңа технология мүмкіндіктерін қосып, аудитория үшін күресуге мәжбүрміз. Astana Media Week - 2020 шарасының "Мультиплатформалылық" тақырыбындағы пленарлық сессиясында "Bilim Media Group" компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы осылай айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Аудитория үшін күресуге мәжбүрміз - Рауан Кенжеханұлы

Компания басшысының айтуынша, мұндай күрес тез өзгеруді талап етеді.

"Кішкентай ғана мысал: өздеріңіз жақсы білетіндей карантин шараларына байланысты биылғы жылдың наурыз –сәуір айларынан бастап әлем бойынша 1,6 млрд оқушы қашықтан оқыту форматына көшті. Біздің елде де солай болды. Бұған Қазақстан да, сол секілді басқа да мемлекеттер дайын болған жоқ. Өйткені мұндай көлемде қашықтан оқытуға дайын бірде-бір платформа, бірде-бір компания да, мемлекет те болған емес", деді Рауан Кенжеханұлы.

"Bilim Media Group" компаниясының директорының айтуынша, бұған дейін білім беру саласындағы ақпараттандыру құралдары, платформалары жасалып жатқанымен олар мектеп мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде ғана болған.

"Осындай жағдайда шұғыл дайындық жасап, мүлде бөлек технологиялық құралдарды игеріп, жаңа контент жасау арқылы бұған дейін меңгерілмеген деңгейлерге шығуға мүмкіндік алдық. Себебі біз құрастырып жатқан платформаларға күн сайын 1,5 млн адам кіріп отыр. Мұндай трафигі бар Қазақстанда жүйе жоқ деуге болады. Қазақстандық интернет трафикті өлшеушілер мен зерттеушілердің берген мәліметі бойынша 30 жылдық тарихымызға мұндай трафик болған емес", деді ол.

Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде мұндай трафик бір жағынан үлкен мүмкіндік болғанымен, екінші жағынан өте үлкен талап екенін де еске салды.

"Біз тез бейімделе алуымыз керек. Біз веб-сайттың мобильді нұсқасын шұғыл дамытуға мәжбүр болдық. Себебі 1,5 миллион адамның 80 пайызы мобильді телефондар арқылы кіреді. Қазір балалардың да, мұғалімдердің де қолында смартфон бар. Одан бөлек өзімізге ғана тәуелді болмай, YouTube секілді платформалардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану үшін біз біраз контентті сонда салып, оның да мүмкіндігін көрейік деген тәжірибелерді енгіздік. Бұл да өте қызық болды, себебі қазақ тіліндегі сабақтарды көрсететін YouTube-арнаға 7 күннің ішінде 100 мың адам жазылып, тұрақты түрде көре бастады", деді Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетсек, елорадада Astana Media Week 2020 шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету.

Медиа апталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.