Елбасы • 12 Қараша, 2020

Бірлік пен келісімнің бірегей моделі (Елбасы негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл)

642 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы, Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның (ҚХА) Төр­ағасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шақырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жұмысына Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев, орталық мемлекетттік атқарушы органдардың басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, ҚХА төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен Ассам­блея құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Бірлік пен келісімнің бірегей моделі (Елбасы негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл)

Жалпыхалықтық институтқа айналған ұйым

Елбасы сөзін Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының 25 жыл­дық мерейтойымен құттық­таумен бастады.

– Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқа­рылған жұмыс­ты қорытын­дылауға себеп болып отыр. Ассам­блеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленіс, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында іргесін қала­ды. Бірақ біз дәл сол кезде-ақ өзіміз үшін ұлтаралық тату­лықтың біздің басты бай­лы­­ғымыз болуы керегін түсін­дік. Сон­дықтан 1992 жылы 14 жел­тоқсанда өткен Қазақстан халықтарының форумында жұр­ты­мыздың келісімі мен бірлігі болуға негізделген Ассамблея құру жөнінде бастама көтердім. Ал 1995 жылы 1 наурызда Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Елбасы.

Ассамблея Төрағасының айтуынша, ҚХА нәтижелі консуль­тациялық кеңес беруші құ­ры­лымнан өзінің Парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық инс­ти­тутқа айналды. «Ол аза­мат­тық қоғамның әмбебап құ­ры­лы­мының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен се­нім Қазақстанның қоғамдық өмі­рінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуел­сіздігіміздің дамуы мен ұлт­тың қалыптасуы жолында дәл осы­лар негізгі алғышарт болды. Бар­лы­ғымыз да бұл жетістікке ең ал­­дымен түгел халықтың, аза­мат­тары­мыздың арқасында  жетке­німізді жақсы түсінеміз», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, кон­фессияаралық келісімге нұқсан келті­ретін кез келген әрекеттің Конс­титуцияға сай еместігін нақтылайтын заң қабылданғанын атап өтті.

– Сол заң аясында біз барлық азаматы­мыздың құқығын қорғаймыз. Бұл реттегі Қазақстан саясаты барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар Қазақстан қалып­тас­тырған этносаралық қарым-қатынас моделін, ұлттар бір­лігін нығайтуға бағытталған күш-жігері­мізді жоғары бағалап келеді, біз қалыптастыр­ған жүйені өзге елдерге үлгі етеді. Біз «Рухани жаңғыру» деп аталатын қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын қолға алдық. Оның мақсаты – жаңа жағдайда халқымыздың санасын, ойлау жүйесін, өмірін өзгерту. Мұны терең түсіну қажет. Біздер, яғни аға буын, орта буын Кеңес өкіметі жағдайында басқа идеологияда өмір сүрдік. Бөлек психологиялық бағытта тәрбиелендік. Қазір өмір өзгерді. Қатарымызға тәуелсіз елде дүниеге келген жаңа буын қосылды. Сол үшін бәрін қайта қарап, заман талабына сай болуымыз шарт. Сананы, ойлауды, болашаққа деген көзқарасты өзгерту керек, – деді Тұңғыш Президент.

 

Тіл – біріктіруші күш

– «Туған жер» бағдарламасы аясында мың меценаттың туған жерлеріне жалпы сомасы 270 млрд теңге көлемінде инвестиция бөлгенін білеміз. Бұл дегеніміз 4 700-ден астам әлеуметтік, мәдени нысандардың реконструкциядан өткені. Аталған жұмыс жалғасын табуы керек. Еліміздегі барлық этнос өкілі мемлекеттік тілдің маңызын қолдады. Тәуелсіздік жариялаған 1991 жылы халықтың тек 37 пайызы ғана мемлекеттік тілді білетін. Қазір жағдай мүлде басқа. Бүгінде азаматтарымыздың үштен екісі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Кезінде ЖОО студенттерінің 27 пайызы қазақ бөлімінде оқыса, қазір көрсеткіш 83 пайызға жетті. Бұрын қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін табу қиын-ды. Енді өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеуі – қалыпты дүние. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды. Бұл тек мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет қана емес. Тіл – біріктіруші күш. Мысалы, Америкада мыңдаған ұлт өкілі тұрады, ал оларды америкалық ететін – ағылшын тілі. Әрине, біздің жағдай басқа. Бірақ мемлекеттік тіл арқылы барлық азаматымызға мемлекеттік басқарудың бүкіл органдарында жұмыс істеуге, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндік беру керек. Мақсат үлкен. Адам тілді жақсы білген сайын мәдениеттірек бола түседі. Меніңше, көпшілік мұны ортақ мақсаттар үшін жасап отырғанымызды түсінеді. Сол себепті түрлі этностың ата-аналары балаларын қазақ балабақшаларына, мектептерге және жоғары оқу орындарына бере бастағаны қуантады. Мұны қолдау қажет, – деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар қазақ тілін әлем елдеріне таныту бойынша жүргізілген шаралар туралы айтты.

– Елімізде 5 644 ұйым балаларды қазақ тілінде оқытады. 3 800 қазақ мек­тебі жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге әйгілеу мақсатында қазақ қаламгерлерінің туындылары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. Жаһанда үздік деп танылған салалық әдебиеттер де қазақ тіліне тәржімаланды. Біздің ЖОО-лар химия, физика, мәдениет және басқа да ғылымдар бойынша ағылшын тіліндегі кітаптарды қолдана бастады. Бұл халқымыздың мүмкіндігі мен танымын кеңейтпек. «Заманауи қазақ поэзиясының антологиясы» жинағының таныстырылымы әлемнің мәдени астаналарында өткізілді, – деді Тұңғыш Президент.

 

Бірегейлігіміз – ерек ұлттық кодымыз

Елбасы Қазақстан халқы Ассам­блеясы өкіл­дерінің еліміздегі қиын-қыстау кезеңдерде жұмыла жүріп атқар­ған жұмысына да тоқталып өтті.

– Арыс пен Мақтаарал аудандарын­дағы тө­тен­ше жағдайларды айтпасақ болмас. Екеуінде де азаматтарымыз баспанасыз қалған еді. Қазақ­стан халқы бірігіп, ауылды жаңадан тұрғыз­ды десек те болады. Бұл алғашқы жағдай емес. Алма­ты облысындағы су тасқыны мен жер сілкінуінен кейін де халқымыз бір жағадан бас шығарып, бірге күресті. Коронавирустық инфекция эпидемиясы кезінде де Қазақстан халқы Ассамблеясы аз қамтылған отбасыларға, медицина қызметкерлеріне, мектеп оқушылары мен олардың отбасыларына жәрдемдесті. Осылайша, азаматтарымыз қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалмайтынын, бірлесіп көмектесетін халықтың барын түсінді. Әр азаматтың артында жауапкершілігі мол мемлекет бар. Ассамблея да бұл мәселеде алғы шепте. Жоғарыда айтылғанның барлығы біздің бірегейлігімізді білдіреді. Ал ол – біздің ерек ұлттық кодымыз, – деді.

Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақ­ты эконо­микалық дамуына, азамат­тардың әлеуметтік жағ­дайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабыл­данғанын атап өтті.

– Кәсіпкерлікті қолдау және эко­номикалық дамудың елімізде қа­был­данған мемлекеттік бағдар­ламалары бізге миллиондаған қазақстандықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкін­дік берді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Жолдау ел өмірі­нің бар­лық саласындағы реформалардың ауқым­ды бағ­дарламасы іспеттес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Этносаралық қатынастарда жаңа, инклюзивті саясатқа деген сұраныс барын айта келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамды біріктіру үдерістерін тереңдетуге бағыт­талған іс-шаралар әзірлеудің маңыз­дылығына тоқталды.

– Біз бірлік пен келісімнің қазақ­стандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді, – деді Елбасы.

1

 

Қазақ халқы – мемлекет құрушы ұлт

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қазақ халқының артып келе жатқан тарихи рөлі мен жауапкершілігіне тоқталып өтті.

– Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз. Хал­қы­мыздың басым бөлігі – қазақ. Соны­мен бірге өзімізді, ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетімізді және тілімізді құрметтей отырып, еліміздің дамуына үлесін қосып жатқан басқа да отандастарымызға құрметпен қарауы­мыз керек. Қазақстанның және оның бар­лық азаматтарының мықты және тар­тым­ды болашағының бейнесін тек бірле­се қалыптастыруға болады, – деді Қазақ­стан халқы Ассамблеясының Төрағасы.

Сондай-ақ Елбасы барлық этнос өкілдерін ел өміріне белсене атсалысуға шақырды.

– Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілдері. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіс­піз. Әсіресе бұл этностық топтар бір аумақ­та шоғырланған жерлерге қатысты. Бір жағынан онда осы этностардың дәс­­­түрін, тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту үшін тиісті жағдай жасал­ған. Ал екінші жағынан осы негізде біз мә­дени, лингвистикалық және әлеумет­тік-эконо­микалық тұрғыдан ашық, оқшау­лан­баған қоғамдастықтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының сөзінен кейін Қазақ­стан халқы Ассамблеясының өкілдері сөз алды. Бейнебайланыс арқылы респуб­ликамыздың түкпір-түкпірінен қосылып отырған азаматтар өз отбасы тарихы мен туған елге деген сүйіспеншілігін жеткізді. Ассамблея мүшесі, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері орталық штабының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Вячеслав Вавилин өзін «қазақпын» деп таныстыруды мақтан ететінін айтты. «Алда – сайлау науқаны. Мәжіліс депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 адам сайланады. Ал Ассамблеяның әрбір депутаты өз ұлтының пайдасын емес, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғайтынын ұмытпауымыз керек! Ұлтаралық қаты­настарға қатысты әлеуметтік желілерде айтылып жатқан арандатушы сөздерден аулақ болмасақ, бұл жақсылыққа әкелмес! Әрбір азаматтың, әсіресе жастардың сабырлылық және әдептілік танытқаны абзал. Осы саланы нақты реттейтін заңдардың қатаң орындалуын қамтамасыз етудің, керек болса, оларды жетілдірудің уақыты келді деп санаймын. Мәңгілік елімізді мәресіне жеткізер жастарымыздың бойына Абай атамыз айтқандай: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» нәсіп етсін!», деді ол.

 

Тіл мәселесін мемлекетке жүктеп қоюға болмайды

Кеңес отырысында 21 жастағы отандасымыз Юлия Лагуткина да сөз сөйледі. Ол тәуелсіз Қазақстанда туған замандастарын «Z буыны» деп атап, ғылым мен технологияда жаңалықтар ашып, әлем жұртшылығына танылып жатқанын алға тартты. Бүгін­де Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінің студенті Юлия қазақ тілі мен әдебиетіне сүйіспеншілігін арттырған ұстазына алғыс білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласында өткен жиынында жазушы Смағұл Елубайдың «Біз Герольд Бельгерді қазақша сөйлегені үшін құрметтеп, бауырымыздай жақсы көрдік. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отырған сіздер де енді маған бауырсыздар» дегені мемлекеттік тілді одан да терең түсінуге қанаттана түскенін жеткізді. Осы орайда Юлия Лагуткина тіл мәселесін тек мемлекетке жүктеп қоймай, барлық азаматты атсалысуға шақыра келе, келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды.

Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель іргелі ұйымды 25 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, өзі тұрып жатқан ауылдың жетістіктеріне тоқталып өтті. «Қазақстанда 1847 жылы құрылған ауылдар көп емес, олардың бірі біздің – Қапал. Бір қызығы, ХІХ ғасырда әлем қазақ даласының кеңдігі туралы Қапалдың арқасында білді. Дәл осы жерде әйгілі ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон бір жыл өмір сүрді. Тарихи тұрғыдан алғанда, Қапал Қазақстан тарихында үлкен рөл атқарды. Бүгінде ол туристік және аграрлық орталық ретінде қайта түлеп, дамып келеді. Барлық облыста және аудандарда жол салу мәселесіне баса мән беріп, өңірлерді инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту Қапалда толығымен орындалғанын қуана жеткіземін. Біздің ауылда 9 көшеге 630 миллион теңгеге асфальт төселді, ал орта мектепке 8 миллион теңгеге жаңа спорт алаңы салынды», деді В.Чепель.

 

Төлқұжатқа «қазақ» деп жазатын кез келді

Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры, Ассамблея мүшесі Динара Нұралиева Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар азаматтардың көп екенін айтты. «Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы аталарым – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше ұлттан тарайды. Елімізде мен сияқты жүз мыңдаған адам бар. Мүмкін осындай азаматтардың төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келген шығар», деген ұсынысымен бөлісті Д.Нұралиева.

«Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүріп келеміз. Ортақ үйімізде бір үзім нанды бөліп жеп отырған жайымыз бар! Басты байлық – тұрақтылық екенін естен шығармауымыз қажет! Біз әрдайым бірге болсақ, әлі талай асуларды бағындырамыз! Бейбітшілік, бірлік, ынтымақ ұғымдарының өте қастерлі екендігін соңғы бір-екі айдағы Беларусь, Қырғызстандағы жағдайлар мен Әзербайжан-Армения қақтығысы айқын көрсетті. Осының өзі бір-бірімізге мұқият болуымыз керек екендігін тағы да дәлелдеп берді», деді Ассамблея мүшесі.

Жамбыл облысының әкімі-облыс­тық Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның төрағасы Бердібек Сапар­баев Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік пен келісімді сақтау бәріміздің ортақ мін­детіміз» деген сөзін тағы бір еске салды. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысының Қордай ауданына арнайы келгенін, өңір басшылығына аймақтың дамуын тежейтін мәселелерді жою тапсырмасын бергенін мәлімдеді. Осы орайда облыс әкімі Қордай ауда­нын­дағы зардап шеккен 157 нысан демеу­шілердің қолдауымен қайта қалпына келтірілгенін, қосымша 4 млн теңгеден отбасыларға әлеуметтік төлем есебінде берілгенін ортаға салды.

Одан бөлек журналист Виктория Трегубова, «Универсал» қоғамдық қоры­ның директоры, Қазақстан ұйғыр­лары республикалық этномәде­ни ор­талығының Алматы облыстық бөлімшесі төрағасы Закирджан Кузиев, Ақмола облысы Көкшетау қала­лық «Техникалық лицей» мемлекет­тік мекемесінің директоры Наталья Дементьева да өз лебіздерін білдіріп, ортақ Отаны Қазақ­станның гүлденуіне қосып жүрген үлестері туралы айтып берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы сөз орайында еліміздің алдында асқаралы міндеттер тұрғанына тоқталды

– Келесі жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Біз осы қысқа мерзімде заманауи, бейбітсүйгіш, жауапты мемлекет құрып, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған егемен ел болу арманын орындадық. Осы кезеңдерде жұртшылық маған се­нім артып, мемлекет басқару мәртебе­сін бергеніне тағдырыма, еліме ризамын. Қиын-қыстау кезеңде ел мені­мен, мен елмен бірге болып, 100 жылға тати­тын жағдайлардан өтіп шықтық. Менің саясатыма, идеяларым мен бастама­ларыма әрдайым қолдау білдіріп отыр­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы­на шексіз алғысымды айтамын. Бүгін­гі таңда бірлік, патриотизм, татулық, жасампаздық идеялары елімізде тұра­тын барлық этнос өкілдерін біріктіргенін көріп қуанамын. Жұмыс әлі де көп. Өмір қиындап жатқанын көріп отырмыз. Еліміздің ортақ мүддесі үшін бірігіп жұмыс істеуді жалғастыру керек, – деді Елбасы.

Кеңес отырысы барысында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының жаңа орынбасар­лары таныстырылды. Алма­ты облысы Ұйғыр мәдени орталығы­ның төрағасы Закирд­жан Пирму­хаме­дович Кузиев және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Kazakh TV» теле­арнасының директоры Мая Төлегенқызы  Бекбаева Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.

Отырыс соңында Ассамблея Кеңесі барлық ҚХА мүшелері мен Қазақстан азаматтарын бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы Елбасының стратегиялық сабақтастық бағытын қолдауға шақырған Үндеу қабылдады.