Облысымызда соңғы тәуліктерде коронавирус індетінің көптеп тіркелуіне байланысты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді. Соған сәйкес облыс орталығының периметрі бойынша орнатылған санитарлық бекеттерде бақылау күшейтіледі.
– Өкінішке қарай, облысымызда эпидемиялық жағдай ушыға түсуде. Коронавирустың зертханалық расталған деректері көбеюде. Көкшетау, Степногор қалалары мен Біржансал, Бурабай аудандары – науқастардың тіркелуі бойынша алдыңғы қатарда. Өткен аптада өсім 1,6 есені құрады. Ал өткен үш аптада індет жұқтырғандар саны 3 есеге өсті, – дейді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Осыдан төрт күн бұрын Ақмола облысы «жасыл аймақта» болса, қазіргі таңда «сары аймаққа» еніп отыр. Бұл карантин шараларын жедел түрде күшейту қажеттігін білдіреді. Қарашаның 7-сінде Көкшетау қаласының аумағында санитарлық бекеттер қойылып, қалаға кіріп-шыққан тұрғындар арасында термометрия, сауалдама жүргізілген болатын.
Жаңа қаулыға сәйкес аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің, ойын-сауық, сауда орындарының жұмыс уақыттарына шектеу қойылады. Олардың жұмыс уақыты – 10.00-ден 19.00-ге дейін, сенбі күні 10.00-ден 17.00-ге дейін. Егде жастағы адамдар ауруға бейім келетіндіктен, 65 жастан асқан тұрғындарға далаға себепсіз шығуға шектеу қойылды. Үйге қонақ шақыруға, той өткізуге бұрынғыша рұқсат етілмейді. Өкінішке қарай халық әлі де тәртіпке көндіге алмай жатыр. Өткен демалыс күндері рейд шаралары кезінде эпидемиялық қызмет пен тәртіп сақшылары «Аристократ» мейрамханасы мен «Бал махаббат» дәмханасында өтіп жатқан тойдың үстінен түскен. Аталған ойын-сауық орындарының иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша шара қолданылады.
Елімізде коронавирустан қайтыс болғандардың дерегін салыстырсақ, облыс алдыңғы қатарда. Індет басталғалы 77 ақмолалық жаман тұмаудан көз жұмған.
Көкшетау