Қоғам • 12 Қараша, 2020

Шығыста шектеу шаралары жеңілдемейді

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде аты жаман індетті жұқтырғандар әлі де азаймай тұр. Соңғы тәу­лікте елімізде 568 жағдай тіркелсе, оның 237-сі Шығыс Қазақ­стан­нан анықталған. Індеттің иектеп тұрғанына қарамастан, се­мей­лік кәсіпкерлер шектеу шараларын жеңілдету керектігін айтып, алаңға жиналған.

Шығыста шектеу шаралары жеңілдемейді

Шектеу шараларына байланыс­ты дөңгелетіп отырған кәсіптері тұралап қалғандықтан, 50-ден аса семейлік кәсіпкер шаһар басшысы Ермак Сәлімовпен кездесіп, наразылықтарын білдірді.

Кездесуде қала бас­шы­лығы індеттің облыс аумағында таралу қар­қыны тыйылмай тұр­ға­нын айтып, қандай да бір босаңсулар мен жеңілдіктер болмайтынын кесіп айтты. Оның үстіне Шығыс Қазақстан «қызыл аймаққа» енгі­зілген. Сонымен қатар кәсіп­кер­лердің өз беделдері мен сенім­де­ріне өздері нұқсан келтіріп отыр­ғаны да сөз етілді. Екінші толқын кезінде наурыз-маусым айларындағыдай қатаң шаралар қабылданбады. Соның өзінде кәсіпкерлер сани­тар­лық талаптарды сақтамай, тәртіп бұзу­ға жол беріп отыр.

Мәселен, Семей мей­рам­­ха­на­ларының бі­рін­де үйлену тойы ұйым­дастырылған. Онда танымал спортшылар, өнер адамдары, көшбасшы жастар, бизнесмендер мен шоумендер жиналғаны белгілі. Бір қызығы, рұқсат етіл­меген салтанатты мерекеге қатыс­қан­дардың кейбіреулері – коро­навируспен ауы­рып шыққан­дар­дың қа­тарында.

Қала әкімінің айтуынша, барлық ережелерді сақтау қажеттігі туралы жерлестерге үндеу тасталған. Алайда сани­тарлық шектеулерге қара­мастан той өткізілген.

Өкінішке қарай мұндай жағ­дай біреу ғана емес. Жер-жер­лер­де құрылған мониторингтік топ көпте­ген заңбұзушылықты анық­та­ды. Қаншама хаттама толтырылды.

Осы кезеңде барлық кәсіпкерге уақыт пен адам саны бойынша шектеу­лермен, қашықтықты, мас­ка тағу режімін және дезин­фек­ция­лық шараларды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат етіл­ді. Соған қарамастан, кей­бір бизнес өкілдері бұрынғыдай жұмыс істеп, карантиндік шектеулерді же­ңілд­етуді талап етуде. Дей­ тұр­ған­мен, «бас­ты байлық – ден­сау­лық». Санитарлық талаптар жеңіл­детілген жағдайда COVID-19 ауруының таралуы одан са­йын кү­шеюі мүмкін.

Тоқе­тері, қала бас­шы­лығы Семей кәсіп­керлеріне COVID-19 жағ­дайы тұрақталғанға дейін же­ңіл­­діктің болмайтынын шегелеп айтты. Ал шектеу шара­­лары облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 25 қарашаға дейін жалғасады.

 

Семей