Руханият • 12 Қараша, 2020

«Қасиетті сапар» – рухани тереңдік бастауы

702 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаяу жүру, жаяу алыс сапарларға шығу – әрі денсаулықтың, әрі ел танып, жер танудың кепілі. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» демекші, жаяулата сапарға шыққан жолаушыны қарсы алып, құрмет көрсету – қонақжай халқымызға тән қасиет.

«Қасиетті сапар» – рухани тереңдік бастауы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қиырларға жаяу жол тарта сапар шегетін дәстүрді жаңғыртушы жан­кешті жандардың бірі – шапшаң жүруден спорт шебері, каратэші, рухани ізденуші ақтөбелік Сәрсенбай Сәметұлы Ерқасымов. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Пір Бекет Атаның 270 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне арнаған кезекті «Қасиетті сапар» атты жаяу экспедициясының 80%-ын жүріп өткен ол Маңғыстау өңіріне табан тіреді. Қазақ жеріндегі қасиетті жерлерді аралап дұға ету, ел мен жердің амандығы мен бү­тіндігі, жарқын болашағы үшін тілек тілеу, қазақ халқының рухани танымдарын санада жаңғырту, киелі орындар мен тарихи тұлғаларды ұлықтау, бейіттеріне зиярат ету және жас ұрпаққа адам бо­йындағы жан мен тәннің мүмкіндігін көрсету, сондай-ақ еліміздегі рухани-мә­дени туристік орындарға серпін беру, назар аударту мақсатындағы «Қа­сиетті сапар» шарасы Қазақстан астанасы мен төрт облысы – Нұр-Сұлтан қаласы, Түр­кістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маң­ғыстау аумағын қамтитын жоба.

Әбу Насыр әл-Фараби туған жер – Түр­кістан облысының Шәуілдір ауданына, одан Отырар ауданындағы Арыстан баб мазарына зиярат етіп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі Қорқыт Ата кешеніне жетіп, одан Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Бозой кентіне, одан Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Ескі Бейнеудегі Бекет Ата мешітіне дейін жететін сапардың жол ұзақтығы шамамен 1 500 шақырымды қамтып, 1 ай уақытқа созылады деп есептелген.

Бұған дейін Сәрсенбай 1999 жылы Пір Бекет Атаның 250 жылдығы аясында Ақтөбе облысы, Бекқұл Әулие – Тама Есет Көкіұлы – Досжан хазірет – Көк Етік Әу­лие – Дәуімшар батыр – Асан Қожа – Базар Қожа – Атырау облысы, Бекета Ата Ақмешіті, Құлсары қаласы – Маңғыстау облысы, Ескі Бейнеудегі және Оғылан­дыдағы Бекет Ата мешіттері бойынша сапарлап, 1 440 шақырым жолды жаяу бағындырған. Араға он жыл салып, яғни 2009 жылы ол пір Бекет Атаның 260 жылдығына орай Маң­ғыстау облысындағы Маңғыстау ауда­ны «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені – Қарақия ауданы Шопан Ата мешіті – Оғыландыдағы Бекет Ата мешітіне дейін 250 шақырымды жүріп өткен болатын.

Сағатына 7-8 шақырым шапшаң жүруді, каратэ спортынан ең жоғарғы көр­сеткіші – қабырғамен жүгіруді мең­­герген, рухани іздену нәтижесі – адам­ды космоинфо-энергетикалық картасын жасау арқылы тазарту жо­ралғысын меңгерген ол 1992-2001 жылдары жастардың дене бітімінің дұрыс жетілуі мен оларды рухани дамытуды тұтастыру мақсатында жас­өспірімдердің «Ақсарбаз» рухани клубын құрды.

«Қасиетті сапар» акциясы деп аталған жаяу экспедициясының мақсатын «Жаяу сапарға шығу – еріккенің ісі емес. Сапар барысында ежелгі рухани Дала сапары қайта жаңғыртылып, елдің амандығы мен бүтіндігі рухани құндылыққа айналып, жұрт жұмылады және жергілікті қасиетті мекендерді ұлықтау насихатталады. Сонымен қатар шапшаң жаяу жүру спортын насихаттау, қазақстандық рухани туристік маршруттарды ашу мақсат етіледі», деп түсіндіретін Сәр­сенбай Ерқасымов Түркістан, Қызыл­орда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары аумағын жүріп өтіп, дүйсенбі күні Бей­неу ауданына аман-есен жеткен болатын. Жолаушыны Маңғыстау об­лыстық мәслихатының депутаты Раб­бим Борашов арнайы іздеп барып, құрдасы Сәрсенбай Сәметұлымен танысып, қолдау көрсету үшін Тұрыш елді мекенінен бастап, жолда Амантұрлы батыр ескерткішіне зиярат етіп, Бейнеуге дейін велосипедпен қатар жүріп келген. Одан кейінгі маңдай тірер тұс – Ескі Бейнеудегі Пір Бекет Ата мешіті.

Ел танып, жер танып, күздің қара суығында жаяу сапарлап жүр­ген жолаушының рухани ізденісі тағы­лым­ды, көрген-білгені қызықты екені анық.

 

Маңғыстау облысы