Хоккей • 12 Қараша, 2020

«Барыс» оңбай жеңілді

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті ойынын Ярославльде «Локомотив» клубымен өткізіп, ірі есеппен жеңіліп қалды.

«Барыс» оңбай жеңілді

Жасыратыны жоқ, бұл матчта «Локо­мотивтің» бас бапкері Андрей Скабелка өзі екі жыл басқарған қазақстандық команданың осал тұсын таба білді. Нәтижесінде, Ярос­лавль командасының ойыншылары өз айдынында өткен кездесуде «Барыс» қақпасына 7 шайба соқты. Бұл – елордалық клубтың осы маусымдағы ең ірі жеңілісі.

Кездесудің есебі небәрі 11-секундта-ақ ашылды. Өткен маусымда «Барысты» өрге сүйреп, бұл маусымда «Локомотивтің» намысын қорғап жүрген финляндиялық қорғаушы Атте Охтамаа кездейсоқ шайба соғып көзге түсті. Ал 2018/2019 жылы «Барыс» клубында ойнаған швециялық ша­буылшы Андре Петерссон 18 және 31 минуттарда «Барыс» қапасын екі мәрте дәл көздеді. Сондай-ақ «Локомотив» құрамынан Егор Аверин (4-минут), Денис Алексеев (33-минут), Егор Коршков (34-минут) және Владимир Ткачёв (45-минут) өз есімдерін таблоға жаздыртты. Ал «Барыс» клубынан бұл ойында Виктор Сведберг (15-минут) пен командаға жуырда ғана қосылған канадалық қорғаушы Диллон Хетерингтон (53-минутта) көзге түсті.

Елорда командасы біріншіліктегі келесі кездесуін бүгін Нижнекамскінің «Неф­техимик» клубымен өткізеді. Бұдан кейінгі үш кездесуі Қазақстанда ойналады.