Руханият • 12 Қараша, 2020

Жарқын болашақ жобасы

1246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз жаңғыру туралы көп айтамыз. Елімізде, әсіресе қазақ қоғамында саяси, экономикалық, рухани жаң­ғыру тақырыбының жиі көтерілуі халқымыздың қоғамдық, мәдени ой-санасының жаңа са­па­лық деңгейге көтерілгенін көр­сетеді деп ойлаймын. Бұл өте құп­тарлық.

Жарқын болашақ жобасы

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Сонымен қатар «жаңғыру» ұғымының өзі өркендеу, қайта түлеу мағынасын бере­тінін, болашақтың бейнесі екенін біле тұра, сол «сананы жаңғыртудың» рецеп­­терін, әдістемесін тек өткеннен із­дегі­міз ке­ліп тұратыны тағы бар. Әрине, жаңа жаһандану дәуірінде, мультикуль­турализм жағдайында ұрпақ­­­­­­тың адаспауы үшін Ұлттық кодты қас­тер­леу, сақтау аса маңызды. Мұндай жағдайларда өткен тарихы­мыз, мәдени, моральдық құндылықта­рымыз, төл болмысымыз біздің иммуни­тетіміздің өзегі болып қала береді.

Дегенмен жаңғырудың кілтін өткен­нен іздей беру технологиялық тұрғыдан да, әдіс-тәсілдемелік тұрғыдан да әбестік бо­лар еді. Бұл анық! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың бағдарламалық мақаласы «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп ата­латы­нын да ұмытпаған жөн. Бұл бағдарлама біздің жарқын бола­ша­ғымыздың көкжиегін негіздеп отыр. Бұл – біздің «болашақтың картинасын» жасау жобасы!

Ұлттың «болашақ картинасын» жасау үшін қандай сұраққа жауап беру керек? Бұл мәселеде мемлекет басшылығы­ның, халық, қоғамның пікірі бір са­уал төңіре­гінде тоғысады. Яғни «ХХІ ғасыр­дың адамы, ХХІ ғасырдың қазағы қандай болуы керек?» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев өзінің халыққа Жолдауында: «Жаңар­ған ұлт қана жаңғырған елдің жетіс­тігін жаһан жұртқа таныстыра алады», деп атап өткен. Ал сол болашаққа бағдары бар, рухани жаңғырған ұлттың келбеті қандай болуы тиіс?

Қазақстан дүниежүзілік технология­лық дамудың босағасында тұр. Алайда көп жағдайда біз ескірген тәсілдермен, көне стереотиптермен жұмыс істеуге бе­йіл екеніміз жасырын емес. Мысалы, біздің білім жүйеміз жас ұрпақ­ты твор­честволық тұрғыдан дамы­туға, қиял­дау­ға, армандауға мүмкіндік бер­мейді. Мұхтар Әуезовтің сөзі бар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Ал біздің даму бағдарламаларымыз­дың көбі мемлекеттің әртүрлі аспектілерін дамытуға арналады да, сол бағдарламаны іс жүзіне асыруға қабілетті адамды тәр­бие­леуге, адам капиталын дамытуға көңіл аудармайды.

Жаңғыру үшін сапалы адамды, жаңа дәуір­дің тұлғасын қалыптастырып, тәр­бие­леу, адам капиталын дамыту ең басты бағыт болуы тиіс! Яғни қазіргі жағдайда, заманауи­ тех­нологияны меңгерген, бүгінгі еңбек қа­тынастарына бейімделген, «бо­лашақ­тың тарихын» жасауға қабілетті жас ұр­пақ­ты тәрбиелеуді қолға алу өте маңыз­ды. Біз ендігі кезекте ұлттық футу­ро­ло­гия, ген­дік инженерия, жасанды интеллект, цифрлы технологияны, керек де­сеңіз ғылыми фантастиканы терең мең­герген жас буынды тәрбиелеп шығаруы­мыз керек. Бұл бағыттарды дамытпай, болашақ­тың кілтін табу өте ауыр болары ақиқат.

Қазақстанның ғана емес, күллі әлем­нің күн тәртібінде тұрған жоға­рыдағы «ХХІ ға­сырдың адамы қандай болуы керек?» де­ген сұраққа сонда ғана жауап таба ала­мыз.

Ал бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Ұлт­­тық модернизацияның бастауында тұ­ра­тын және оны іс жүзіне асыратын нақ­ты, пассионар тұлғалар болады.

Жиырмасыншы ғасырдың ортасында қазақ халқының руханиятын, ғылымы мен тарихын аса жоғары деңгейге көтер­ген үш тұлға болды: Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан. Үшеуі де – Алашорда ізбасарлары.

Еліміз экономикасының тірегі ірі кеніш­тердің басым көпшілігін Қаныш Сәтбаев ашып кеткен, қазір сол жерлерде қаншама жүздеген мың адам еңбек етіп, өзінің нәпақасын тауып жүр, бюджетке қаншама триллиондаған салық құйылып жатыр.

Мұхтар Әуезов бізге, әлемге Абайды ашты.

Әлкей Марғұлан қазақ мемлекеттігінің санғасырлық тарихын, қазақ ұлтының ерекше өркениет пен мәдениетке мұрагер халық екенін Кеңес кезінде-ақ дәлелдеп берген тұлға.

Бұл кісілердің дүниеден өткеніне елу жылдан асты. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Ендеше, «Бүгінгі күннің Қанышы, Мұх­тары, Әлкейі кім?» деген сұраққа жауап бере аламыз ба? Жаңғырудың ғұмыры келер ұрпақ өткендерден асып түсіп отыр­ған жағдайда ғана баянды болады.

Қаныш Сәтбаевтың еңбегін басқа са­па­лық деңгейде дамыта алдық па? Сәт­баев металл заманында экономиканы дамы­тудың негізін жасады. Бүгін металдың эко­номикадағы мағынасы жойылды, бү­гінде металды композиттер айырбастап жа­тыр. Ертең ірі металлургия зауыттары ана­хронизмге айналады. Сонда не істейміз?

Мұхтар Әуезовтің Абайын, Абайдың «толық адам» ілімін моральдық, гумани­тарлық, философиялық тұрғыда зерделей алдық па? Абай мұрасының құндылығы Конфу­ций, Георг Гегель, Людвиг Фейер­бах дең­гейінде.

Ал біз Абайды сол ғұламалардың дең­гейінде әлемдік руханият айналымына ен­гізе алдық па?

Рухани жаңғырудың дайын әдістемесі деуге болатын Әлкей Марғұланның та­рихи,­ мәдени, этнографиялық еңбек­те­рін жет­кі­лікті насихаттай алып жатыр­мыз ба?

Міне, меніңше, «Рухани жаңғырудың» бастаулары мен қайнар көзі осы сауалдарда жатыр. Осы сауалдарға лайықты жауап берген кезде ғана қазақтың рухани экс­пансиясы басталары сөзсіз.

Мұхтарды, Қанышты, Әлкейді Алаш ардақтылары тәрбиелеп, баулып кеткен. Осы үшеуі қазақтың санасын басқа сапалы деңгейге көтеруге халықты басқа фор­мацияға көшіруге еңбек етті.

Тағы да білім мен тәрбиеге келіп ті­ре­­­леміз. Бүгінгі заманда ұлтқа осындай интел­лек­туалдық-технологиялық сапалы сер­піліс, алға ұмтылыс беретін тұлғаларды тәр­биелеп, баулып өсіру өте маңызды. Біздің жеткіншек ұрпаққа бүгінгі заман­ның технологиялық бет-бейнесіне сәй­кес білім бере отырып, қа­зіргі заманға сәй­кес ұлттық, мем­ле­кеттік бағдарлама жасау өте ма­ңызды.

Нақтылап айтқанда:

– Біріншіден, Назарбаев зияткерлік мектептері аясында жас жеткіншектердің техно­логиялық, интеллектуалдық қабі­­лет­­терін дамытуға мүмкіндік бере­тін «Си­ликон жазығы» тектес технология­лық, зерт­ханалық платформалар ашу мүм­кін­дігін қарастыруға болады.

– Екіншіден, орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және жоғары оқу орындары жанынан ең­бек алаңдарын (шеберхана, жылыжай, агроферма және т.б.) ашу мәселесін пысық­тап, нақты ұсыныстар енгізуге болар еді.

– Үшіншіден, дүниежүзілік техноло­гия­лық орталықтармен бірлесе отырып,­ жа­ңа заманға сай мамандықтарды да­яр­лай­тын факультеттер ашудың уа­қы­ты кел­ді.

Осындай жағдайда ғана болашақтың Қаныштары, Мұхтарлары, Әлкейлері өсіп шығады. Жаңа технологиялық фор­мациядағы біздің ұлттық жаңғыруы­мыз­дың көшбас­шы­лары солар болады. Сонда «Рухани жаңғыру» рухани өр­леу мен әлеуметтік кемелденуге алып ке­­лері анық.

 

Ерлан САИРОВ,

саясаттанушы