Облыстың климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып қолға алынған жұмыс нәтижесінде биыл 128 ауыл округінен 5,2 мың гектар алқапта 1999 шаруа қожалығы бірінші, екінші және үшінші өнімнен 220 мың тоннаға жуық өнім жинады.
Елімізде 214 мың шаруа қожалық болса, оның ішінде 71 мың агроқұрылым, яғни 33%-ы Түркістан өңірінде. Олардың 65%-ы ұсақ шаруа қожалықтар. Алқалы жиынға қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев:
– Бұл нағыз Түркістан облысына арналған жоба екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс. Тиімді де үнемді жаңа технологияларды қолдану арқылы, өнімді арттыру керек. Тамшылатып суару технологиясының тиімділігін түсініп, Түркістан төңірегі, Арыс өңірі, басқа да аудандар қолданып жатыр. Жалпы жаңа технологияны 11 мың гектар жерге ұлғайту көзделген, – деді.
Ал ғалым, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Бердияр Қалымбетов саланы дамытудың үш бағытын ұсынды. Әртараптандыру арқылы жоспарлауды үйреніп, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперативке бірігудің пайдасы жайлы баяндады.
– Облыста шаруашылықтардың көбісі шағын. Оларды ірілендіру керек. Жеке-жеке шаруашылықтар технологияны сатып ала алмайды. Кооперативтерге бірігудің негізгі стимулы машина технологиясы стансасын құру. Ол – 5-6 трактордан, технология, сервистік қызметтерден тұрады, – деді Б.Қалымбетов.
Келес ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығында диқандар озық технологияны қолдана отырып тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету жұмысын жолға қойған. Аумағы 11 гектар жылыжай аумағында тамшылатып суару әдісімен қызанақ, қияр егіп, егінді нәрлендіреді. Өнім Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және солтүстік облыстарға жөнелтілуде.
Көкөністен бөлек, өңірде мал шаруашылығы дамып келеді. Төрт түліктің көбеюіне, өнімді өңдеп өткізудің тың жолдарын табуға өңір жастары ден қоя бастаған. Пандемия кезінде, әсіресе, мал саудасының онлайн түрі дамып, тұрғындар жаңа платформаны игеруде. Мысалы, Бәйдібек ауданының шаруалары үйден шықпай-ақ, малын өткізіп, нәпақа тауып отыр. Жас кәсіпкерлермен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ата кәсіпті нәсіпке айналдырған азаматтардың батыл бастамаларын қолдады.
– Креативті ойлап, заман ағымына қарай батыл қадам баса білген өте дұрыс. Кез келген кәсіптің қыр-сырын меңгерген адам қатарынан озады. Мал шаруашылығын дамытып жүрген өздеріңіздей жастардың барын естіп, арнайы келдім. Білген кісіге мал асырау әрі жұмыс, әрі пайда көзі. Карантин кезінде кәсіптің көзін тауып, электронды коммерцияға көшкен бетбұрыстарыңыз үлгі болар іс, – әкім ауыл жастарымен кездесу барысында.
Жаңа буын өкілдері Ақбастау елді мекеніндегі «Ernur корпорациясы» жеке серіктестігінің кешенді шаруашылығында бас қосты. Олардың барлығы егін және мал шаруашылығын мықтап қолға алған. Өз техникасы мен 4 мың гектарға дейін шаруа қожалықтарына иелік етеді. Осы шаруамен түбегейлі айналысатындардың бірі – ауыл тұрғыны Алмаз Алтайұлы асыл тұқымды ірі мал санын арттыруды қолға алған. Карантинді кедергі көрмеген азамат онлайн тапсырыс беру арқылы таулы Алтайдан калмақтың асыл тұқымды 121 сиырын сатып алған. Әлеуметтік желінің көмегімен шетелден төрт түлікті тапсырыспен алдырған азамат осылайша артық шығыннан арылғанын айтады. Коронавирус індетіне байланысты мал базаларының жабылғаны да бөгет болмаған бәйдібектіктер ел арасында жиі пайдаланатын мессенджерлерде сауда жүретін топтар ашқан. Енді жастар төрт түлікті саудалауға арналған сайт ашпақ. Әзірге мал сатып алу-сату үшін 7000-ға жуық тұрғын «WhatsApp» пен «Telegram» мессенджерлері арқылы «Берекелі Бәйдібек» «Бәйдібек Мал Базары» топтарына тіркеліп, пайдалану тиімділігін түсінген.
– Карантин кезінде ауылдағы жас кәсіпкерлер ортақ топ ашып, сауданы жалғастырдық. Өте ыңғайлы. Әр демалыс сайын халық малын жетектеп, мал базарына ағылады. Онда орын үшін қаржы шығындайды. Күні бойы тұрады, малы өтсе өтті, өтпесе қайта жетектеп үйіне қайтады. Сондықтан бәріне ортақ мәселені осылай шештік. Алда арнайы сайт ашып, Бәйдібек ауданының мал шаруашылығын әрі қарай дамытуға өз үлесімізді қосамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Абылай Қайратұлы.
Ал Арыс қаласындағы Сырдария елді мекенінде «Достар-М» ЖШС асыл тұқымды сиыр шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған. Кәсіпкер Мамытхан «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малды өсіру, көбейту мақсатында 1 млрд 332 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Серіктестік Бурятия Республикасынан етті бағыттағы 2050 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелуді жоспарлаған. Әуелі бірінші кезең бойынша қолда бар қаражатқа 448 сиыр сатып алса, алдағы уақытта кезең-кезеңімен мал басын тағы 1602-ге арттырмақ. Сөйтіп асыл тұқымды Зеңгі баба тұқымының санын 6000-ға жеткізуді көздеп отыр. М.Айдақараев айтқандай, қалмақ сиыры – ірі қараның етті тұқымы. Табиғаттың қатаң климатына әбден бейімделген. Еті дәмді болып келеді. Бұқасының салмағы 800–850 келі, сиыры 350–550 келі, жақсы күтімдегі 18 айлық бұқашықтары 450–500 келіге дейін жетеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақовтың мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 9 айында өңірде мал басы шамамен 5-7, ал ет өндіру 2,2 пайызға артқан.
Түркістан облысы